Әскери жиынның түрлі сыры бар

Әскери жиынның түрлі сыры бар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 сәуір күні қол қойған «Әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға  шақыру туралы» Жарлығы қоғамды елеңдетіп тастады. Шамасы бұқара мұны жаппай жұмылдырумен шатыстырып алған тәрізді. Іс жүзінде олай емес. Жалпы, төтенше жағдай ке­­зінде ел қорғауға жарайтын аза­маттарын арнайы шақырып, тех­ногенді немесе табиғи апат­тар­дың, індеттердің және өзге де ке­­­­леңсіздіктердің зардабын қо­ғам бо­лып жою – әлем елдерінде бар тә­жірибе. Тіпті, жетіп-арты­лады. Қа­зақстан да мұндай тәсілді пай­далануға заң жүзінде баяғыда-ақ негіз қалыптастырып қойған. Өйткені түрлі төтенше жағдайлар кезінде оның зардабын жою, ал­дын алу ісінде тиісті қызмет ма­ман­дарының, Қарулы күштер сар­баздарының аздық етіп қала­тын тұстары болады. Мұндайда бар­шаның жұмылғаны керек. Қазақстан қазір жаһандағы көптеген ел тәрізді коронавирустың таралуын тежеуге барын салып жатыр. Одан бөлек, кейбір аймақтарды көктемгі қарғын су басуы мүмкін екені де жиі айтылған. Ал күн болса жылынып келеді. Міне, дәл осындай сәтте әскери міндетті азамат­тардың атқарушы билікке, төтенше жағдай кезінде қызмет етіп жатқан құрылымдарға көмекке келгені керек. Мемлекет басшысының Жарлығын тек осылай қабылдаған дұрыс. Әйтпесе, біреулер соғыс жағдайы енгізілгендей байбалам салып кететін түрі бар. Ал жаппай мобилизация дегеніңіз – мем­лекеттің барлық саласын, халқы мен әскер құрылымдарын әскери уақыт ре­жиміне көшіру дегенді білдіреді. Әдетте, әскери уақыт соғыс жағдайы туындағанда жарияланатыны бар. Мобилизацияның бөлек екенін Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев та айтты. «Қазір бұл туралы айтылып отырған жоқ. Арнаулы жиындар әрдайым жылына бірнеше рет өткізіледі. Аймақтардағы әкімнің бәрінде де осын­дай жиын өткізу тәжірибесі баршылық. Әкімдер денсаулық және отбасылық жағдайын ескере отырып, қорғаныс істері жөніндегі бөлімдер мен әскери коми­теттер арқылы азаматтарды шақырады. Біз өз тарапымыздан өздігімен арнаулы жиынға келгісі келгендерге басымдық беруге кеңес береміз. Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты елдегі қиындықты еңсеру үшін үлес қосқысы келетін өті­німдер молынан түсіп жатыр. Жастары­мыз – патриот. Жарлық шыққаннан кейін кеше кештен бері арнаулы жиынға келгісі келетін жастардан өтінім көптеп түсуде», – деді министр. Демек, Прези­дент Жарлығы әскери міндеттілерді арнайы полигондарға жинап алады де­генді білдірмесе керек. Керісінше, ар­найы жиындарға шақырылған азаматтар жұмысқа барғандай таңертең барып, кеш­ке үйіне оралатын болады. Жұмыс іс­теп жүргендердің еңбекақысы сақта­ла­ды, жұмыссыздарға ең төменгі еңбек­ақы беріледі. Яғни 42 500 теңге алып отырады.   