Бұл жайында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев хабарлады.
«Дезинфекция жұмыстары Қорғаныс министрлігі радиохимиялық және бактериологиялық әскерінің және қала әкімдігі мен дезинфекция жұмыстарының күшімен күнделікті жүргізілуде. Оған 50-ден аса техника, 20 әскери техника,200 роторлы сорғы жұмылдырылған. 470 адам күнделікті дезинфекция жасайды. Қорғаныс министрлігінен 231 адам, дезинфекция жасайтын ұйымдардан 239 адам қатысуда», - деді қала әкімінің орынбасары.Оның айтуынша, мамандар күнделікті 10 бағыт бойынша дезинфекция жұмыстарын жүргізеді. Сауда орындары мен шағын сауда супермаркеттерінде, мешіттер мен үй кіреберістерінде күнделікті «БКС-5», «Дезостерил-Форте» секілді ерітінділермен дезинфекция жасалады.
«Пайдаланылған дезинфекция құралдарының микробқа, вирустарға қарсы әсер ететін күші бар. Жануарлар мен адамдар үшін қауіпсіз. Бұл жұмыстар үшін жеткілікті дәрежеде дезинфекция құралдары сатып алынды. 165 тонна дезинфекциялық ерітінді, қосымша 270 литр ерітінді алынды», - деді Алтынбек Қайсағалиев.Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 1529 үй, оның ішінде 6375 кіреберіс, 1500 балалар мен спорт алаңдарында дезинфекция жасалған. Сондай-ақ елорда ішіндегі жекеменшік үйлердің аумағы да арнайы дезинфекциялық машиналармен тазаланған.