Аудан әкімдері аз ұйықтауы керек – Бердібек Сапарбаев
Аудан әкімдері аз ұйықтауы керек – Бердібек Сапарбаев
198
оқылды
Жамбыл облыстық жедел штаб отырысында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев коронавирусқа байланысты енгізіліп жатқан шектеу шаралары азаматтардың табыстары мен экономикаға кері әсер етіп жатқанын атап өтті. Десе де, бұл бағытта мемлекет тарапынан қолдау мен көмек көрсетілуде. Сондықтан да жергілікті атқарушы органдар, мұқтаж адамдарға қаржы беру үшін қажетті құжаттарды шұғыл рәсімдеуге көмектесуі  керек. – Біздің басты міндетіміз – күннен-күнге өршіп келе жатқан жұқпалы ауруды ауыздықтау, өзіміздің азаматтардың денсаулығын барынша қорғау. Біз мұндай жағдайда жұмыс орындарын сақтап, бағаның шарықтауына жол бермеуге тиіспіз. Бір сөзбен айтқанда, қарапайым адамдардың өмірінде қалыптасып отырған қиындықтарды барынша еңсеруіміз керек. Облыс тұрғындарынан бұл мәселеге барынша жауапкершілікпен қарап, қолға алынып жатқан шектеулер мен шараларға түсіністік танытуды сұраймын. Олар сіздердің және сіздердің жақындарыңызды қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінде осындай күрделі жағдайда қолға алынып жатқан барлық шаралар сіздер түсіністік танытқан және қолдаған жағдайда ғана тиісті нәтижесін береді. Егер мемлекет, қоғам, азаматтар бірлесіп әрекет жасайтын болса, бұл қиындықты да еңсереміз. Демек бүгінде Сіздерге көп нәрсе байланысты. Біз көмек және қолдауға мұқтаж жақындарымыз бен айналамыздағылар үшін жауапты екенімізді барынша түсіну керекпіз. Билік осындай қиын сәттерде өзінің шұғыл және дәл шешімдер қабылдай алатынын, азаматтарға нақты көмек қолын соза алатынын көрсетуі тиіс. Аудан әкімдеріне көп нәрсе байланысты, олар аз ұйықтап, бар күш-жігерлерімен жұмыс жасаулары қажет, – дей келе Бердібек Сапарбаев аудан әкімдері мен сала мамандарына жұмысты ширатуды қатаң тапсырды.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы.