Алматы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов онлайн брифингте коронавирустан қалай қорғанып жүргенін айтты. Шенеунік брифингке маскасыз шықты. «Біз мемлекеттік қызметшіміз. 24 сағат бойы жұмыс істейміз. Мен неге маскасыз шыққанымды айтайын. Қазір емеуріннен оқитын адамдар бар. Біздің сурдоаудармашы қазір карантинде жатыр. Бұл қауіпті екені рас», - деді ол. Ол вирустан сарымсақпен, С дәрумені, лимонмен қорғануға кеңес берді. «Мен барлықтарыңызға ұсыныс жасағым келіп отыр. Өзіміздің қазақстандық сарымсақты жеген дұрыс. Өйткені, басқа елден келген көкөністің дәмі жоқ. Сондықтан да вирусқа қарсы күші жоқ. Иммунитетті нығайту үшін бастысы дұрыс ұйықтау керек. Қазір ол үшін біздің азаматтарда барлық мүмкіндік бар», - деді ол.