«Астана Опера» Мәскеудің Үлкен театрында «Абай» операсы мен «Париж Құдай анасы соборы» балетін ұсынады. «Астана Опера» театры Ресейдің Үлкен театрына гастрольдік сапармен барады. Мұндай шешім Қазақстан мен Ресей елшілігі және екі астананың басты театрларының келісімінің арқасында қабылданып отыр. Екі театр жетекшілері – Ғалым Ахмедияров пен Владимир Урин тиісті құжатқа қол қойған. 5-11 қыркүйек аралығында ресейліктерге Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің музыкасы мен Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазылған «Абай» операсы ұсынылады. Сондай-ақ Морис Жаррдың музыкасына негізделген «Париж Құдай анасы соборы» балеті қойылады. Гастрольдік сапар Қазақстан және Ресей елшіліктері мен Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді. Айта кету керек, 2019 жылы «Астана Опера» Мәскеудің Үлкен театры екі жақты ынтымақтастыққа қол қойған болатын.
– Біз ресейлік атақты театрлармен ынтымақтастықта жұмыс істейміз. Үлкен театр тарихы тереңге тартқан ұжым. Бұл өнер орыны өздерінің танымал шығармаларын тек Қазақстан ғана емес, әлемнің әр бұрышында орындап жүр. Біздің «Абай» атты қойылымымыз «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын үлкен жоба. Сондықтан бұл ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған тамаша тарту болады деп есептейміз, – дейді «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедияров.Әділ БЕК