Қарағанды облысында 193 мыңнан аса оқушы қашықтықтан оқуға көшті. Бюджеттен 2 409 компьютер мен планшет сатып алуға 377 миллион теңге бөлінді. Қарағанды облысында әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан 36 мыңнан астам оқушы бар. Оның ішінде 28 720 бала қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. 8 112 балаға интернет қолжетімді емес, оқу процесі басталғанға дейін бұл оқушылар толық қамтамасыз етілмек. Ауылдық елді мекендердегі 40 мектепте оқу дәстүрлі режимде жалғасады. Ауыл мектептерінде оқушылардың санына қарамастан, екі ауысымды оқытуға көшеді. Оларда кабинет жүйесі жойылып, санитарлық режим күшейтіледі. Ал аймақтың бес қаласында 30 наурыздан бастап барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдардың қызметі тоқтатылды. Аймақта қашықтан оқуға дайындық үш бағытта: мұғалімдер мен мектеп оқушыларын компьютерлермен және интернет желісімен қамтамасыз ету, аймақтық мектептерді автоматтандырылған платформаларға қосу, мұғалімдерді қашықтан жұмыс істеуге үйрету бойынша жүргізілуде. Барлық бала мен мұғалімді компьютерлік техникамен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін жергілікті бюджеттен компьютерлер мен планшеттер сатып алуға қаражат бөлінді. Ұялы телефон операторлары және интернет қызметін көрсетушілермен екі ай мерзімге тегін қызмет көрсету жұмыстары қолға алынады. 2 536 оқушы мен 134 мұғалімге мектеп компьютерлері уақытша тегін пайдалануға берілді. Ақтоғай ауданы – 100 компьютерге 30 млн теңге, Нұра ауданы – 100 компьютерге 19 млн теңге, Жаңаарқа ауданы – 55 компьютерге 8,4 млн теңге, Қарқаралы ауданы – 100 компьютерге 19 млн теңге, Балқаш – 150 компьютерге 23,9 млн теңге, Жезқазған – 554 компьютерге 194,5 млн теңге, Сәтпаев – 175 компьютерге 35 млн теңге, облыстық орта мектептер – 126 компьютерге 9 млн теңге, Қарағанды қаласында 1049 планшетке 449 мың теңге бөлінді, – деді Қарағанды облысы Білім басқармасының басшысы Е.Иманғалиев. Мектептерде қашықтықтан оқыту автоматтандырылған иондық білім беру және sdot.bilimal.kz, daryn.online, sabak.kz, google.classroom.com сынақ алаңдары арқылы жүзеге асырылады. Skype, zoom. мүмкіндіктерін пайдалану жоспарлануда. Интернетке қосылу мәселесін шешу үшін мобильді провайдерлермен қашықтан оқыту кезінде мобильді интернет қызметін тегін ұсыну жұмыстары басталды. Облыстың барлық колледжінде 37 530 студент қашықтықтан оқып жатыр. Облыста 80 мыңнан астам шағын және орта бизнес кәсіпорындары бар. Карантин кезінде жұмыс орындары мен жалақы сақталады. Әзірге «АрселорМиттал Теміртаумен» меморандумға қол қойылған жоқ. Қайырымдылық қорындағы қаржыға 20 мың дана респиратор сатып алынды. Жергілікті бюджет есебінен 100 мың экспресс-тест алынды. Олар 7 сәуірде қолға тиеді. Барлық аймақтың емханаларына үлестірілетін болады. Тұрғындар тегін экспресс-тесттен өтетін болады, – деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев. Қарағанды облысында 2 сәуірден бастап теміржол және автовокзалдардың, әуежайдың қызметі уақытша тоқтатылады. Сонымен қатар қоғамдық көліктердің қозғалысы да шектеледі. Қазір 56 сұйықтық пен бүрку құралдары сатып алынды. Қоғамдық орындарға дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ресейден 10 күннің ішінде тағы да 170 осындай құрылғы алынбақ, – деді облыстың бас санитарлық дәрігері Қанат Асқаров. Облыста коронавирус инфекциясымен ауырғандар саны 13 адамға жетті. Оның ішінде 10 адам 18 наурызда Минск – Нұр-Сұлтан рейсімен Қарағандыға ұшып келген студенттер.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА Қарағанды облысы