Ақтөбелік кәсіпкерлер Асқар мен Қалауша Садықовтар жаңа челлендж бастады. Енді мейрамхана мен дәмханалар адамзат үшін аянбай қызмет етіп жатқан дәрігерлерге шай дастарқанын дайындап береді. «Атамекен» мейрамхана кешені бастама көтеріп, Ақтөбедегі инфекциялық аурухана дәрігерлеріне тәтті-дәмділерін апарып берді. Кәсіпкерлердің игі ісі жұртты сүйсіндіріп, желіде қызу талқыланды. Осындай сын сағатта қолдау бәріне керек-ақ. Әсіресе, дәрігер қауымы елдің сенімі мен ықыласына зәру. Мейрамхана иелері бұдан бөлек тағы бір емдеу мекемесіне дайындаған тағамын апарып, дәрігерлердің алғысын алды. Кәсіпкер Қалауша Садықованың айтуынша, төтенше жағдай кезінде вирус жұқтырғандарды жылдам анықтап, көмек көрсетіп жатқан дәрігер еңбегін бағалаған жөн. Сондықтан олар осындай әдіспен ақ халаттыларға алғыс айтқысы келген. Тамақтану орталығы жұмысы тоқтап тұрса да, қолдау көрсетуге дайын кәсіпкерлер челленджді басқа мейрамханаларға жолдап отыр. Мейрамхана иелерінің бұл ісі #BizBirgemiz акциясының айналасына топтасады. Осыған қарап «әлемді ізгілік құтқарады» дегенмен үнсіз келісесің. Абзал жандардың өлшеусіз еңбегін бағалап, рухани қолдау көрсететіндердің қарасы көбейетініне сенеміз.
Айбике ЖАНАСЫЛ