Теңіз кен орнында вахта қалашығында тек Атырау облысының тұрғындары жұмыс істей алады. Кеніште жұмыс істейтін, Қазақстанның басқа өңірлерінде тұратын вахта қызметкерлері уақытша Теңізге кіре алмайды. Елдегі жағдай карантин талаптарын қатаң ұстанып, індеттің өңірге таралып кетпеуіне күш салуды талап етуде. Бүгінгі таңда Теңіз кен орнында індет жұқтыру фактісі тіркелмеген. «Теңізшевройлдың» өндірістік қуаты штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде компания қызметкерлерді вахтаға кіргізу режиміне қосымша шектеу енгізді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте ТШО Үкіметпен және қоғаммен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев мәлімдеді. Оның айтуынша, Теңіз кен орнына Қазақстанның басқа өңірлерінде тұратын вахта қызметкерлері уақытша кіре алмайды. Яғни, тек атыраулық қызметкерлерге рұқсат берілген. Ал жергілікті вахта қызметкерлерінің өзі соңғы 14 күн бойы Атырау облысынан шықпаған болуы тиіс және ТШО көлігіне отырғызу кезінде дене қызуын өлшегеннен кейін ғана жұмысқа жіберіледі. ТШО компаниясының Үкіметпен және қоғаммен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиевтің айтуынша, қызметкерлердің 70 пайызға жуығы, негізінен, кеңсе қызметкерлері қашықтан жұмыс істеу тәртібіне немесе икемді жұмыс кестесіне көшкен. Оның ішінде жас ерекшелігі мен денсаулығына байланысты қатерлі топқа жататын жұмысшылар да бар. Олардың еңбекақысы толық сақталады. Брифингте ТШО компаниясының барлық нысанында жұмысшылардың дене қызуы өлшеніп, санитарлық-гигиеналық шаралар күшейтілгені айтылды. Теңіз кен орнында карантин үшін бүкіл медициналық жабдықтармен қамтылған 300 орын дайын тұр. – Жалақыға келсек, барлық вахта қызметкерлерімен, әсіресе өз қызметкерлерімізбен бұл туралы сөйлестік. Олардың вахтасы ұзартылады, ақысы да соған сай болады, – деп сендірді Р.Артығалиев. ТШО компаниясының мердігер ұйымдарының вахтасына келсек, онда еңбекақы ұжымдық және жеке келісімшартқа сай, Қазақстан Еңбек кодексі талаптары бойынша төленеді. Р.Артығалиев сонымен бірге, бұл компанияға бетпе-бет келген бірінші дағдарыс емес екенін атап өтті. Ондай жағдайлар үшін арнайы жоспар жасалған, сондықтан ТШО бүгінде жұмысшыларды қысқарту мәселесін қарастырып жатқан жоқ. Алайда мұнай бағасының төмендеуіне байланысты компания өз бюджетін оңтайландырады, дегенмен бұл жұмысшыларға әсер ете қоймайды. Оның айтуынша, мұнай тасымалдауда қиындық жоқ, өйткені ол құбыр арқылы жөнелтіледі.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы