Депутаттардың ауыл-аймақтағы кездесулерінде халықтың әлеуметтік мәселелері басты назарда болады. Палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжіліс бюросы өтті. Жиында қаралған негізгі мәселе биылғы 30 сәуір мен 7 мамыр аралығында Мәжіліс депутаттарының өңірлерге сапарына қатысты болды. Мәжіліс төрағасы атап өткендей, депутаттардың халықпен кездесулерінде бірінші кезекте, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік бастамаларының жүзеге асырылу барысына, оның ішінде, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларды қолдау шараларына ерекше көңіл бөлінеді. Депутаттар жұртшылықпен жүздесу барысында осы бағытта қабылданған заңнамалық түзетулер, сондай-ақ жалпы заң шығарушылық жұмыстар жөнінде баяндайды. Парламентшілер өндіріс орындарында, ауылшаруашылық және әлеуметтік нысандарда болып, еңбек ұжымдарымен және жастармен әңгімелеседі, сонымен қатар қоғамдық қабылдау өткізіп, азаматтарды мазалаған жеке мәселелерін тыңдайды деп жоспарлануда. Барлық үш парламенттік фракциялардағы және Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған Мәжіліс депутаттарының халықпен кездесуі тек облыс, аудан орталықтарымен шектелмей, шалғайдағы елдімекендерді де қамтитын болады.