Өскеменде жүрекке тұңғыш рет инновациялық ота жасалды
Өскеменде жүрекке тұңғыш рет инновациялық ота жасалды
166
оқылды
Өскеменде тұңғыш рет жүректі «тоқтатпай» қолқа қақпақшасын ауыстыру бойынша (замена аортального клапана) жоғары технологиялы ота жасалды. Ота жасаудың инновациялық тәсілін  Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасының дәрігерлер командасы Нұр-Сұлтан қаласынан келген белгілі кардиохирург, «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» акционерлік қоғамының интервенциялық кардиология және радиология бөлімінің жетекшісі Серік Әлімбаев пен оның әріптестерінің басшылығымен өткен шеберлік сыныбы барысында алғаш қолданды. Қолқа қақпақшасын транскатетерлік алмастыру (TAVI) қолқа қақпақшасының тарылуы бар 81 жастағы науқастың өмірін құтқарып қалудың бірден бір жолы болатұғын (жасқа байланысты қақпақшаның дегенерациялық өзгеруі). Қолқа қақпақшасының тарылуы – қалыпты қан ағысына кедергі келтіріп, қолқа қақпақшасы тесігінің тарылуына әкеліп соқтыратын айтарлықтай елеулі ауру. Бұл көбінесе, жасы келген егде адамдарда кездеседі. Статистикаға сүйенсек, бұл аурудан 75 жастан асқан әр бір сегізінші адам зардап шегеді екен. Айтпақшы, бұған дейін жоғарыда біз айтқан қолқа қақпақшасының тарылуын емдеудің бірден бір «алтын стандарты» жүрекке ашық ота жасау – «қолқа қақпақшасын протездеу» болатын. Бұл өте күрделі оталардың бірінен саналатын. Себебі, ота барысында жүрекке жету үшін көкірек қуысының орта тұсынан тілік жасап, жасанды қанайналым аппаратын қосып, жүректі тоқтату қажет болатын. Содан кейін ғана жұмыс істемейтін қақпақшаны алып, оны протезге алмастыратын. Аталмыш тәсіл өз кезегінде жақсы нәтижелерін көрсетті, алайда, науқастардың барлығы үшін қиын болатын. Мұндай отаны жасаудың өзі жасы келген адамдар үшін қауіпті еді әрі олардың көпшілігінде отаны көтермейтін қосалқы ауыр диагноздары болатын. Сондықтан көп жағдайда мұндай диагнозбен келген пациенттерге дәрігерлер тарапынан ота жасаудан бас тартылатын, тек дәрімен емдеу ғана тағайындалатын.   Науқастың өмірі он бес жылға дейін ұзарады Ал Серік Әлімбаевтың басшылығындағы облыстық аурухананың хирургтері егде жастағы науқасқа қолқа қақпақшасын ауыстыруды көкірек қуысында және жүрек тінінде ешқандай тілік жасаусыз, жүректі тоқтатусыз сан артериясы арқылы жасады. Бұл өз кезегінде отадан кейінгі асқынуларды айтарлықтай төмендетуге  және оңалту мерзімін қысқартуға мүмкіндік берді. Облыстық аурухананың ақ желеңді дәрігерлерінің айтқандарын алға тартсақ, арада бірнеше күн өткенде ота жасалған пациент толыққанды өмірге қайта оралған. Науқастың кеудесі ауырғаны басылып, ентігіп, демігуі азайған. Ота жасалған егде жастағы науқас өздігінен жүріп-тұра алатын жағдайға жеткен. Ақпарат ретінде қосар болсақ, мұндай ота алғаш рет 2002 жылы Францияда жасалған. Ал біздің елімізде қолқа қақпақшасын транскатетерлік алмастыру бүгінгі уақытта клиникалық шындыққа айналды және қазіргі таңда астанамызда ғана емес, көптеген аймақтық кардиохирургиялық орталықтарда сәтті жүзеге асырылып жатыр. Ең бастысы, ең ауыр деген науқасқа мұндай оталарды жасау кезінде өлім фактісі айтарлықтай азайды. Енді жинақталған дәлелдік қор алдағы жақын арадағы уақытта қолқа қақпақшасына хирургиялық түзету жасаудың аталған тәсілін өлім қаупі төмен жас науқастар арасында да кеңінен қолдануға мүмкіндік бермек. Мұндай инновациялық оталардың басым бөлігі