Балконда шырқалған Әнұран

Балконда шырқалған Әнұран

Карантин кезінде Италияда басталған музыкалық флеш­моб елімізде жалғасын тапты. 2 сәуір күні елор­далықтар бір мезетте балконға шығып, Әнұран орындады. Мұндай флешмоб ұйымдас­тыруға шақырған хабарлама WhatsApp желісінде тараған. Карантиндегі тұрғындар хабар­ламаны бірден қолдап, көршілер тобына жіберген. Осылайша, елорда тұрғындары қиын сәтте бір-біріне демеу көрсетіп, дәрі­герлерге алғыс айтып, ел еңсесін көтеруге тырысты.

Келісім бойынша тұрғындар кешкі сағат 22.00-де балконға шы­ғып, терезені ашып, хормен Әнұран орындады. Терезе арқы­лы бір-бірімен жүздескен жұрт «Біз біргеміз, індетті жеңеміз!» деп айқайлап, ақ халаттыларға еңбегі үшін алғыс айтып, қоше­мет көрсетті. Кей аулада Әнұран­нан кейін бірнеше ән шырқалып, халық ерекше күйге бөленді. Кон­церттегідей телефон жары­ғын қосып, бір-бірімен шүйі­р­келескен халық ерекше көңіл күй­мен тарқасты. Осылайша, флеш­моб жарты сағатқа жалғасты.
Елордалықтар ұйымдас­тыр­ған челленджді қала маңындағы ауылдар жалғады. Қосшы ауы­лының тұрғындары да Әнұранды балконға шығып орындады. Мұндай флешмобты осыған дейін Италия орындаса, кейін Алматы тұрғындары жалғады. Бірақ италиялықтар бір мезетте бірнеше адамның балконға шығып ән салуын қауіпті деп бағалап, қайталамауға шақырған еді. Бірақ карантиннен жалық­қан жұрттың ықыласына қарсы шығу қиын. Нұр-Сұлтан қаласы 19 нау­рыз күні карантинге жабылып, 28 наурыз күні карантин күшей­тілді. Тыйым бойынша олар дә­рі­хана, азық-түлік дүкені мен жұмысқа ғана бара алады.  

Айбике ЖАНАСЫЛ