Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен республика көлемінде #BizBirgemiz акциясы бастау алғаны белгілі. Бұл ретте Nur Otan партиясы халыққа қажетті бетперделер, санитайзер, сабын мен қолға арналған антисептиктері бар жиынтықтарды үлестіруді бастап кетті. Мұндай көмек әсіресе Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен жалғызбасты қарттарға, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетіліп жатыр. Аталған акция Жамбыл облысы Қордай ауданында да жалғасын тапты. #BizBirgemiz акциясы аясында Қордай ауданының құрметті азаматы, Nur Otan партиясының мүшесі, кәсіпкер Сәрсебек Салыбаев өз әулеті атынан құран бағыштап, барлығы 60 аз қамтылған, көпбалалы, мүкіндігі шектеулі отбасылар мен жалғызбасты аналарға азық-түлік себетін дайындап, таратты. – Елге қауіп төнген кезде осынау дерттен айығуға дем болатын ауқымды іске атсалысу – әрбір азаматтың парызы. #BizBirgemiz акциясы аясында сауапты іс-шараға қатысудағы басты мақсат – аудандағы ірі кәсіпкерлерді игі бастамаға мұрындық болуға, белсене атсалысуға шақыру, – деді Сәрсебек Сұлтанәліұлы. Күннен-күнге таралу ауқымы кеңейіп жатқан індеттің алдын алу шаралары өзге аймақтарда жүзеге асырылып жатыр.
Әбілмансұр ЖАСАН