Коронавирустан қайтыс болғандармен қоштасуға 1 сағат уақыт беріледі - Есмағамбетова
Коронавирустан қайтыс болғандармен қоштасуға 1 сағат уақыт беріледі - Есмағамбетова
151
оқылды
Қазақстанда коронавирус инфекциясынан қайтыс болған адамды жерлеу алгоритмі жасалды. Соған сәйкес марқұммен қоштасуға жақын туыстарына ғана рұқсат етіледі. Оның өзінде марқұм мен туысының арасы 3 метрден жақын болмауы керек. Қоштасуға 1 сағат уақыт беріледі. Бұл туралы еліміздің бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлімдеді. «Алгоритмге сәйкес, мәйітті туыстарына беруге болмайды. Жақын туыстарына ғана 3 метр қашықта қоштасуға 1 сағат уақыт беріледі. Жерлеу рәсіміне бір ғана дін қызметкері қатысады», – деді бас санитар. Оның айтуынша, жерлеу рәсімі санитарлық-эпидемиялық қызмет мамандарының бақылауымен және жергілікті атқарушы органның қатысуымен өтеді. Жерлеу кезінде эпидемияға қарсы барлық шара қатаң сақталады. Еске сала кетейік, қазір Қазақстанда 369 адам коронавирус жұқтырған, 26 адам сауықты, 3 адам қайтыс болды.