Жаһанды жайлаған коронавирус көптеген танымал брендтің өндіріс бағытын өзгертуге ықпал етті. Louis Vuitton, Dior, Celine, Fendi және басқалары медициналық киім мен бетперде тігуге кірісті. Ал Lamborghini дәрігерлерге арнап бет қорғайтын экран әзірлеп жатыр. Құдды бір соғыс жағдайындағы қажеттілік секілді.
Егер статистикаға көз салсақ, әлем бойынша коронавирусты жұқтырғандар саны 1 миллион адамнан асып жығылды. Науқастар ең жиі тіркелген елдердің қатарында АҚШ, Италия, Испания, Германия, Қытай, Франция, Иран бар. Алайда Қытайда инфекция таралуы азайып жатса, Батыс Еуропа мен Солтүстік Америкада дерт жұқтырғандар саны сағат сайын артып келеді. Әсіресе, АҚШ-тағы жағдай күрделі. Қысқа мерзімде науқас саны 10-20 мыңнан 250 мыңға бір-ақ көтерілді.
Дүниежүзі бойынша коронавирусқа шалдыққандардың 5 пайызы көз жұмды. Алайда сол Испания, Италия, Франция және Британияда бұл сан 10 пайыздың айналасында. Көптеген мемлекетте жаппай карантин жарияланды. Өндіріс тоқтады. Медициналық заттардың жетіспеушілігі байқала бастады. Қоғамдағы осы қиындықты көрген сән, парфюмерия, көлік саласының танымал компаниялары өз өндірісінің бағытын өзгертуге кірісті. Олар енді медициналық киім, респиратор, бетперде шығарып жатыр. Сұранысқа сай ұсыныс.
Киім орнына бетперде. Christian Dior, Louis Vuitton, Givenchy, Guerlain, Moët & Chandon және басқа да брендтерге иелік ететін Францияның атақты LVMH компаниялар тобы өз еліне 40 млн бетперде жеткізбек. Ал Gucci, Balenciaga, Saint Laurent тауар белгілерінің иесі Kering те медициналық киім мен бетперде шығара бастады. Қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты Испанияның Zara, Италияның Prada, Швецияның H&M Group компаниялары да өз өндіріс бағытын медицинаға қажет киімдерді тігуге бұрды. Prada бұл іске 18 наурызда көшті. Компанияның жоспары бойынша 6 сәуірге дейін 80 мың комбинезон және 110 мың бетперде дайын болуы тиіс.
Испанияның Zara және басқа да бренд киімдерін басқарушы Inditex компаниясы еліндегі медицина қызметкерлеріне 300 мың бетперде жіберу туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ Испанияның медициналық киімдерге деген қажетін өтеу үшін өз фабрикаларын, әсіресе Қытайда орналасқан өндіріс орындарының жұмыс бағытын өзгертуі мүмкін. Яғни, бетперде, қолғап, қорғаныс көзілдірігі, медициналық бас киім шығару жоспары бар. Британияның дизайнерлер кеңесі барлық дизайнерлер мен бренд киімдерді шығарушы компаниялардан жұртқа қажет қорғаныс заттарын өндіруді сұрады. Тек алыптар емес, Christian Siriano, Pyer Moss және Collina Strada сынды АҚШ-тың шағын брендтері де бетперде тігуге көшіпті. Әрине, аталған ірі құрылымдар өз өнімінің бәрін тегін тарата ма, әлде жартысын сатылымға шығара ма, ол жағы белгісіз. Бірақ жаппай карантин орнағанда (жұмыс орындары жабылғанда) бұл компаниялар үшін тауар мен ақша айналымын, өндіріс процесін, жұмыс орындарын сақтауға жақсы мүмкіндік. Сондықтан кеше ғана бірнеше мың доллардың киімін, қол сөмкесін тігіп жатқан ірі фабрикалар арзан бетперде шығаруға қуана кірісуі әбден мүмкін. Өйткені карантин уақыты қашан аяқталары белгісіз. Оған қоса, бұл брендтер әлем бойынша өздерінің жүздеген, мыңдаған дүкенін жапты.
Не қажет: иіссу ма, спрей ме? Коронавирус пандемиясы бетперде ғана емес, антисептикалық гель, спрей, санитайзерлерге деген сұранысты жоғарылатты. Нарықта олардың жетіспеушілігі туды. Жоғарыда аталған LVMH конгломераты құрамындағы қымбат иіссу, косметика да шығаратын Christian Dior, Guerlain, Givenchy және басқалары антисептикалық гель өндіруді де қолға алды. Бұл жөнінде LVMH басшысы әрі Еуропаның ең бақуатты адамы Бернар Арно хабарлады. Бұл өзгеріс компанияларға аса үлкен қиындық туғызбапты. Гельдерді Kenzo брендінің құтыларына құйып, 20 наурызда тарата бастаған. LVMH ұстанымы бойынша антисептикалық гель Франциядағы емхана мен ауруханаларға тегін таратылады. Бір аптада 12 тонна гель өндіруді жоспарлап отыр.
