Жамбыл облысы бойынша коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу маңызды. Осыған орай Nur Otan партиясы Жамбыл ауданында атқарылып жатқан шараларды тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Мақсат – жаһанды жайлаған індетке қарсы ауданның алдын алу шараларын көзбен көріп, зерделеу. Коронавирустан сақтану шараларының дайындық деңгейін пысықтау. Рейд барысында аудандағы 182 азық-түлік дүкені тексерілді. Сондай-ақ оларда 71,9 тонна азық-түлік қоры бар екені анықталды. Бұл қор жеткілікті деп отыр тексеруші жұмыс тобы. Сауда нысандарының иелері санитарлық-дезинфекциялық іс-шараларын күнделікті жүргізіп отырғанын айтты. Антисептикалық сұйықтықтар сауда орындарының барлығында бар. Шара барысында дүкендерде 5 адамнан артық кезекте тұру дерегін болдырмау тапсырылды. Қазір аудандағы «Ас-Ер» мал базары мен «Садырбаев» көлік базары жұмысын уақытша тоқтатты. Дүкен мен сауда орындарынан бөлек, аудандағы тойханалар да толығымен тексерілді. Төтенше жағдай кезінде жұмыс істеп тұрған 7 тойхананың иесіне ескерту жасалды. Сондай-ақ 28 шағын тамақтану орындарында дезинфекциялық шараларды күшейту, сағат түнгі онға дейінгі уақытта жұмыс істеу туралы тапсырма берілді. Ауданда көрермен қатысуымен өтетін спорттық іс-шаралар, жаттығу залдары, үйірмелердің жұмысы тоқтатылған. Ал уақытша өткізу бекеттерінде санитарлық талаптар нормаға сай сақталған. Мәселен, Гродеково ауылындағы №2093 әскери бөлімі «Айша бибі» шекаралық бақылау бекетіндегі мамандар бір реттік бетперделермен, қолғаптармен қамтамасыз етілген. Қорыта айтқанда, аудандағы санитарлық және өзге де талаптарды орындау жіті бақылауға алынған. Аудан әкімдігі тарапынан ауқымды шаралар атқарылып жатыр.
Әбілмансұр ЖАСАН