Жалпы, біздің пайымдауымызша, Президент Жарлығының төтенше жағ­дай­да қоғамды жұмылдырудан бөлек астары да бар сияқты. Оған әскери жиынға шақырылған жұмыссыздарға төменгі еңбекақының беретіні дәлел. Қасым-Жомарт Тоқаев 31 наурыз күнгі мәлімдемесінде ірі мегаполистердегі шектеу шараларының кесірінен қомақты жұмыс күші шоғырлана бастағанын айт­қан. Осынау еңбек күшінің «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқылы түрлі өңірлерге барып жұмыс істеуін қамтама­сыз етуді Үкіметке тапсырған еді. Ал ел бойынша пандемияның көптеген ай­маққа тарап жатқанын ескерсек, бері айтқанда сәуір айында азаматтарға жұмыс тауып беру оңайға соқпасы анық. Оның үстіне көктем енді келгендіктен, бірқатар өңірдегі далалық жұмыстар бастала қой­ған жоқ. Демек, кемі мамырға дейін жұ­мыссыз қалған азаматтарды түрлі тә­сілмен қолдау қажет. Ал әскери жиын арқылы оларды төтенше жағдай кезінде арнайы қызметке тарту – бір жағынан елге пайдалы болса, екінші жағынан «екі қолға бір күрек» беретін тәсіл. Сондықтан әскери жиынның осынау әлеуметтік қырын да назарда ұстаған дұрыс. Екіншіден, Президент Жарлығы негізінде жергілікті атқарушы органдар, әкімдер қосымша резервке ие болған жайы бар. Өйткені Жарлық арқылы әскери міндеттілерді түрлі шараларға тарту мүмкіндігі туып отыр. Рас, заң аясында оларды былайғы уақытта да жиынға шақыруға болады. Бірақ тыныш күндерде азаматтарды жинау үшін Бас штабтың біраз тер төгуіне, жергілікті әкімдердің әскерилерге сөздері өтіп, мәселенің өзектілігіне қорғаныс саласы өкілдерінің көзін жеткізуге тура келер еді. Ал төтенше жағдайда тәртіп күшейеді. Ермекбаев та осыны айтып отыр. «Бұл Жарлықтың негізгі мазмұны – әкімдерге әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыруға құқық және мүмкіндік беру. Басты мақсат – халқымыздың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау. Аталған жарлық әкімдерді аумақтық әскерді толығымен жинауды міндеттемейді. Жиын заңға сәйкес үш айға дейін созылуы мүмкін. Әйтсе де, жиынның мерзімін өз қажетті­лігіне қарай жергілікті атқарушы орган белгілейді. Олар өз қаулысымен жиын­дарды ұйымдастырып, өңірдегі қажетті­лік пен барлық шараның орындалуына қарай ертерек аяқтауына мүмкіндік болады», – деді министр. Үшіншіден, әскери жиын азамат­тардың конституциялық міндеттерін түйсінуге мүмкіндік береді. Қазақстанда Қарулы Күштердің жеке құрамының 75 пайызы келісімшарт әскерінен жасақтал­ғанын ескерсек, соңғы жылдары мерзімді әскери қызметті ұмытқандар қарасының көбейгені рас. Мемлекет жасаған түрлі жеңілдіктер арқылы тиісті құжатты қолға тигізгендер әскери міндеттілік туралы ұмытып та кететін. Ал арнайы жарлық арқылы әскери жиынға шақыру кезінде әскери міндеттілерді түгендеп, олардың Отан алдында әлі де өтелмеген парызы бар екенін сезіндірудің мүмкіндігі туып отыр. Сонымен бірге азаматтардың әскери тәртіпке мойынсұну дағдысын да жаңғыртып қойғанның артықтығы жоқ. Тәртіптің маңызды екенін COVID-19 пандемиясы кезінде байқап қалдық. Ескертулерге құлақ аспаған талай азамат індеттің түрлі өңірлерге жайылуына себепші болды. Төртіншіден, осынау әскери жиын армия мен халықтың арасындағы байла­нысты нығайта түседі. Әскери тәртіп арқылы сарбаз өмірінің шетжағасын көргендер Қарулы Күштердің күнделікті тіршілігінен де хабардар болатыны анық. Сөйтіп, ел қорғаны болып жүрген аза­маттардың еңбегін көзбен көреді. Со­нымен қатар бұл әскери қызметкерлер үшін де мотивация. Армияның артында сүйенер халық бар екенін барлық сарбаз бен офицер сезінеді. Ең бастысы, халық пен армия төтенше жағдайдың ұзаққа созылмауы үшін тізе қоса әрекет етеді. Одан тек ұтарымыз анық.  

    Амангелді ҚҰРМЕТ