Birgemiz қоғамдық қоры 150 мыңнан астам мұқтаж адамға 50 мың теңгеден көмек көрсетеді.
Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы індетке қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерін қолдауға 100 миллион теңгеден астам қаражат бөлінеді. Бір реттік 50 мың теңге көлеміндегі төлемді 2 мыңға жуық медицина қызметкері алады. Бұл туралы қоғамдық қордың қамқоршылық кеңесінің отырысында белгілі болды.
Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары, кеңес төрағасы Бауыржан Байбектің айтуынша, қордың қаражатын негізінен 100 мың мұқтаж азаматқа бөлу жоспарланған болатын. Алайда, өңірлерден түскен өтініштер саны өскен, партияның онлайн ресурстарына жүгінгендер саны еселеп артқан.
"Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қордың қаражаты қарапайым қазақстандықтарды қолдауға жұмсалады. Бұл көрсетілетін көмектің дербестігін қамтамасыз етеді. Сонымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен басталған Biz Birgemiz акциясы аясында қор әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған адамдарға 50 мың теңгеден береді. Бірінші кезеңде 150 мыңнан астам мұқтаж адамға 7,6 миллиард теңге қаржылай көмек беріледі", - деді Бауыржан Байбек.Қор төрағасы Руслан Сакеевтың мәліметінше, материалдық көмек екінші деңгейдегі банктер арқылы жеке тұлғалардың карточкаларына немесе ағымдағы есепшоттарына қолма-қол емес ақшалай түрде аудару жолымен көрсетіледі. Қазіргі уақытта материалдық көмекті аудару кезінде одан комиссия алмау мәселесі қарастырылуда. Сонымен бірге бұл қаражаттың кредиттері бойынша қарызы бар азаматтардың берешегін өтеу үшін ұсталып қалмауы да пысықталуда.
«Ешқайда барудың, ешқандай өтініш жазудың қажеті жоқ. Таяу күндерде аталған қаражат өңірлік қорларға аударылып, әрі қарай ол адамдардың есепшоттарына түсетін болады. Бұл үшін біз алдын ала бүкіл өңірлермен тиісті меморандумдарға қол қойғанбыз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынымдарының негізінде көмек қаражатты алушылардың 7 санаты бекітілген. Әкімдер аталған санаттар бойынша көмек алушылар тізімін ұсынды. Олардың қатарында тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар, мұқтаж мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, ең төменгі зейнетақы алып жүрген және халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жататын зейнеткерлер, жетім балалар (тұлдыр жетім балалар мен асыраушысының бірінен айрылған балалар), Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен соларға теңестірілгендер, тыл еңбеккерлері бар. Бұл ретте аталған әрбір санатта мұқтаж жандар да, сонымен бірге көмекті қажет етпейтіндер де бар екенін атап өткен жөн. Сондықтан біз тізімді тікелей жергілікті жағдайды жақсы білетін әкімдіктерден алдық. Аталған көмек облыс орталықтары мен коронавирус таралу қаупі жоғары ірі қалалардың тұрғындарына көрсетіледі. Осы жәйттер ескеріле отырып, 23 қала анықталды», - деді Руслан Сакеев.