Қазақстан инвестициялардың жаңа толқынын тартуға кіріспек. Осы мақсатта Үкімет басшысының жетекшілігімен жұмыс жасайтын Үйлестіру кеңесі түңлігін жаңадан түрді. Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инвестициялар тарту жұмыстарын жетілдіру мәселелері қаралды. Жиында бірінші вице-премьер – Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов, Әділет министрі Марат Бекетаев және біраз өңір әкімдері инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты жетілдірудің жаңа тәсілдері туралы баяндады. Мәселені талқылау барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қ.Келімбетов, Шетелдік инвесторлар кеңесі қауымдастығының басқарма төрағасы А.Прейманис те пікір білдірді. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев экономика өсімінің тұрақты қарқынын қамтамасыз ету міндетін қойды. Бұл бізден негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемін ЖІӨ-ге шаққанда 30% деңгейіне дейін ұлғайтуды талап етеді. Тікелей шетелдік инвестициялар негізгі драйверге айналуға тиіс, – деді А.Мамин. 2018 жылдың қорытындысында елге келген тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 15,8 пайызға өсіп, 22,4 млрд долларды құрады. Инвестициялық ахуалды одан ары жақсарту және инвестициялар тарту жұмыстарын жетілдіру мақсатында ел Үкіметі жаңа тәсілдерді қабылдады. Оған сәйкес, тікелей Премьер-министрдің төрағалығымен Инвестициялар тарту мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды. Инвестицияларға қатысты мәселелер бойынша барлық жауапты шешім енді осы Үйлестіру кеңесінің қарауына шығарылатын болады. Оның бірінші отырысы биылғы мамыр айында өтпек. Инвестжобаларды іске асырумен және инвесторлардың құқықтарын қорғаумен байланысты мәселелерді шешу үшін инвестициялық омбудсмен функциялары тікелей Үкімет басшысының өзіне жүктелді. Бұған дейін инвестомбудсмен қызметін Инвестициялар және даму министрі атқарған. Бүгінде Қазақстанда инвесторларға қолайлы жағдай жасалған: тәуелсіз реттеу, сот пен Халықаралық арбитраждық орталық жұмысы әлемдік стандарттарға сай келеді және шетелдік инвесторлар үшін құқықтық жайлылықты қамтамасыз етеді; тәуелсіз қорлардың әлемдік басқарушы компанияларын тартуға жағдай жасалған. Бірақ нысаналы түрде жұмыс жүргізбесе, шетелдегі ауқатты компаниялар мен қалталы тұлғалар Қазақстанға аяқ баспайды: олардың қаржысы онсыз да дамыған елдерде жұмыс жасауда. Сондықтан инвестициялар ағынын арттыру үшін АХҚО алаңында инвесторлармен жұмыс жүргізуге арналған бірыңғай экожүйе құрылады. Бұл жүйеде барлық даму институттары «бір терезе» қағидасы бойынша біріктірілмек. – Шетелдік инвестицияларды тарту экономиканың дамуына жол ашып, бізге халықтың тұрмыс сапасын көтеруге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін нақты түсінуіміз керек. Әкімдіктер инвесторлармен жұмыстарын өзгертіп, жаңартып, инвестициялар тартудың жаңа алгоритміне қосылуы қажет! Бұл жұмыс нақты үйлестіруді және жоғары оперативтілікті талап етеді. Сондықтан барлығымыз қойылған міндеттерді шешуге жұмылуымыз керек, – деді Асқар Мамин. Үкімет басшысының бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың дерегінше, Тәуелсіздік жылдары экономикамызға 300 млрд доллардан астам инвестиция тартылды. Дегенмен кейінгі жылдары инвестициялар тарту динамикасында құбылушылық байқалуда. 2017 жылы жаһандық тікелей инвестициялар көлемі – 23 пайызға, 2018 жылы тағы 19 пайызға төмендеген. Салыстыру үшін айтсақ, 2016 жылы бұл көрсеткіш – 1,86 трлн, 2017 жылы – 1,47 трлн, 2018 жылы 1,2 трлн доллар болды. Тиісінше, инвесторлардың дамушы елдер экономикасына сенімінің азаюы кесірінен инвесторлар үшін күрестегі бәсекелестік күшеюде, – деді ол. Ә.