Жұрттың сұранысына сай өзгеріске L’Oréal және Coty сынды косметикалық компаниялар да бейімделіп жатыр. Мысалы, L’Oréal құрамындағы Garnier бренды антисептикалық сұйықтықты қарттар үйі, дәріхана, емханаларға жеткізбек. Coty компаниясы да гельді тегін таратуды ұйғарыпты. Арақ-шарап шығарушылар да осы бағытқа ауысуға бел буған. Француздың Pernod Ricard алкоголь өндіруші компаниясы антисептикалық гель шығаратын Laboratoire Cooper компаниясына 70 мың литр таза спиртті тегін жеткізу міндетін өз мойнына алыпты. Pernod Ricard-тың Швецияда Absolut арағын шығарушы бөлімі гель өндірмек. Яғни, спиртті көңіл көтеретін ішімдік үшін емес, вирусты залалсыздандыратын сұйықтыққа пайдалануды жөн көріп отыр. Мұндайда қолдағы бар затты саналы түрде жұмсау маңызды.
Суперкар, шаңсорғыш және зымыран. Қалауын тапса, қар жанады. Қажеттілік туса, тек киім ғана емес, басқа өндіріс орындарын да халыққа қажет тауарларды шығаруға бұра алады екен. Италияның Automobili Lamborghini көлік компаниясы Сант-Агата-Болоньез қаласындағы филиалдарын дәрігерлерге арнап хирургиялық бетперде мен бет қорғайтын экран өндіруге көшті. Оны Болоньядағы ауруханаға жібермек, ал өз кезегінде аурухана өкілдері өнімнің сапасын бақылап тұрады. Нақтырақ айтсақ, көліктің салонын қаптау бөлімі күніне мыңға жуық бетперде тікпек, ал зерттеу бөлімі 3D-принтер арқылы поликарбонаттан тәулігіне 200 бет қорғайтын экран жасап шығармақ.
Бүгінде науқастарды емдеуде өкпеге жасанды дем беру аппараты жоқтың қасы. Себебі коронавирус ең алдымен адамның өкпесіне зақым келтіреді. Аппараттың жетіспеушілігінен кейбір қарт науқастар одан саналы түрде бас тартып, ауруханадағы жастарға беруді сұрай бастады. Миллиардер Ричарда Брэнсонның Virgin Orbit ғарыш компаниясы аталған аппараттың өте қарапайым нұсқасын жасап шығыпты. Компанияның зымыран двигателін жасаушы инженерлері дәрігерлермен бірге өкпеге жасанды дем беру аппаратын ойластырған. Енді АҚШ билігі оны қолдануға рұқсат берсе, құрылғыны жаппай өндірмек.
5,8 млрд долларға ие британдық басқа миллиардер Джеймс Дайсон өзінің Dyson шаңсорғыш компаниясында аталған өкпені емдеуге қажет аппаратты өндірмек. Бұл ұсынысты Британ үкіметі жасаған екен. Себебі ауа ағынын басқару саласындағы компанияның тәжірибесі көмегін тигізуі мүмкін. Енді Dyson күрделі жобаны қысқа уақытта жасап шығаруы тиіс. Жалпы, бұған дейін Британияның денсаулық сақтау министрлігі 66 млн халық үшін ауруханалардағы 8 755 аппарат жетпейтінін мәлімдеді. Бұл ақпараттан соң HSBC өкпеге жасанды дем беру аппаратын шығара алатын стартаптарға жедел несие беруге дайын екенін хабарлады. Ал АҚШ-та ауруханаларда 160 мың аппарат бар. Резервте 12 700 тұр. Ал пандемия ушықса, 960 мың науқасты емдеуге тура келеді екен. Яғни, тыныс алу үшін маңызды құрылғы барлық елде жетіспей жатыр.
Мұндай қысылтаяң кезде белгілі филантроп, өнертапқыш, миллиардер, Tesla мен SpaceX басшысы Илон Маск та шетте қалмады. Ол Қытайдан 1 255 өкпеге жасанды дем беру аппаратын сатып алды. Сондай-ақ өзінің қоластындағы жоғары технологияға негізделген компаниялар да осы аппаратты шығармақ. Ол туралы Маск 19 наурызда хабарлады. Дегенмен оны жобалап, әзірлеу үшін уақыт керегін ескертті. Сондай-ақ SpaceX құрамындағы скафандр дайындайтын бөлім бетперде тігуге көшкен.
Міне, осылайша әлемнің ірі компаниялары өз еліне қолынан келген көмегін ұсынып жатыр. Басқалары аурухаларды немесе вакцинаны зерттеген ғылыми орталықтарды қаржылай қолдауда. Бір жағы бұл қайырымдылық белгісі болса, екінші жағы өндіріс процесі жұмыс істеп тұр. Бұл компаниялар үшін маңызды. Жалпы, әлемнің әр бұрышында жарияланған карантин миллиондаған тұрғынды өз үйінің тұтқынына айналдырды. Бұл — мыңдаған зауыт, фабрикалардың жұмысы тоқтады деген сөз. Егер пандемия одан әрі жалғаса берсе, онда инфекциялық дағдарыс әлемдік экономикалық дағдарысқа ұласатыны анық. Бүгіннің өзінде АҚШ-та жұмыссыздар саны 6,6 млн-ға жетті. Ал жаһан экономикасы 2020 жылы болжанған 2,6% емес, 0,5% ғана өседі деп Moody’s агенттігі мәлімет таратты. Яғни, биыл экономикалық даму 5 есе кемиді деген сөз.
Әлихан ИСМАН