Жұмыссыздықтың ертеңі
Жұмыссыздықтың ертеңі
Коронавирус індетінің жаһанды жайлауына байла­нысты көп адам жұмыссыз қалғаны жасырын емес. Бү­гін еліміздің республи­ка­лық маңызы бар қалала­рымен қоса бірқатар облыс орта­лықтары да карантинге жабылды. Карантин енгізіл­ген аймақтарда халықтың күнделікті тұрмысына қажетті нысандар (дүкен, дәріхана және тағы басқа) ғана жұмыс істеп, басқа ұйымдар өз қыз­метін уақытша тоқтатты. Қа­зіргі кезде ресми дерек бо­йынша, Қазақстанда 1 мил­лионнан астам адам жұмыс­сыз отыр. Ал жалдамалы қыз­­меткерлердің «екі қолға бір күрек» таба алмай жүргені тағы бар. Қош, бұл кезең де өтері анық. Дегенмен каран­тин кезінде және осы шек­теулер аяқталған соң қай сала мамандары сұранысқа ие болады? Қай секторларда бос жұмыс орындары пайда болуы мүмкін? Осы сауалды Жұмыспен қамту агенттіктері өкілдеріне жолдаған едік.      width=Сәуле ТӘЖІМҒАЛИЕВА, HR center агенттігінің басшысы: – Қазір барлы­­ғымыз физикалық ­түр­де үйде отырға­ны­мыз­бен, «online өмір» сүрудеміз. Әлем­дегі қарқынды даму мен жаһандану бізге екінші параллельді «online өмірді» қалып­тастырды. Бұл – үлкен технологиялық эволюция. Тас ғасыры одан кейін механика дәуірі келді. Ал бүгін біз цифрлы дәуірге аяқ басып отырмыз. Адамның өмірін жеңілдету үшін түрлі технологиялар мен роботтар пайда болып жатыр. Бұрын біз жазу машинасын қол­дандық, одан кейін дербес компьютер ноутбук, ультра­бук, смартфондар, бір сөзбен айт­қанда, әлем толассыз даму үстінде. Осындай қарбалас уақытта біз үшін ең басты нәрсе – жеке қабілетті да­мыту. Бір адамға тек өз ісінің маманы болу аздық етеді. Жоғарыда айтылған ақпа­раттық техноло­гия­ларға сауатты болудан бөлек, адам­дармен араласа білу, оптимист болу, өз міндетін жа­уапкершілікпен атқару сияқты жеке қасиеттерімізді де да­мыту маңызды. Сондай маман ғана болашақта сұранысқа ие болады. Қазіргі ка­рантин уақытында мұғалім­дердің қашықтан оқыту жүйесіне уақытша көшкені белгілі. Мұның өзі бізге өз пәнін жетік білетін мұғалім ғана емес, технологияларды қолдану арқылы қашықтықтан оқы­тудың әдістемесін меңгерген маман­дардың қажет екенін дәлелдеді. Бұрын адамдар тек хат тануды білім деп таныса, қазіргі дамыған заманда ұстаз өз биігінде қалуы үшін бір сәтке дамылдамай өзін-өзі дамытуы керек деп ойлаймын. Сонымен қатар әрбір адам қай жаста болмасын өзін кәсіптік тұрғыдан бағдарлай алуы керек, ол өте маңызды. Істегісі кел­ме­ген жұмыстан адам ешқашан жетістікке жетпейді, өнімді жұмыс істей алмайды. Кәсіпті ауыстыру қорқынышты емес, өнімсіз, нашар жұмыс істеуден қорқу керек. Кәсіптік бағдарды анықтауға көмектесетін көптеген агенттік те, сайттар да бар, мысалы bagdar.kz сайтын ұсына аламын. Карантиннен кейін жеке кәсіпкерлік және оны дамыту сияқты салалар сұранысқа ие болады деп ойлаймын. Инженерлер де жұмыссыз қалмайды. Әлемдік тенденция бо­йынша IT мамандары, инженерлер, экономистер сұранысқа ие болады. Үкімет стратегиясы мен бағдар­ла­малары да қандай мамандықтарға сұраныс көбейетініне тікелей қатыс­ты. Егер Үкімет алда бизнесті дамыту керек десе, онда әлбетте сол сала көбірек дамиды. Туризм де тоқырап қалмайды деп ойлаймын. Қызмет көрсету салалары қазір карантин кезінде де жұмыс істеп жатыр. Кімнің қызмет көрсету сапасы жоғары болса, сол ары қарай дами бермек. Америкаға алғаш қоныс аударғандар баюды көздеп, алтын іздегені тарих­тан белгілі. Бірақ сол кезде алтын іздегендер емес, күрек сатқандар же­тістікке жеткен. Карантин уақы­тын пайдаланып, өзімізді дамы­туы­мыз керек. Бір орында тұралап қа­луға болмайды. Өзін-өзі дамытумен айналысқан адам, халықтың қажет­ті­лігіне қарай сапалы жұмыс істеген компаниялар жетістікке жетеді.    width=Алена ВЯЧЕСЛАВНОВА, Account expert агенттігінің директоры: – Қазіргі каран­тин жағдайында көбі қашықтан жұмыс істеп жатыр. Сон­дықтан қашықтан жұмыс істеуге мүм­кіндігі жоқ маман­дықтарға сұраныс та аз. Тек жеткізу қызметі тоқтаған жоқ және оған сұраныс мол. Карантиннен кейін біз күтпеген біршама өзгерістер болады дегенге сенбеймін. Барлығы қалпына келеді, адамдар өз мамандықтары, өз тә­жі­рибесі бойынша жұмысына қайтып оралады деп ойлаймын. Бұл – уақыт­ша шектеу ғана.    width=Раушан ЖАМАНБАЕВА, Prof Еxclusive агенттігінің директоры: – Азық-түлік дү­кендері мен дә­ріха­на­лар қарқынды жұ­мыс атқарып жатыр. Өйткені қазіргі кезде азық-түлік пен дәрі-дәрмекке сұраныс көп екені белгілі. Карантиннен кейінгі жағдайды сараптау өте қиын. Тіпті, ертеңгі күні не болары белгісіз. Бірақ бір нәрсе анық, жылжымайтын мү­лікке бұрынғыдай көп сұраныс болмайды. Өзіміз де үйде отырмыз. Алдағы кезеңді бағдарлап, өзімізше «тон пішу» де ауыр.  

 Мадияр ТӨЛЕУ