Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен Сенат отырысында Жоғарғы палата депутаттары бірқатар халықаралық құжаттарды ратификациялап, Президенттің қол қоюына жіберді. Атап айтқанда, сенаторлар Қазақстан және Ресей үкіметтері арасындағы «М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңын қабылдады. Бұл құжатқа сәйкес, ресейлік жоғары оқу орнының еліміздегі филиалында «математика», «қолданбалы математика және ақпараттану», «филология», «экология және табиғатты пайдалану», «экономика» бағыттарындағы мамандықтарда бұдан былай Қазақстан тарихы мен қазақ тілі де пән түрінде міндетті түрде оқытылады. Бірақ келісім бойынша филиалдағы оқу күндізгі, күндізгі-сырттай оқыту нысандары бойынша жүзеге асады және орыс тілінде жүргізіледі. Қазақстанның мемлекеттік білім беру тапсырысының негізінде филиалда оқуды тамамдаған Мәскеу университетінің түлектері Қазақстан заңнамасына сәйкес, білім грантын өз елімізде жұмыс істеп өтеуге міндеттеледі. Филиалдың білім беру және қаржылық-шаруашылық қызметіне бірлескен тексеруді жүзеге асыру үшін ведомствоаралық комиссия құрылады. Мәскеулік ЖОО-ның елордалық филиалының қызметі Қазақстанның республикалық бюджетінен (мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандар даярлауға бөлінген қаражат есебінен) қаржыландырылады. Дегенмен оқу орнына Қазақстан заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден қаражат тартуына рұқсат етілген. Сенат «Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібі туралы келісімді» де ратификациялады. Құжат авторлардың, орындаушылардың, фонограмма жасаушылардың, өзге де авторлық және сабақтас құқықтар иелерінің авторлық және сабақтас құқықтарды іс жүзінде жеке түрде жүзеге асыру қиын болғанда немесе мүше мемлекеттердің заңнамаларында осы құқықтардың объектілерін құқық иеленушілердің келісімінсіз, бірақ сыйақы төлей отырып пайдалануға жол берілетін жағдайларда, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумақтарында авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібін белгілейді. Бұдан бөлек, Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасында айқындалатын авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқару салаларында құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдарды құру мүмкіндігі көзделеді. Сенаторлар Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға қатысты уақытша келісімді күшіне енгізетін заңды да құптады. Құжатқа тараптар 2018 жылғы 17 мамырда елордада қол қойған. Онда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен Иран арасында бірқатар бекітілген тауарларға қатысты 3 жыл мерзімге преференциялық сауда режимін белгілеу және өзара саудадағы импорттық кеден баждарын азайту көзделеді. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, Иранмен еркін сауда аймағын құру бастамасын Елбасы 2014 жылы Каспий маңы мемлекеттері басшыларының саммитінде жария еткен екен. – Бұл келісімді іске асыру 80 миллионнан астам халқы бар Иранның перспективті нарығына отандық тауарлардың экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, мұндай келісімді жасау экспортты әлемдік нарыққа шығару құралдарының бірі саналады. Иранмен өзара сауда көлемі 2018 жылы 516,3 миллион долларға жетті. Оның ішінде 82,6 пайызы – Иранға өткізген экспортымыз. Экспортқа шығарылған негізгі тауарларымыз қатарында арпа, болат илек, рапс тұқымы және қой еті бар, – деді бас экономист. Келісімге сәйкес, Иран тарапы 864 тауарға қатысты импорттық баж көлемін төмендетті. Иран нарығына енді сиыр және қой еті, бұршақ дақылдары, өсімдік майлары, макарон, кондитерлік өнімдер, болат илек, рельстер, аккумуляторлар, арматура, құбырлар және тағы басқа да тауарларды жеңілдетілген тариф бойынша жеткізу мүмкін болады. Бұл тауарлар бүгінде Қазақстанның қазіргі экспортының жартысынан астамын құрайтын көрінеді. Өз кезегінде Еуразиялық экономикалық одақ елдері, соның ішінде Қазақстан ирандық 502 тауар үшін импорттық баж мөлшерлемесін азайтты. Олардың арасында пісте, құрма, інжір, жүзім, креветкалар, кондитерлік өнімдер, ыдыс, жуу құралдары, кілемдер, пластмасса бұйымдары және басқалары бар. Ендеше, алда елімізде ирандық бұл тауарлар құны арзандауға тиіс. «Келісім ратификациялау рәсімдері аяқталған соң 60 күннен кейін күшіне енеді. Келісімнің қолданылу мерзімі – 3 жыл. Ратификациялаудан кейін 1 жыл ішінде тараптар еркін сауда аймағы туралы тұрақты келісім бойынша келіссөздерді бастайды», – деді министр. Жиынның күн тәртібі бойынша Сенат Жоғарғы соттың судьялары Ғалия Аққуова, Әділ Құрықбаев, Амангелді Сәрсенбаев, Моряк Шегеновті орнынан түсуіне байланысты, Еліс Әбдіқадыровты басқа қызметке тағайындалуына орай, қызметінен босатты. Отырыс соңында сенатор С.Еңсегеновтің Атырау – Орал – Самара теміржол бағытының құрылысын қаржыландыру жайындағы. Т.Мұқашевтің Беларусьпен бірлесіп, «ұшқышсыз ұшақ» өндірісін ұйымдастыру мәселелері бойынша, Д.Құсдәулетовтің қоршаған ортаны қорғау шараларын қабылдау қажеттігі туралы депутаттық сауалдары жария етілді. Отырыс соңында Сенат төрағасы Дариға Назарбаева депутаттарды Экологиялық кодексті әзірлеуге белсенді қатысуға шақырып, бұл саладағы проблемаларды шешу қоғам үшін ерекше маңызды екенін айтты.