Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен Сенат Бюросының отырысында палатаның 25 сәуірде болатын жалпы отырысының күн тәртібі талқыланды. Алдағы жиында сенаторлар Жоғарғы сот судьяларын қызметтен босату туралы мәселені қарамақ. Сонымен қатар «Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы», «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісімді ратификациялау туралы» және Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы «М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларын талқыға салатын болады. Сенат Бюросы Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетін «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Қытай Халық Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша бас комитет етіп белгіледі. Бюро мүшелері сондай-ақ жоғарғы палатаның 2019 жылға арналған Негізгі іс-шаралар жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізді және халықаралық парламенттік ұйымдар мен шет мемлекеттердің парламенттерімен ынтымақтастық жөніндегі топтардағы Сенат депутаттарының құрамын жасақтады. Осы күні Дариға Назарбаеваның қатысуымен жоғарғы палатада «Қазақстандағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңды жүзеге асыру мәселелері қаралды. Сенат жанындағы Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігімен» және «Өңір» депутаттық тобымен тізе қоса отырып, орталық атқарушы және жергілікті өкілді органдардың басшыларын шақырып, кездесу өткізді. Өз сөзінде Сенат төрағасы жергілікті билік – мемлекеттік басқарудың негізгі буыны екенін атап өтті. Әкімшілік реформа нәтижесінде жергілікті билікке елеулі өкілеттіктер берілді, мәслихаттар ауыл, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала деңгейіндегі бюджетті дербес қалыптастыра алады. Алайда өңірлердің бірінші кезектегі міндеттері тиісті деңгейде шешілмей тұр. Д.Назарбаева жедел шешуді талап ететін өңірлік дамудың бірқатар мәселесіне, соның ішінде өңірлердің әлсіз инфрақұрылымына назар аудартты. – Өңірлерді ауызсумен қамтамасыз ету мәселелеріне тәуелсіздік жылдары 540 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Сонда да көптеген елдімекендерге әлі күнге дейін ауызсу неге жетпеген? Бұл бағдарлама «Бермуд үштағаны» сияқты: оған бағытталған қаражат жұмбақ жағдайда жоғалып кетеді, – деді Д.Назарбаева. Жиында сенатор, «Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігінің» төрағасы Т.Мұқашев, Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, Есеп комитетінің төрағасы Н.Годунова, Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қ.Балабиев, Қостанай облыстық мәслихатының хатшысы С.Ещанов баяндама жасады. Д.Назарбаева жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің қызметіне қарқын беруге шақырды. – Кеңес жергілікті өзін-өзі басқарудың қалыптасуы мен өңірлік дамудың өзекті мәселелері талқыланатын, туындаған мәселелерді шешу жөніндегі ұсыныстар түзілетін, тұрақты жұмыс істейтін алаңға айналуға тиіс! – деді Сенат басшысы. Кездесу қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленетін болады. Жоғарғы палата басшысы «олар мерзімі мен жауапкершілігі көрсетілетін нақты сипатқа ие болуға» тиістігін нықтай келе, сенаторларға олардың іске асырылуы барысына тұрақты мониторинг жүргізуді жүктеді.