Қызылорда облысы әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың жетекшілігімен төтенше жағдайға қатысты штаб отырысы өтті. Оған қала және аудан әкімдері бейнеселекторлық байланыс арқылы қатысты. Халықты коронавирустың таралуы алаңдатуда. Бұл жағдайды әлемдік экономикалық дағдарыс, доллар бағамының шарықтауы және азық-түлік бағасының тоқтаусыз өсуі секілді келеңсіз жайттар одан әрі күрделендіре түсуде. Өкінішке қарай, Қызылорда облысы COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны жөнінен елімізде үшінші орынға шықты. Облыста 26 азаматтан коронавирус инфекциясы анықталды. Соңғы мәліметтерге қарағанда, вирус жұқтырғандардың көбі –Жаңақорған ауданында. Онда 16 адамнан вирус анықталды. Ал Қызылорда қаласында – 6, Қармақшыда – 2, Шиеліде 2 адамның бойында вирус бар екені белгілі болды. Жалпы, облыс бойынша инфекциялық стационарда – 18, провизорлық стационарда – 8, карантин стационарында 95 азамат жатыр. Облыстағы күрделі жағдайға байланысты жиын өткізген аймақ басшысы атқарылатын істерді айқындап алудың маңызын атап өтті. – Жағдайға байланысты алдағы міндетті айқындап, жасалатын жұмысты нақтылауымыз қажет. Бүгінгі күнге дейін атқарылған іс-әрекеттерге көңілім толмайды, – деді жиын басында Гүлшара Әбдіқалықова. Президент Әкімшілігі басшысының тапсырмасына сәйкес, коронавирус індетінің алдын алу бойынша жедел штабты өзі басқаратынын айтқан Гүлшара Әбдіқалықова барлық жауапты қызметкерлерге дәл қазіргі жағдайда бейқам болмауды баса ескертті. – Облыс әкімінің аппараты, қала және аудан әкімдері сіздерден төтенше жағдай мерзімінде тәулігіне 24 сағат жұмыс екенін ескертемін. Телефон қосулы болып, жедел әрекетке дайын болыңыздар! Өткен аптада Президенттің төрағалығымен Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өткенін білесіздер. Онда Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке, аймақтарға және жауапты ведомство басшыларына нақты тапсырмалар берді, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ бұған дейін Президент қымбат көлік пен жиһаз сатып алуға, түрлі форум, семинар, конференция өткізуге жұмсалатын шығындарға ұзақмерзімді мораторий жариялауды тапсырғанын баса айту керек. Қалыптасқан төтенше жағдай тұсында ысырапшылдыққа жол берілмей, бөлінген қаражат елдің мүддесіне қызмет етуі тиіс. Сонымен бірге облыстық Мемлекеттік сатып алу басқармасы тапсырыс берушілердің мемлекеттік сатып алуды өткізуге қатысты өтінімін қарастыру кезінде осы тапсырманы басшылыққа алуы керек. Аталған мәселені осылай нақтылай түскен облыс әкімі төтенше жағдай кезінде дерттің алдын алу – басты мақсат екенін айрықша ескертіп, тапсырмалар берді. – Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне коронавирус індетінің өңірімізде таралып жатқанын ескеріп, қажетті шаралар қабылдау үшін жедел штаб жұмыстарын дербес басқаруды жүктеймін. Айтылған жауапты тұлғалармен қатар, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті еліміздің бас санитарлық дәрігерінің республика көлемінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету туралы №27 және облыстың бас санитарлық дәрігерінің №3 қаулыларынан туындайтын талаптар қатаң сақталуы тиіс, – деп жүктеді Г.Әбдіқалықова. Мұнан өзге аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы қала аумағында залалсыздандыру жұмыстары мен коронавирусқа қарсы санитарлық-эпидемиологиялық шараларды ұйымдастыру мақсатында әскери бөлімдер мен құқық қорғау органдарына қажетті бетперде, медициналық құрал-жабдық, антисептиктерге керекті қаржы көлемін нақтылап, есебін облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына ұсынуы керек. Ұсынымға орай облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы қаржы бөлу мүмкіндігін қарастырмақ. Бұған Қызылордада коронавирус инфекциясымен тіркелген науқастардың көбеюіне байланысты қала әкімдігіне 200 млн теңге көлемінде қаржы бөлуді қарастыру туралы да қосымша айтылды. Штаб жиынында қала, аудан әкімдерімен бірлесіп қашықтан оқыту бойынша білім беру ұйымдары мен оқушылардың дайындығы, қалааралық, аудан, ауыларалық жолаушы тасымалдайтын автобус, такси қызметіне шектеу, аймақтағы ірі компаниялар барлық жұмысшыларын өз қаражаты есебінен вирус індетін анықтайтын тесттен өткізуіне ықпал жасау қажеті айтылмай қалмады. Аймақ басшысының пікірінше, коронавирус инфекциясының алдын алу шараларының ақпараттандырылуы өз деңгейінде емес. Себебі облыстық Денсаулық сақтау басқармасы және облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің арасында өзара байланыс жоқ. – Оған дәлел, облыста тіркелген екінші науқас туралы ақпарат республикалық сайттарда 29 наурыз күні таңғы сағат 09.00-де жарық көрсе, облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің брифинг орталығынан тек 12.00-де ғана жарияланған. Тұрғындардың түрлі келеңсіз талқылауларынан кейін, журналистер нақты ақпаратты 3 сағаттан соң алуға мәжбүр болды. Сондай-ақ 30 наурыз күні облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің Facebook парақшасына облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысын жариялаған. Оның мәтіні түсініксіз, қарапайым тұрғындардың оқуына өте ауыр. Құжатта қателіктер көп, – деді облыс басшысы. Жиында осындай кемшіліктерді болдырмау үшін облыс әкімі өз орынбасары Н.Байқадамовқа нақты шаралар қабылдап, жұмысты үйлестіруді жүктеді. Күрделі мәселенің бірі – қиын уақытта жұмыс орындарын сақтап қалу. Осыған алаңдаған облыс әкімі түрлі қауесет пен арандатушылыққа жол бермей, жұмыс орындарын сақтауды сала басшыларына тапсырды. – Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қала және аудан әкімдерімен бірлесіп, өңірдегі бос жұмыс орындарына күнделікті мониторинг жүргізуі тиіс. Жұмыспен қамту бойынша шара қабылдап, нақты санды екі күн мерзім ішінде баяндасын. Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысынан айырылғанды ай сайынғы төлемдер мен көпбалалы отбасыларды, мүгедектерді және халықтың әлеуметтік осал топтарын тегін азық-түлік тұрмыстық жинақтармен қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды сапалы әрі уақытылы жүргізілуін қатаң ескертемін, – деді Гүлшара Наушақызы.
Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы