Маралтай ақынның мақамдары
Маралтай ақынның мақамдары
Маралтайдың қатарынан қара үзген, қазіргі қазақ поэзиясының дүлділ дарабоз ақыны екенін туған әдебиетіміз бен өнеріміздің сан саласының саңлақтары жарыса жазғанына қарап-ақ бағалауға болар еді. Соған қарамастан, сыйлас іні, ақиық ақынымыз жігіт ағасы жасына толған тұста бірер ауыз сөзімізді арнап, ықыласымызды білдіруді жөн көрдім. Тегі бір ақынның шығармашылығы туралы әркімнің пайым-танымы әртүрлі бола беретіні бар. Сондай-ақ таза таланттың ашылмай, айтылмай тасада қалатын кездері болатыны да жаңалық емес. Бәлкім, мен де жұрт айтпағанды тап басып айта алмаспын, алайда тырысып бағайын деп шештім. Тәуекел… Ақын кітаптарының қай бетін ашып, қай өлеңін оқысаң да, өңкей үйлесім мен келісімге құрылған, қиыннан қиысты­рыл­ған шуақты шумақтары баурап ала­ды. Өйткені ақынның өлең-жырларының төрт құбыласы тең, құрылымының ер-тұрманы сайлы. Таратып айтар болсам: ақын өлеңдеріндегі сөздерінің бояуы қанық, теңеулері тосын, ұйқастары ұрымтал, әуезі әуенді, мазмұны мәнді. Жүрек сөзін тауып жазғандықтан да жан сарайыңды жарқыратып, жасандырып жіберетін тапқырлығы тамсандырмай қой­сын ба?! Өлеңдерінің тәлімдік  тәм­сілі, танымдық тереңдігі оның фило­со­фия­лық сипатын айғақтап тұр. Ойы те­рең, пайымы парасатты, сезімі тұң­ғиық. Ал эстетикалық әсері есіңде сақталып қалуының  сыры – осы ой-толғам­да­ры­ның сонылығында жатса керек. Оны ашын­дыратын ащы шындық – қоғамда орын алған әлеуметтік әділетсіздік. Ол – құр дал­баса айқай емес, сөз саптасы мен ой кес­тесі үйіріле үйлескен жұрты­ның жүре­гін­дегі сөздердің сәулесі. Ұлт­тың болмысы – таза қазақы қалпы өр­нек­тел­ген, өткірлігі мен өзектілігі ерекше өлеңдері сүйсінтіп, сүйіндіретін қасиеті­мен қымбат. Оқыр­ман­ның жан дүниесін дүр сілкін­ді­ре­тін себебі – арғымақ арын­ды, қыран қанатты ақын­ның өлең­де­рінің шынайы шын­дық­ты, алапат сезімді, пафосты парасатты келіс­ті­ріп жазуының арқасы. Ұлы далада мәңгілік елдің гүлденіп, өркендей беруі үшін ұлтқа аянбай қызмет көрсету әр қазақ баласының басты боры­шы­на айналса ғана мұратымызға жетеміз. Осы орайда зиялы қауымның, оның ішінде сөздері алабөтен өтімді ақын-жазу­шылардың азаматтық парызы айрық­ша. Азаттық таңы ата сала ақындық атқа мінген Маралтайдың өршіл өлең­де­рін бағалау барысында осы ұстанымға жүгінген жөн. Ақынның өлеңдерін оқи бас­таған сәт оның соншама мұңды сары­нының сырына бірден бойлай алмайсың. Елдігіміздің іргесін қалап, ежелден ар­ман­даған бақытты болашағы­мызға кө­шімізді түзеген сын сәтте жан жады­ра­тар, рух берер жарқын жырлар жазбай шерлі көңілдің күйін күйттей бергені несі деп қабақ шытып, ренжуің мүмкін. Алайда... артын бағып, ойлана келе, түсі­ні­гіміздің тү­бірінен қате екенін мойын­дауға мәж­бүр­сің. Сөйтсе, ақын бүгінді емес, елдің ертеңін ойлап, жаны күйіп, өртеніп өлең қашап жүр екен. Әйтпесе, мақтанып, ма­саттанып ода жазудың оңайлығын біле тұра оқырмандарына осындай күрмеуі күр­делі, түйсініп қабылдауға қиын, өр­нек­ті де өрелі өлеңдер ұсынбас еді ғой. Маралтайдың мақсаты Міржақыптың оян қазағын ойлан қазаққа жүгіндіру екен... ...