Павлодарда үшем дүниеге келді. Оның екеуі – қыз, біреуі – ұл бала. Дәрігерлердің айтуынша, нәрестелердің денсаулығы жақсы. Қазір олар перзентхананың интенсивті терапия бөлімшесінде жатыр. Үшемнің анасы Светлана Арсланова осы қуанышты сәтті 10 жыл күткенін айтады. Сәбилеріне Богдан, Диана, Алина деген есім беріпті.
«Жолдасым - жеке кәсіпкер, ата-әжелеріміз бар. Сондықтан үш баланың күтіміне алаңдамаймыз. Перинаталдық орталықтың дәрігерлеріне алғысым шексіз. Балаларымның да, өзімнің де денсаулығым жақсы. Ешқандай асқынулар болған жоқ. Үйімізге шығатын күнді асыға күтіп отырмыз», – дейді үшемнің анасы Светлана Арсланова.Атап өтерлігі, сәбилер – биыл өңірде дүниеге келген алғашқы үшем. «Операция сәтті аяқталды. Балалар мерзімінен бұрын туған соң, жағдайлары орташа ауыр деңгейде деп айтамыз. Неонатолог дәрігерлер қарап жатыр. Салмақтары әртүрлі. Қыздардың біреуінің салмағы – 1 келі 500, екіншісі – 1 келі 800. Ұл бала ірілеу, 2 келі. Бәрі жақсы болып кетеді деп үміттенеміз», – деді Перинаталды орталық бас дәрігерінің орынбасары Жаңылай Қапанова.