Режиссер Виктор Туриннің 1929 жылы «Востоккино» тресінің негізінде түсірген (қазіргі «Қазақфильм» киностудиясы) «Түрксіб» деректі киносы Гарвард университеті жасаған тарихтағы маңызды фильмдер тізіміне енді. Бұл тізімге кеңестік және ресейлік 20 фильм енген. Олардың қатарында Сергей Эйзенштейннің Біріккен Орталық киностудиясында (ЦОКС) түсірген «Иван Грозный» фильмі бар. Аталған фильмдер кинематография ғылымының кандидаты дәрежесін алуға үміткерлердің міндетті түрде қарауы үшін ұсынылады. 1928 жылы Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасы Халық комиссарлар кеңесінің жанынан Бүкілресейлік «Востоккино» тресті құрылды, оның мақсаты – елдегі халықтың өмірі туралы фильмдер шығару, сондай-ақ ұлттық кино кадрларын даярлау. 1929 жылы Алматыда Қазақстанның әлеуметтік-тұрмыстық және мәдени өмірі туралы бірнеше хроникалық фильм шығарған дәл осындай өндірістік трест жұмыс істей бастады. Олардың ішінде Түркістан-Сібір теміржолының құрылысы туралы баяндайтын «Түрксіб» толықметражды деректі картинасы болды. Фильмнің бірнеше нұсқасы бар, олардың біреуін 1930 жылы британдық деректі кинорежиссер Джон Грейсон жасаған. – Кино – таңғажайып әлем. Парижде ағайынды Люмьердің алғашқы көрсетілімінен азды-көпті 125 жыл өткенімен, бүгінгі таңда өнердің бұл түрі техникалық тұрғыда қандай жетістіктерге жетті десеңізші! Әрбір жаңа фильм ғажайып ретінде қабылданды және әлемдік киноның қалыптасуы мен дамуында үлкен маңызға ие болды. Мәселен, қазіргі Қазақстан аумағында түсірілген алғашқы «Түрксіб» киносы ХХ ғасырдың басындағы деректі фильмдердің классигіне айналды», – дейді «Қазақфильм» киностудиясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов. Бірнеше жыл бұрын қазақстандық продюсер Наргиз Шүкенова картинаға екінші өмір сыйлайтын идея ұсынған болатын. Қазақстандық музыканттар «Түрксіб» үшін арнайы саундтрек жасады. Еліміздің белгілі композиторы Қуат Шілдебаев отандық «Қазақстан Камератасы» оркестрінің орындауында музыка жазды. Сондай-ақ картинаны біртіндеп қалпына келтіруге британдық кино институты үлкен үлес қосты. Ж.НҰРЛАНҰЛЫ