Қостанай қалалық Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда ІІІ халықаралық дирижерлер форумы басталды. Абайдың 175 жылдығы мен орыс халық аспаптар оркестрінің 35 жылдығына арналған халықаралық форумы үш күнге жалғасады. Форумды облыстық филармонияның камералық оркестрі ашты.Сонымен қатар Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, бас баритон Павел Черных «Көзімнің қарасы» әнін құйқылжытты. Форумда Абзал Мұхитдинов, Берік Батырхан, Асхат Манақбаев, Тарас Мызин сынды мәдениет саласына еңбегі сіңген дирижерлер өнер көрсетті. Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы басшысы Ерлан Қалмақов дирижерлер форумының басталуымен құттықтап, Абзал Мұхитдиновке алғысхат пен естелік сыйлық табыстады. «Үшінші жыл қатарынан осынау бірегей жобаны өткізіп отырмыз. Қостанайлықтар әлемге танымал жеті дирижердің өнерін тамашалауға мүмкіндік алды. Бұл кісілердің біздің өңірге келуінің өзі бір жаңалық. Филармониямыздың қазақ және орыс ұлт аспаптар оркестрі, камералық оркестр репертуарын толықтырды. Тыңдарман сынынан өткен осындай музыка майталмандарымен тәжірибе алмасып, кәсіби деңгейде өсіп, шыңдала түседі», – деп атап өтті Ерлан Қалмақов. Қ.ЖҰМАН