Шыны керек, шымкенттіктер әлі күнге дейін бейқам. Бізді құртатын да осы бейқамдық емес пе? Елімізде төтенше жағдай жарияланып, күн сайын сақтық шаралары күшейіп жатыр. Соған қарамастан қалтаның қамын көбірек ойлаған кәсіпкерлер бекітілген ережелерді сақтамай отыр. Шымкент қаласының прокуратурасы мен басқа да мемлекеттік органдардың бірлесіп атқарған шаралары кезінде көптеген заңсыздықтар анықталған. Жалған ақпарат таратып, елді дүрліктіру жағдайы да жиі кездесіп жатыр. Мәселен, жуырда Facebook әлеуметтік желісінде: «Шымкентте Қазиев көшесіндегі бір мешіттен коронавируспен ауырған адам анықталыпты. Қырылатын болдық. Не деген топастық» деген мәтінде жалған ақпарат тарады. Полицейлердің көмегімен осы жалған ақпаратты таратқан тұлға анықталған. Бүгінде оның үстінен қылмыстық іс қозғалуда. Одан бөлек, төтенше жағдай режимін бұзған 29 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оның 19-на қамау жазасы қолданылған. 1 сәуір күнгі әкімшілік істер бойынша мамандырылған ауданаралық соттың қаулысына сәйкес, Тәуке хан және Ерімбетов көшелерінде орналасқан «Жеті тандыр» кафе желісінің иесі тамақтану нысандарында санитарлық және дезинфекциялық шараларды күшейту жөніндегі талаптарды өрескел бұзғаны үшін 4 күнге қамалды. Шымкент қаласының прокуратурасы төтенше жағдай режимін бұзған құқықтық тәртіпті бұзушылар айыппұлдан бөлек, 30 тәулікке дейін қамалса, әкімшілік жазаға тартылғандар 10 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл немесе 15 күнге қамалатынын ескертеді. Сонымен бірге азаматтарды үрейге берілмеуге, сабырлық танытуға, жалған хабарламаларға назар аудармауға шақырады.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы