6 сәуірден бастап 3 миллионнан астам мектеп оқушыcы қашықтан оқу форматына көшеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен мектеп оқушыларының ІV тоқсанда қашықтан оқу жүйесіне арналған онлайн конференцияда айтылды. «6 сәуірден бастап 3 миллионнан астам мектеп оқушылары қашықтан оқу форматына көшеді. ІV тоқсанға қатысты жұмысымызды өткіздік. Сұрақтар да, сын-пікірлер де, қолдау да бар. Қашықтан оқу елімізде төрт тетік бойынша жүргізілетін болады. Бірінші, телеарналар арқылы сабақ жүргіземіз. Бұл «Балапан», «Ел арна» телеарнасы. Сабақ біреуінде қазақша, екіншісінде орыс тілінде жүргізіледі. Күніне 8 сағаттан эфирді алып отырмыз. Жалпы кесте дайын. Кестені бұқаралық ақпарат құралдарына беріп, ата-ана, ұстаз, мектептерге таратудамыз. Әр видео сабақ 10 минутқа созылады. Бүгінге дейін 500-ге жуық видео сабақ түсірілді. Жалпы видео сабақтардың саны 3 360 болады. Барлық ең басты пәндер қамтылады«, - дейді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. Оның айтуынша, телеарналар арқылы берілетін виртуалды тапсырмалар бойынша балалар кітаптар, оқулықтар және басқа да айтылған құралдар бойынша жұмыс жүргізетін болады. «Мұғалімдер оқушылармен кері байланыс орнататын болады. Бұл тетік бойынша басты құрал ретінде интернеті жоқ оқушылар оқиды. Оны қосымша ретінде де қолдануға болады. Барлық түсірілген 3360 видео сабақты міндетті түрде интернетке саламыз. Интернеті бар оқушылар оны керек уақытында қарап, оны қайталап, қажет жерінде тоқтату мүмкіндігіне ие болады деп жоспарлап отырмыз», - дейді ол.