Блок-бекетте полицей зардап шекті
Блок-бекетте полицей зардап шекті
201
оқылды
Алматыдағы блок-бе­кеттердің бірін соғып өт­кен Toyota Ipsum жүр­гізу­шісі қызметтік көлікте отырған полиция қызмет­керін жарақаттады. Бұл ту­ра­лы Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек хабарлады. Оқиға кеше 15.00-де болған. Алматы облысы Қарасай ауданы Көксай ауылының 1970 жылғы тұрғыны Toyota Ipsum көлігімен келе жатып, Жаңа ғасыр кө­ше­сінің солтүстік бағытындағы № 4 бақылау-өткізу бекетіндегі ме­талл турникетке соғылған. Әрі қарай қозғалысты жалғастырған жүргізуші тоқтап тұрған «Киа» маркалы полиция көлігімен соқтығысып, содан кейін шетте тұрған «Лада Приора» мен «То­йота Камри» көлігіне соғылған. «Салдарынан қызметтік кө­лікте отырған полицей Мереке Отарғазы зардап шекті. Ол жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Оның екі аяғы сынған», – дейді Салтанат Әзірбек. Оның айтуынша, көлікте мас жүргізуші отырған. Енді ол алко­гольге немесе есірткіге мас бол­ғандығын анықтау үшін медици­налық тексерістен өтеді. Абырой болғанда бекетте адам көп бол­ғанымен, оқыс оқиғадан поли­цейден басқа ешкім зардап шекпеген. Айта кетсек, карантинге жа­былған Алматы қаласының сыртында 27 блок-бекет жұмыс істейді. Блок-бекеттердегі заң бұзу оқиғалары бұған дейін де тіркел­ген. Мысалы, 1 сәуір күні түнгі 01.00 шамасында Ескелді ауда­нының тәртіп сақшылары тө­тенше жағдайға байланысты қойылған санитарлық бекеттен аудан орталығына қарай өтуге тырысқан Volkswagen Passat көлігін тоқтатқан. Әрекеті кү­мәнді көлік жүргізушісін меди­циналық тексеруден өткізгенде оның орта дәрежеде мас екені анықталған. Ер адам бірден ме­ди­циналық айықтырғышқа жет­кізілді. Әкімшілік құқықбұ­зушы­лық туралы кодекстің 608-бабына сәйкес 34 жастағы ер адамға әкімшілік хаттама толтырылып, іс материалдары сотқа жолданды. Алдағы уақытта оған заңға қайшы әрекеті үшін 15 тәулікке дейін әкімшілік қа­маққа алу және 7 жылға жүргізу құқығынан айыру түріндегі қа­таң жаза қолданылуы мүмкін.  

Тұмар МЫРЗА