Абаев ораза кезіндегі рәсімдер онлайн өтетінін айтты
Абаев ораза кезіндегі рәсімдер онлайн өтетінін айтты
© сурет интернеттен алынды
110
оқылды
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев төтенше жағдай, карантин кезінде сәуір айындағы діни мейрамдар қалай өтетінін түсіндірді. Бұл туралы министр «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінде хабарлады.
«Ораза, православтық және католиктік Пасха, яһудилік Песах және тағы басқа да діни мейрамдар бар. Олардың бәрінің көптеген азаматтар үшін маңызы зор. Біз дін ұстанушы азаматтарымыздың діни сеніміне зор құрметпен қараймыз. Алайда, коронавирус індеті  адамның денсаулығына, өміріне қауіп төндіруде. Сол үшін көптеген елдер эпидемияға қарсы бұрын-соңды болмаған шектеулер енгізуде. Вирус таралмауы үшін адамдар жиналатын барлық шараға, оның ішінде діни шараларға да тыйым салынады», - деді ол.
Министр діни мереке барысында көпшілік жиналатын шараларға жол берілмеуін ескертті. Оларды мүмкіндігінше онлайн режимде өткізу қажет.
«Себебі, бұл уақытта адамдар ғибадат орындарына барып, туыстарымен, жақындарымен бас қосады. Мазар басына барады. Одан да басқа мәдени көпшілік іс-шаралар болады. Сол үшін  басты мәселе – адамның денсаулығы мен амандығы. Ешқандай дін адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргенді мақұлдамайды. Осы ретте, барлық діни, этномәдени ұйымдар басшылары мен азаматтарды түсіністік танытуға шақырамыз. Діни мейрам кезінде карантин режимін сақтауды сұраймыз. Діни бірлестіктерге мерекелік рәсімдерді онлайн режимде өткізуді ұсынамыз», - деді Абаев бұған қатысты.