Смайыловтың айтуынша, мұны көршілеріміз айқын паш етуде. Мәселен, 2019 жылғы 15 наурызда Қытай «Шетелдік инвестициялар туралы» жаңа заң қабылдады. Сарапшылардың бағалауы бойынша, бұл 10 жыл ішінде Қытай экономикасына 1,5 трлн доллар тартуға мүмкіндік береді. Ресейде бірнеше жыл бұрын тікелей инвестициялар қоры құрылған. Қазірдің өзінде 50-ден аса жобаға 1,5 трлн рубльден астам сомаға инвестжобалар жүзеге асырылыпты. Ресейде негізгі капиталға инвестициялар деңгейі жалпы ішкі өнімнің 21 пайызын құрайды, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш ЖІӨ-нің 19 пайызынан да аз. Өзбекстанда биылғы қаңтарында 1 млрд доллар капиталы бар тікелей инвестициялар қоры құрылды. – Қазақстанда жалпы инвестициялар ағынының өсуіне қарамастан «таза инвестициялар» көлемі 2016 жылғы 8,5 млрд доллар деңгейінен өткен жылы 3,8 млрд долларға дейін, яғни екі еседен көп құлдырады. Сондай-ақ өкінішке қарай, біздің экономикамыздың шикізаттық емес секторларына құйылған инвестициялардың жалпы көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тек үштен бір бөлігін ғана құрайды. Сондықтан бізге сапалы инвестициялар тарту үшін жаңа әрі тиімді тетіктер түзу аса маңызды. Ендеше, бұл саладағы бүкіл инфрақұрылымды қайта қарау қажет, – деді бас қаржыгер. Осы мәселе жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін арнайы жұмыс тобы қолданыстағы тетіктерге егжей-тегжейлі талдау жүргізе келе, көптеген осал тұсты анықтаған екен. Атап айтқанда, біріншіден, қазіргі уақытта Қазақстанда меморгандар мен басқа да ұйымдар, инвестагенттер арасындағы іс-қимылдарды және әрекеттестікті жалпы үйлестіру жоқ екені әшкереленді. Екіншіден, инвестициялық ахуалды қалыптастырумен министрліктер, ұлттық компаниялар, әкімдіктер және басқалар айналысады. Бірақ олардың барлығы өз бетінше әрекет ететін көрінеді. Үшіншіден, біздің өңір үшін бірегей саналатын «Астана» халықаралық қаржы орталығында түзілген құралдар пайдаланылмай жатыр. Төртіншіден, әлемдік инвестициялық қоғамдастық үшін түсінікті форматта рәсімделген және ұсынылған тартымды жобалардың саны жеткіліксіз болып шықты. Бесіншіден, елдің инвестициялық имиджін шетелде ілгерілету жұмысы лайықты деңгейден әлі алыс. – Осы жүйелі проблемаларды – инвестицияларды тартудың мүлдем жаңа архитектурасын жасау арқылы шешу ұсынылады. Жаңа архитектурада Премьердің өзі төрағалық ететін инвестициялар тарту мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі ерекше рөл атқаратын болады. Оған стратегиялық инвестжобаларды іске асырудың ерекше шарттарын ұсыну жөніндегі өкілеттіктер заңнамалық деңгейде бекітіліп беріледі. Бұл инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру үшін қажетті шешімдерді тез және жедел қабылдауға жол ашады, – деді Ә.Смайылов. Жаңа кеңес құрамына бірінші вице-премьер, Үкімет жетекшісінің инфрақұрылымдық даму мәселелері жөніндегі орынбасары, сондай-ақ Әділет, Сыртқы істер, Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Ішкі істер министрліктерінің, Ұлттық банктің, АХҚО-ның, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, «Атамекен» ҰКП-ның бірінші басшылары, Жоғарғы соттың өкілі, Бас прокурор мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшыларының орынбасарлары кірді. Ал АХҚО инвестицияларды тарту және Қазақстанның инвестициялық имиджін ілгерілету жөніндегі жұмысты үйлестіру бойынша бірыңғай орталық болып айқындалды.