Қашықтан оқытамыз дегенмен...
Қашықтан оқытамыз дегенмен...
Білім және ғылым министрі оқушылардың IV тоқсанда оқу форматын тү­сіндірді. Айта кетерлігі, шалғайдағы елді мекенде орналасқан шағын жи­нақ­ты мектептер дәстүрлі форматта оқуды жалғастыруы мүмкін. Яғни, 80-ге жуық оқушысы бар орта білім ордалары қашықтан оқудан қалыс қалады. Бірақ Асхат Аймағамбетов сан мәрте бар мүм­кіндікті қарастыратынын айтып жүр. ­Ша­ғын мектептің проблемасын каникул аяқтал­ған­ша шешетінін де атап өтті. Құзыр­лы ор­ган­дар эпидемиологиялық ахуалға орай дәстүрлі форматта оқитын мекемелерде дезинфек­ция­лық шараның жүруін қатаң тексереді. Министрдің айтуынша, елімізде 15-50 ба­ла оқитын мектептер бар. Республика бо­йын­ша бала саны аз мектептердің тізімі жа­салады. Сабақ уақыты 30 минутқа қысқарып, оқушы­ларды екі ауысымға бөледі-мыс. Жоғарыда айтқандай санитарлық талаптар сақталады. Қош, қазір ыңғайын тапса, дәстүрлі фор­маттан артығы жоқ екені белгілі. Ал бір мек­тепте 300-ге жуық бала болғанымен, интернет сапасы төмен ауылдар қайтпек? Мәселен, Шығыс Қазақстанның кей ауылдарында халық интернет түгілі қоңырау шалу үшін тау-тас аралайды. Белгілі ұстаз Мейіржан Темірбектің мәліметіне көз жүгіртсек, аталған өңірде ірілі-ұсақты 710 елді мекеннің 129-ы жылдамдығы жоғары, кең жолақты (секундына 8 Мбит), 345-і орташа (секундына 1,5-2 Мбит), ал 236-сы жылдамдығы төмен (секундына 0,5 Мбит) интернет желісіне қосылған. Айта кетерлігі, Аягөз ауданындағы 50 ауылдың 38-інде, Жармадағы 49 ауылдың 32-сінде, Ұланда 46 ауылдың 24-ін-де, Күршімде 48 ауылдың 24-інде, Абайда 10 ауылдың 5-інде, Зайсанда 35 ауылдың 14-інде, Тарбағатайда 59 ауылдың 24-інде, Үржарда 54 ауылдың 15-інде, Семейге қарасты 31 ауылдың 10-ында, Катонқарағайда 47 ауылдың 13-інде, Көкпектіде 51 ауылдың 17-сінде жылдамдығы төмен интернет орнатылған. Елді мекендегі ата-аналар жаңа тоқсан басталғанша интернет сапасын ретке келтіру үшін бәйек болып жүр. Бір ғана Шығыс Қазақстан емес, елі­міздегі біраз өңірде интернет жайы жағдайды қиын­датып тұр. Мәселен, Жамбыл облы­сында 124 ауылда интернет сапасы нашар, 26 елді мекен цифрлы жүйеден ада. Ал Қызылорда облысы, Батыс Қазақстан мен Алматы облысының кей ауылдарындағы жағдай да осыған ұқсас. Бұл тұста білім жүгін тек құзырлы ми­­нистр­лікке артып қойған жөн болмас. Елі­міз­дің цифрлы технологиясы дамыған мемлекетке айналуы үшін еңбек ететін ми­нистрлік бар емес пе? Бірақ олардың да пандемия салда­рынан мұрындарына су жетпей жүр. Десек те, Цирфрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігі қазақстандық веб-сайттарға кіру тегін болатынын мәлімдеді. Дәлірек айтсақ, ірі байланыс операторлары, оның ішінде «Қазақтелеком» АҚ, «Транс­телеком» АҚ, «Astel» АҚ, «Кар-Тел» ЖШС, «Кселл» АҚ, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС жоғары оқу орындары сайттарына, электронды анықтамалық деректер базасына, онлайн-күнделік, электронды білім беру порталдарын және Білім және ғылым министрлігі ұсынған басқа да білім беру ресурстарына тегін қо­сылады. Сондай-ақ байланыс операторлары ТЖ кезеңінде өз абоненттеріне қазақстандық домендік аймақта орналасқан интернет-ресурстарға қосымша төлемсіз кіруге, тіпті телефон теңгерімінде қаражат жоқ болған жағдайда да қосылуға мүмкіндік беретін түрлі шешім мен тарифтік жоспар ұсынып жатыр. Ал «Қазақтелеком» компаниясы каран­тин біткенше абоненттеріне интернетті шек­теусіз қолдануға мүмкіндік береді. Tele2-нің «Бәрін ауыстыр», Altel-дің «Дербес тариф» топтамасы BizBirgemiz қызметіне автоматты түрде қосы­лады. Осылайша, интернет ре­сурстарын теңгерім таусылғанда да қолдана аласыз. Сонымен бірге 3 сәуірден бастап BizBirgemiz қызметі аясында абоненттер желі ішінде теңгерімі нөл болса да, қоңырау шалу мүмкін­дігіне ие. Мұның бәрі Президент Жарлығына сәйкес іске асып жатыр. Аталған жеңілдік қашықтан оқуды смартфон арқылы игеретін оқушыларға таптырмас мүмкіндік. Ал интернет сапасы төмен өңірлерге келсек, компания нақты мекенжайды қалдыру туралы әлеуметтік желіде жазды. Олар жағ­дайды анықтап, шешім шығаруға дайын екендерін жеткізді. Төтенше жағдай айналасындағы жаңа тоқсан шахматқа ұқсайды. Ойын нәтижесіне барлық министрлік жауапты болмақ. Әрбірі міндетін айқын орындап, позициясын жо­ғалт­паса, қашықтан оқыту қиынға соқпайды.  

 width=    Айзат АЙДАРҚЫЗЫ