Аймақтар өздеріне бөлінетін қаражатты игеруге дайын болуы тиіс – Қаржы министрі

Аймақтар өздеріне бөлінетін қаражатты игеруге дайын болуы тиіс – Қаржы министрі
Фото: Интернеттен алынды

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов «Еңбекпен қамту» жол картасы мен Тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында бөлінетін қаражатты қабылдауға әрі игеруге дайын болуы тиіс екенін айтты.

«Бюджет кірістері бойынша шығындарды өтеуге және жоғарыда аталған шараларды іске асыру үшін республикалық бюджет шығыстары 532 млрд теңгеге оңтайландырылды. Бюджет тапшылығы 841 млрд теңгеге ұлғайтылды. Нәтижесінде республикалық бюджет параметрлері былайша қалыптасты: түсімдер – 11,8 трлн теңге; шығыстар – 14,3 трлн теңге; тапшылық – 2,4 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 3,5 пайыз», – деді ол.

Оның атап өтуінше, республикалық бюджетті нақтылау бойынша тиісті Жарлықтың жобасы Мемлекет басшысының қарауына жіберілетін болады.

«Осы шешім қабылданған күнінен бастап барлық бюджет әкімшілері қосымша бөлінген қаражатты уақытылы және тиімді игеру үшін тиісті мемлекеттік сатып алу және басқа рәсімдерді дер кезінде іске асыруы қажет. Соның ішінде бүгін-ертең барлық өңірлерде мәслихаттардың отырыстарын өткізу керек және «Еңбекпен қамту» жол картасы мен Тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында бөлінетін қаражатты қабылдауға әрі игеруге дайын болуы тиіс», – деді Әлихан Смайылов.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.