Республикалық #BizBirgemiz акциясының шапағатын Атыраудағы бір мыңнан астам отбасы көріп отыр. Қайырымдылық Nur Otan партиясының «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық» жобалары аясында жүзеге асырылуда. Акция барысында қайырымды жандар кейбір көмекке мұқтаж жандарға пәтердің айлық ақысын төлеп берген.
Зейнеткер Ұлдай Мезизова мүгедек ұлымен 10 жылдан астам кішкентай екі бөлмені жалдап келеді. Зейнетақы мен жәрдемақы дәрі-дәрмек пен пәтерақысынан аспайтынын айтқан тұрғын партиялықтардың көмегіне ерекше алғысын білдірді.
– Ақшамыз жетпейді. Баламызға қымбат дәрі аламын. Өзім де жиі сырқаттанамын. Оның үстіне екі қолымды сындырып алып, ауруханаға барып қаралдым. Nur Otan партиясы қиын кезде бізге қол ұшын беріп, көмектесіп жатыр. Халыққа жәрдемші бола білген партиялықтардың жұмысына табыс тілеймін, – деді Ұлдай Мезизова.
Алдағы уақытта бұл көмекті азаматтардың 7 санаты бойынша беру жоспарланып отыр. Қазіргі кезде осыған сай өңірде тізім жасақталуда. Nur Otan партиясы Атырау облыстық филиалының бөлім меңгерушісі Қуантай Бисәлиев бұл тізімге кімдер кіретінін айтты.
– Тізімге жағдайы төмен көпбалалы отбасылар, мүгедек жандар, мүгедек баланы асыраушы отбасылар кіреді. Сондай-ақ жағдайы төмен зейнеткерлер, соғыс ардагерлері мен тыл қызметкерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар және жетім балалар да бар. Аталған тізім бойынша көмек көрсетіледі,– деді ол.
Ақтөбеде де мыңнан астам отбасыға партиялықтар көмек көрсеткен.
Әбілмансұр ЖАСАН