Қазіргі таңда бүкіл әлем халқы, оның ішінде біздің ел де үлкен сынақ кезеңін бастан кешуде. Бұл сынақты тек бірліктің, тек саналы жауапкершіліктің, тек сабыр мен төзімнің арқасында ғана жеңе аламыз. Елбасымыз Н.Назарбаев пен Президент Қ.Тоқаев бастаған мемлекеттік билік осы күрделі кезеңде тас түйін жиналып, сындарлы стратегиялық саясат жүргізіп отыр. Қалыптасқан ахуалға қарай жедел шаралар қабылдануда. Осының нақты дәлелі – еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық телеарналардан жасаған мәлімдемесі. Онда жағдайдың ушыға түскенін ескеріп, азаматтарға және бизнеске одан әрі қолдау көрсету жөнінде қабылданған кешенді шаралар жан-жақты және нақты айтылды. «Инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін жылдық өлшеммен алғанда 10 пайызға индексациялау, табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсетілетін азаматтардың санатын кеңейту, 42 500 теңге көлеміндегі бұл қаражатты бұрын тұрақты жұмыс істеп, жалақы алғандарға ғана емес, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтыған және ресми тіркелмей еңбек ететін азаматтарымызға да беру тағы басқалары Сонымен қатар еліміздің экономикасын тұрақтандыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан көктемгі егіс науқанын уақытылы өткізуге байланысты іс-шаралар, жұмыссыз қалған азаматтарды, әсіресе жастар үшін «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында өңірлерде нақты жобаларды жүзеге асыруды дереу қолға алу, шағын және орта бизнесті қолдауға арналған кешенді шараның барлығы да қиындықты еңсеруге бағытталып отыр. «Біз, мемлекет және қоғам болып барша азаматтарымызға қолдау көрсетеміз, ешкімді көмексіз қалдырмаймыз», – деді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев. Мәлімдеме халықтың көңіліне үлкен сенім ұялатты. Ендігі кезекте жер-жердегі билік өзінің адалдығын, іскерлігін, тұлғалық деңгейін танытуы тиіс. «Дәл осы кезде халық мемлекетке қолдау көрсетуі керек. Бұл – аса маңызды», – деді Президент. Бұл да аса маңызды сөз. Қазіргі кезде біздердің, қоғамның әрбір мүшесінің, әрқайсымыздың жауапкершілігіміз мың есе арта түсуі тиіс. Елдің елдігі осындай қиын кезеңдерде танылады. Мұны қария тарих талай рет дәлелдеген. Ендеше осындай қиын кезеңде бәріміз, әрқайсымыз саналы қарекет, асқан жауапкершілік танытайық, мемлекет тарапынан жасалып жатқан жан-жақты шаралардың табысты жүзеге асуына өз үлесімізді қосайық. Президент «бүгінгі күннің батырлары» деп өте орынды атаған дәрігерлер қауымы, күрделі ахуалға байланысты күн-түн демей жұмыс істеп жүрген азаматтардың барлығына бүкіл халықтың ризашылығы шексіз. Оларға аса жауапты жұмыстарында үлкен табыстар, жақсылықтар тілейік. Қадірлі отандастар! «Күш – бірлікте» дейді халық. Ендеше осы күрделі кезеңде бәріміз бірлікте болып, билік пен қоғам, халық бірге болып, қиындықпен бірге күресейік. Рухымыз түспесін! Қашанда амандықта, жақсылықта болайық.