Қазақстанда соңғы алты жылдың көлемінде Нұр-Сұлтан қаласында жасалып келеді. Аталған уақыт аралығында Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының мамандары қолқа қақпақшасын ауыстырудың 275 отасын жасады. Нәтижесінде мұндай жоғары технологиялы оталардың арқасында жүрегі ауыратын адамдардың өмірі жоқ дегенде 10–15 жылға ұзарады. Жаңа инновацияның тағы бір жағымды тұсы - жаңа қақпақшалар 10–12 жылға дейін есептелген, одан соң біріншісінің ішіне тағы осынша уақыт жұмыс істеуге қабілетті екіншісін орнатуға болады. Бұған дейін мұндай ота жасау таңғажайып дүние болса, бүгінгі таңда нақты шындыққа айналған. – Жүрек-қантамырларының ауруы қазіргі уақытта да өлімнің негізгі себептерінің бірі болып отыр. Біздің орталықта жыл сайын алпысқа тарта осындай оталар жасалады. Алайда, бұл барлық сұраныстардың тек он пайызын ғана құрайды. Сондықтан аталмыш оталардың аймақтардағы ауруханаларда жасалуы біз үшін маңызды. Дегенмен, қолқа қақпақшасын алмастыратын заманауи мұндай оталарды жасауға рұқсат әр ауруханаға беріле бермейтінін ескерген жөн. Бұл ретте Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасы барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда заманауи қондырғылар, бағдарламалық жасақтама, жоғары білікті дәрігерлер командасы бар. Оларда тамыр ішіне жасалатын технологияны қолданудың көрнекті тәжірибесі бар, - деп атап өтті өз кезегінде білікті хирург Серік Әлімбаев.   Барлық ота квота арқылы тегін жасалады Тағы бір атап өтерлігі, бұл отаны жасауда қаржылық қамтамасыз ету айтарлықтай маңызға ие. Себебі, қолқа қақпақшасын транскатетерлік протездеу аса қымбат ота болып табылады – бір жасанды қақпақшаның құны 5 миллион теңгеден жоғары тұрады. Қуантарлығы, қазіргі кезде оталардың құны квота бойынша республикалық бюджет қаржысы есебінен төленіп келеді. Бұл ретте шығысқазақстандық пациент үшін жасалған көрнекілік ота мүлдемге тегін жасалғанын атап өткен орынды. – Қазіргі таңда Қазақстанның аймақтарында ондаған мамандандырылған жүрек-қантамырлары орталықтарының құрылып, жұмыс істеп тұрғаны өте маңызды. Енді еліміз бойынша гибридті хирургиялық тәсілдерді қолданумен жасалатын жоғары технологиялы оталардың саны артатын болады. Дәл осы жарақаты аз тәсілдерді енгізу жасы егде, бұған дейін денсаулығына байланысты дәстүрлі ота жасаудан қорғанып келген қазақстандықтардың өмірін ұзартуға мүмкіндік береді, - дейді астаналық білікті хирург. Ал Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасының эндоваскулярлі хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Қуатжан Әбішов төрт ай бойы Ұлыбританиядан алған білімін енді нақты тәжірибе жүзінде қолданып көруге бірінші рет мүмкіндік туғанын айтады. – Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы мамандарының бақылауымен жоспарланған бірнеше шеберлік-сыныптарынан кейін мұндай оталарды біздің ауруханада көптеп жасайтын боламыз. Айтпақшы, біздің ауруханада Еуропалық стандарт бойынша TAVI командасы жасақталған. Менен бөлек бүгінгі отада маған көмекші болған ангиохирург Роман Давыдовты, анестезиолог дәрігерлер, кардиохирургтер, өзге де білікті мамандар бар. Біздің көпсалалы командамыздың басты міндеті – науқастың келіп түскен сәтінен бастап, оны емдеуді және отадан кейінгі бақылауды бірлесіп жүргізу, – дейді алдағы жоспарларымен бөліскен білікті дәрігер Қуатжан Әбішов.

Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан.