Қазақстан мен Қытай арасындағы пошта байланысы үзілген жоқ - компания
Қазақстан мен Қытай арасындағы пошта байланысы үзілген жоқ - компания
© inform.kz
Қазақстан мен Қытай арасындағы пошта байланысы үзілген жоқ, - деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы пошта айырбасының тоқтатылуына қатысты жаңалық үлкен резонанс туғызды. Осы себепті мән-жайды түсіндірсек дейміз. Аталған хабарлама біздің клиенттерге Қытайдан келетін пошта тасымалының кешігуі ықтималдығын ескерту мақсатында таратылған», - деп хабарлайды «Қазпошта» компаниясының баспасөз қызметінен. Қытайдың пошталық әкімшілігі Қазпошта мен ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі арасындағы дәстүрлі авто, авиа, теміржол қатынасын ресми түрде тоқтатпаған. «Алайда, ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің поштасы жұмыс тәртібінде өз тарапынан пошталық жөнелтулер қабылданбайтынын және жіберілмейтінін жеткізді. Сол себепті, айырбас жүргізіліп жатқан жоқ. Айырбас қалпына келгеннен кейін барлық клиентке ол туралы хабар береміз», - делінген хабарламада. Сонымен қатар, Қазпошта поштаны қабылдау және жөнелту ісін қалыпты режімде жалғастыруда.