Тойхана иелеріне ескерту жасалды
Тойхана иелеріне ескерту жасалды
121
оқылды
Жамбыл облысы бойынша коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу маңызды. Осыған орай Nur Otan партиясы Жамбыл ауданында атқарылып жатқан шараларды тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Мақсат – жаһанды жайлаған індетке қарсы ауданның алдын алу шараларын көзбен көріп, зерделеу. Коронавирустан сақтану шараларының дайындық дең­гейін пысықтау. Рейд барысында ау­дандағы 182 азық-түлік дүкені тексерілді. Сондай-ақ оларда 71,9 тонна азық-түлік қоры бар екені анықталды. Бұл қор жеткілікті деп отыр тексеруші жұмыс тобы. Сауда нысандарының иелері санитарлық-дезинфекциялық іс-шараларын күнделікті жүр­­гізіп отырғанын айтты. Антисеп­ти­калық сұйықтықтар сауда орын­дарының барлығында бар. Шара барысында дүкендерде 5 адам­нан артық кезекте тұру дерегін болдырмау тапсырылды. Қазір аудандағы «Ас-Ер» мал базары мен «Садырбаев» көлік базары жұмысын уақытша тоқ­татты. Дүкен мен сауда орындарынан бөлек, аудандағы тойханалар да толығымен тексерілді. Төтенше жағдай кезінде жұмыс істеп тұр­ған 7 тойхананың иесіне ескерту жасалды. Сондай-ақ 28 ша­ғын тамақтану орындарында дезинфекциялық шараларды күшейту, сағат түнгі онға дейінгі уақытта жұмыс істеу туралы тап­сырма берілді. Ауданда көрермен қатысуымен өтетін спорттық іс-шаралар, жаттығу залдары, үйірмелердің жұмысы тоқтатылған. Ал уа­қытша өткізу бекеттерінде сани­тарлық талаптар нормаға сай сақталған. Мәселен, Гродеково ауылындағы №2093 әскери бөлімі «Айша бибі» шекаралық бақылау бекетіндегі мамандар бір реттік бетперделермен, қолғаптармен қамтамасыз етілген. Қорыта айтқанда, аудандағы санитарлық және өзге де талап­тарды орындау жіті бақылауға алынған. Аудан әкімдігі тара­пы­нан ауқымды шаралар атқарылып жатыр.  

Әбілмансұр ЖАСАН