Қауіптен амансың ба, дәрігер?
Қауіптен амансың ба, дәрігер?
170
оқылды
Коронавирус дерті әлемді алаңдатып, үрейлендіріп тұр. Бір сәтте, бір кезеңде әлемді жаулаған бұл дерттің алаңдататындай жөні бар. Адамзат баласы өмір үшін күресіп жатқандай. Ал адамзаттың өмірін аман сақтап қалу үшін жанталасып жүргендер ше? Нағыз жанкештілер солар емес пе? Осындай елең-алаң шақта жа­уапкершілік жүгі дәрігерлердің иы­ғына түсіп тұрғандай. Олар нағыз оқ пен оттың ортасында жүр­ген жауынгерлер іспеттес. Сап­тай тізіліп, күні-түні ұйқы көрмей, адам баласының денсаулығын күзеткен тыныштық күзетшісі се­кілді. Оларға қымбаты адамның амандығы. О баста осы кәсіпті таңдап алғанда да, әр азамат­тың саулығы үшін күресемін деп ант бергені де сондықтан болар.  

Дәрігерге қосылған үстемеақы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз мәлімдемесінде: «Коро­навирус – батпандап кіріп, мыс­қал­дап шығатын қауіпті дерт. Дегенмен біз індетке шалдыққан адамдарға барлық қажетті көмекті көрсетеміз. Бүгінде бүкіл еліміз дәрігерлер мен медицина қызмет­керлерінің қай­сарлығына тәнті болуда. Олар – адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгі күннің ба­тырлары. Сон­дықтан пандемияға қарсы күрестің алдыңғы легінде жүргендерге қосымша қолдау көр­сету жөнінде шешім қабылдадым. Дәрігерлерге және медицина қыз­меткерлеріне 3 ай бойы қосымша үстемеақы тө­ленеді. Медицина қыз­меткер­ле­рінің өмірін сақтан­дыру мәселесі де шешімін тапты. Әрине, ақ халатты абзал жандар бұдан да зор қолдауға лайық» деген еді. Президенттің тапсырмасымен нағыз қауіп өтінде жүрген дәрі­герлерге үстемеақы берілетін бол­ды. Премьер-Министр Асқар Ма­мин: «Президент Қасым-Жо­март Тоқаев коронавируспен кү­реске өз үлесін қосып жатқан ме­дициналық мамандарды қаржы­лық қолдау туралы жаңа тапсырма берді. Бұл ретте Денсаулық сақтау министр­лігіне әкімдіктермен бір­лесіп ай сайын эпидемияға жұмыл­дырылған 26 мың 228 медицина маманына үстемеақы төлеуді тап­сырамын. Біріншісі – қауіптілігі аса жоғары, реанимация бөлім­шелерін қоса алғанда, инфекция­лық стационар­лардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қыз­меткерлері. Үсте­­меақы 20 жалақы­ның төменгі мөл­шері. Жалақының ең төменгі мөл­шері – 850 мың теңге. Екіншісі – қауіптілігі жо­ғары, провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші меди­цина қызмет­керлері. Үстемеақы 10 жалақының төменгі мөлшері, яғни 425 мың теңге. Үшіншісі – қауіп­тілігі ор­таша, карантиндік стацио­нар­лардағы дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитар­лық дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілері және тағы басқалар. Үстемеақы 5 жалақының төменгі мөлшері, яғни 212 мың теңге бо­лады» деген еді. Әрине, қауіпті сәт­те өз басын қатерге тіккен дә­рігерлерге қандай құрмет көр­сетсек те жарасады.  

Үстемеақыға ілікпей қалғаны рас па?

