Шатыры ұшқан үйлер
Шатыры ұшқан үйлер
Сапасыз құрылыс кесі­рінен елімізде дауыл соқ­қан сайын үйлердің шатыры ұшып, электр сымдары үзі­ліп, тұрғындар залалын көру­де. Жақында ғана Түркіс­тан облысында қатты жел «Жы­лан­бұзған» мектебінің ша­тырын толық жұлып кет­кен. Бұған кім кінәлі? Құры­лысшы ма, әлде қабылдап алған ко­миссия мүшелері ме? Бұл бірінші рет болып тұрған жағдай емес. Бізде жыл сайын боран соқса, қатты жел тұрса болды, әр аймақта «үйдің шатыры ұшты, ток өшті» деп әлеуметтік желілер, БАҚ жар салып жатады. Сапасыз құрылыс салдарынан жапа шегу қалыпты жағдайға айналғаны сондай, мән беруден де қалдық. Елімізде көбінесе мем­лекеттік тапсырыспен салынған құрылыстың сапасыз болуының басты себебі – «тендер» мәселесі. Мамандардың айтуынша, «құры­лыстағы сыбайлас жемқор­лықтың басы дәл осы тендерден басталады. Тендер бюджеттен бө­лінген қаржыны бөліске салудың тамаша тәсіліне айналғандай». Мысалы, құрылыс ны­санын салу құқығын тендерде жеңіп алу керек. Ал сол тендерде жеңіске жету үшін алдын ала ше­неуніктің, тендерлік комиссия мүше­лерінің көңілін таппай тағы бол­­майды. Екінші мәселе сапа­сыз да салғырт салынған үй, ғи­мараттарды қабыл­даудағы «бармақ басты, көз қыс­ты» деген жағдай.  

Айтылғанмен не пайда?

Иә, бұл мәселе Үкіметте, Парламентте, әр аймақтағы әкім­діктерде айтылып, жазылып та жатыр. Жаза қолданамыз деп айтты. Бірақ тоқтата алмай отыр­­ғанымыз кімге сын? Бұдан кейін «біздегі заң әлсіз бе? Әлде, заң­ға ешкім бағынбай ма?» де­ген сұрақ туындайды. Сапалы са­лын­ған құрылыс қатты жел, дүлей бораннан да қорықпайды. Бұған елу-алпыс жыл бұрынғы бой көтерген ғимараттардың бү­­гінгі күнге дейін сыр бермеуі мысал бола алады. Сапасыздық емес пе, былтырғы жылы тұр­ғын үй, бірнеше білім ошағы зар­­дап шекті. Мысалы, Атырау облы­­сында күні бойы соққан шаң­­ды дауыл көз аштырмай, жұрт­­шылықты әбігерге салғаны бар. 2019 жылдың сәуір айында Атырауда қайта жаңғыртудан өткен көпқабатты үйдің шатыры ұшып кетті. «Гаджиев» жеке кә­сіп­­керлігі 100 пәтерлік бес қабат­ты үйді 29 млн 500 мың тең­геге қайта жаңғыртқан. Алай­да тұрғындардың құрылыс жұ­мыс­тарына бірден көңілі тол­мап­ты. Бірнеше рет ескерту жа­саған­мен, ойдағыдай істемеген. Роза Сағатова, тұрғын: «Керісінше, қайта жаң­ғыр­тамыз деп, бұрынғы жағ­да­йынан айырылып қалдық. Баспал­дақтарды өзіміз жасадық. Менің үйім 3 бөлмелі, ортада орналасқан. Сондықтан айына 4 мың теңге төлеймін. Он жыл бойы. Әлі бірнеше жыл төлеуім керек» деген еді. Ал 5 маусымда Павлодар об­­лысы Ақсу қаласындағы су­дай жаңа 5 қабатты үйдің ша­тырын түгел жұлып әкеткен. Осы­ның ке­сірінен пәтерлерге су кіріп, жұрттың дүние-мүл­кі бүлінді. Құ­ла­ған шатыр мұн­дағы он шақты кө­лікті де зақым­дапты. Негізінде бұл үй осы­дан 4 жыл бұрын ғана «Жас отау» бағ­дарламасы бойын­ша салынған. Сапасыз салынғаны сонша, бір жазда үйдің шатыры осымен екінші мәрте қираған. Биылғы 2020 жыл да бірқатар құрылыстың сапасыз екенін көрсете бастады. 25 наурыз күні Қызылорда облысында қатты жел­дің әсерінен бір мектептің шатыры ұшып кетті. Облыстық жұмылдыру басқармасының мәліметінше, бұл оқиға Жаңа­қорған ауданына қарасты Қосүйеңкі ауылында орын алған. Ауылдағы №161 орта мектептің ша­тыры 150 шаршы метр ау­мақта бүлінген. «Оқиға орнына ма­ман­дар арнайы техникамен барып көрді. Қайтыс болғандар және зардап шеккендер жоқ» деп мәлім етті ведомстводан. Сонымен қатар Қызылорда қаласындағы университет ғимаратының ша­тыры да ұшып кетті. Электр ба­ға­насы құлап, бірнеше ауыл жарық­сыз қалды. Дәл осыған ұқсас жағдайларды тізе берсек «күн батырып, таң атырмасақ та» бірнеше уақытқа созылары сөзсіз.  

Өткеннен сабақ алсақ

Сапасыз салынып, ертеңіне қа­бырғасы сөгіліп, ішкі-сыртқы сылақтары құлап, шатыры ұшып, төбеден су сорғалап ағып, ел­дің мазасын алған үйлер мен ғи­мараттардан сабақ алсақ. Жоқ. Елімізде салынған он құры­лыстың бесеуінің сапасы сын кө­термейді. Жемқорлық жай­ла­ған қазақ қоғамында бұл дерт­пен күресудің оңтайлы жолы та­был­­май тұр. Тендер өткізудің басты мақ­саты болашақ нысанды са­латын мердігер ұйымның тап­сырманы орындай алатын әлеуе­тін анықтау болатын бол­са, бұл бізде кемшін түсіп жатқа­ны анық жағдай. «Мердігер құрылыс ком­паниясының нысанды сапалы әрі дер кезінде салуға экономикалық, техникалық мүмкіндігі жете ме? Материалдық және қаржылай қуа­ты жеткілікті ме?» деген сұрақ­тарға бізде ешкім бас ауырт­п­ай­тын сияқты. Қаржылық әлеуеті құ­рылыс нысанын са­луға не­месе қайта күрделі жөн­деуден өт­кізуге жетімсіз мердігер ұйым­дар үнемдеп, арзан әрі сапа­сыз құрылыс материалын пайда­ланатыны тағы бар. Құрылыс алаңында тиісті тәжірибесі мен кәсіби мамандығы жоқ адамдар да жұмыс жасап жүр. Осыдан кейін кімнен сапа сұрайсың?   ТҮЙІН:

Құрылыс саласы сыбайлас жем­қорлықтан алдыңғы орынның бірін бермей келе жатқаны елге мәлім. Олай болса, құрылыста да тендер өткізгенде мердігер ком­па­нияда білікті басшы, тәжірибелі құрылысшы, өз мамандығының иесі жұмыс істегені дұрыс. Соны­мен қатар сапаға көңіл бөлінбесе, ертеңгі күні де үлп еткен жел тұр­са, шатырлар ұшып, ток сөніп, ха­лықты әбігерге сала берері сөзсіз.

 

 width=     Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