Нұрадин Садықов алматылық дәрігерлердің үстемеақыға ілікпей қалғанын айтып, дабыл көтерді. Оның айтуынша, И.Жекенова атындағы Алматы қалалық жұқ­палы аурулар ауруханасы қызмет­керлерінің аурулармен тікелей жұмыс істеп, тест алатын лабора­ториясы мен вирустармен тікелей жұмыс істейтін бактериялық ла­бораториясы қызметкерлері мем­лекеттік комиссия бекіткен үсте­меақыдан қағылып отырған кө­рінеді. «Қаланы карантинге жап­қанға дейін аурулардың бәрін қала сыртындағы туберкулез диспан­серлері секілді оқшаулау орталық­тарында ұстаған кезден бастап, тынбастан өз аяқтарымен барып сынама алған бұл қызметкерлер әлі күнге дейін науқастармен және вируспен тікелей байланыста жұ­мыс істейді. «Вирус жұқтырды» деген күдікпен ауруханаға әке­лінетін әрбір адамның диагнозын анықтаумен тікелей айналысатын дәрігерлерге бермегенде, кімге берейін деп отыр ол үстемеақыны? Әлде, жұмыстарының қауіптілігін білдіру үшін де бір-екі қызметкер әлгі індетті жұқтыруы қажет пе? Жалпы, осы «ала қойды бөле қырқу» кімге керек?», – дейді.    width= Мәселенің мән-жайын біл­мекке қалалық Қоғамдық ден­саулық сақтау басқармасына қоңырау шалып едік. Телефон тұтқасын ешкім көтермеді. Үкімет үстемеақы беру мәселесін күні кеше ғана бекітті. Үстемеақы беру тәртібі енді ғана қолға алынатын болар. Сол себепті Үкімет И.Же­кенова атындағы Алматы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы қызметкерлерінің жанайқайына құлақ асып, мемлекеттік комиссия бекіткен үстемеақыдан құр қал­дырмас деген ойдамыз.  

Олар да қорғансыз

Әлемдік БАҚ дәрігерлердің де коронавирус дертін жұқтырғанын жиі жазып жатыр. Ресей сайттары Коммунарка поселкесіндегі ауру­хана бас дәрігері Денис Процен­коның коронавирус жұқтырғанын жазды. Бұл ауруханада аталған дертті жұқтырғандар емделіп жат­қан еді. Жақында ғана онда Ресей президенті В.Путиннің өзі бас сұққан. Бас дәрігердің жағдайы жаман емес. Ол Facebook парақ­шасында жағдайының жақсы екенін, жеке кабинетінде оқшау­ланып жұмыс істеп отырғанын жазады. Қазір ауруханадағы өзге дәрігерлер де коронавирусқа тек­серілген. Аурухана қалыпты ре­жимде жұмыс істеп жатыр. Британдық терапевт дәрігер Клэр Джерада да осы күйді бастан кешті. Ол өзінің коронавирус дертін жұқтырғанын білмеген. Әуелі құрғақ жөтел басталған. Ыстығы түспей, денесі қалшылдап, тамағы қатты ауырса керек. Сонда ғана ол өзінде коронавирус бар екенін түсінеді. Алғашқы екі күн бойы қара судан басқа ештеңе ішпегенін айтады. «Тіпті, алғашқы күндері тамақ ішуге де зауқым болған жоқ. Құр төсекте жата бердім. Телефонды ұстауға күшім жетпеді. Көп ұйықтадым. Өзімді қинап, лимон қосылған суды ішіп, сегіз сағат сайын парацетамол қабылдадым. Ауру жанымды қатты қинаса да, «өліп қаламын» деген ой келген жоқ», – дейді Клэр ханым. Апта соңында дәрігердің ден­саулығы жақсара бастайды. Ыс­ты­ғы түсіп, жөтел де жоғалады. «Ко­ронавирус – өлім жазасы деген сөз емес», – дейді 60 жастағы дәрігер. Өзбекстанда да бұл дертке шал­дыққан дәрігерлер бар. Осыған дейін Вирусология ғылыми-зерт­теу институтының 11 қызметкері коронавирус жұқтырғаны айтыл­ған еді. Нұр-Сұлтан, Алматы және Қа­рағанды қаласында да дәрігер­лердің коронавирус жұқтырғаны туралы ақпарат тарады. Қазақ­станның бас санитары Айжан Есмағамбетова онлайн-бри­финг­те: «Өкінішке қарай, бүгінгі таңда еліміздің бірнеше өңірінде ме­дициналық қызметкерлер осы инфекцияны жұқтырды. Олар Алматы, Нұр-Сұлтан және Қара­ғандыда тіркелді» деген еді. Мұның алдында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Нұр-Сұлтанда онкологиялық ор­талықта медицина қызметкер­лерінің коронавирус жұқтырғанын айтқан еді.   P.S. Қалай десек те, қауіпті дерттен дәрігерлер де сақтанды­рылмаған. Олар науқастармен ті­ке­лей жұмыс істейтіндіктен, өз өмір­лерін бірінші кезекте қауіп-қатерге тігетіні анық. Біз үшін адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгі күннің батырларының да дені сау болғаны маңызды. Елдікті сақтау – ерлік! «Елдің амандығын сақтау – екі есе ерлік» десек, дәрігерлердің де амандығы қымбат!  

 width=       Гүлзина БЕКТАС