Бұрылып қаратпайтын артыңа бір, Жастық-ай, сөзің өткір, зарпың ауыр. Шыға сап ару түннің қуысынан, Бірдеңе айтпақ болып халқыма бұл. Кім бірақ құлақ қояр кесіміме, Тілімді жат жауласа бесігімде. Ел жайлы ләм-мим демес ағалардай Жүргенмен Елбасының есігінде... («Алаң») Қарақан басының емес, ұлтының уайымын жүрекке жеткізе жырлауына қалайша риза болмассың. Өлеңдерінің өріміндегі өрлік пен ерлік­тің сарыны санаңды серпілтіп, текті ұлттың ұрпағы екеніңді есіңе түсіріп, мақтаныш сезіміне бөлейді. Мысалы, Маралтайдың «Кентавр» өлеңінде жарты әлемді жаулап алған бабаларымыздың өмірден намысын таптатпай өткендерін айтып, бүгінгі біздің өнеге алуымызды ойымызға салып әрі рухтандырып отыр. ...Болмауы тиіс мұратым мұңды Толағай бір ұл туатын сынды – Кісі бейнелі, тарпаң жүректі, Кешегі... біздің ұғатын сырды... («Кентавр») Бағзыдағы бабалардың сенімін ақтай­тын алаш арыстарының жас ұрпағы бары көңілге медет. Ақынның кентавры тар­паңы алапат рух, семсер сезім, зор сенімнің символы іспетті. Бұл ойымызды осы өлеңдегі мына бір шумақтар айғақтап тұр емес пе?! ...Пұшайман халім өртеді мені, Қылқобыз кеудем шертеді нені? Жал бітті, кенет... жотама менің Оқиғадағыдай ертегідегі. Ғаламат солай басталып бір сәт, Құйғытып кеттім тастарды турап. Атылдым көкке жай сияқтанып, Тұмғым алтын – Ай сияқтанып... («Кентавр») Бұлайша ұлтын ұлықтап, тағдырына алаң­дап, оның басынан кешкенін – өт­кен өмірінің қасиеті мен қасіретін терең­нен толғап, жүректі қозғап, көркем сөз­бен сомдау, әрине, білім-біліктің, көр­ген­­ді-көшеліктің, ақындық алғыр шебер­лік­­тің нәтижесі. Бүгінгідей қарба­лас, ала­шапқын уақытта бар уайымы халқы­ның асқақ мұратының орындалуын аңсап, ел болашағы – жас ұрпақтың сана­сына Абайша сәуле түсіруді мақсат еткен Маралтайдың сара сөзіне сүйініп, сүйсі­несің де, бәрекелді деп бата беруге асығасың. Жазира дала, асқар таулары, жерінің байтақтығы мен байлығы жат жұрттың қызғанышы мен көзқұртына айналып, бағзы заманнан күні бүгінге дейін оны бөліп алғысы келетін сырт елдердің сыры белгілі. Заманында Төле би бабамыз билік құрған, кейін жамбасы жерге тиген Ташкент шаһары да қазаққа тиесілі қала-тын. Сондай еліміздің еншісіндегі кие жерлердің кейбірі көршілеріміздің қоны­сы­на айналып кеткеніне ашынған хал­қы­мыздың өкінішін ақынның өлеңіне қосып, көне тарихты тірілтуі жөн-ақ қой. ...Жаныңды сенің жаралы сеземін елім, Заманның мынау тарылған кезеңін көрдің. Басына еркін бара алмай бабаның бүгін, Өртеніп ішім, өксиді өзегім менің. Сөзімді менің неғылсын тобасы төмен, Тарихын жазған түріктер обасыменен. Өлсе де біздің бабалар болашақ үшін, Белгілеп кеткен мекенін моласыменен. («Қарлығаш») Ал бұл – кешегі кеңестік кезеңде талай жері талапайға түсіп, қолды болғанын, Тәше­нов сынды асыл аза­маттардың күре­се жүріп қайтар­ғанын да есімізге салып отырған салмақты сөз. Ойын сөзбен өрнектеп, тереңнен толғап жазатын Маралтайдың ақындық қолтаңбасын жазбай танисың. Өйткені оның өмір, тіршілік туралы ой-толғам­дары­ның мазмұн-мағынасы өзгеше, жаңаша сипатымен оқшау тұр. Айталық «Алатау» өлеңінен екі түрлі ой түйесің. «Сені Күн, мені күншіл менсінбейді, тұрған соң табанымыз жерге тиіп» деген қос жолдан біз пендешілікке беріліп, өзінен аты озған, абыройы асқан адамды қызғаныштың қызыл итіне – көреал­мау­шы­лыққа салынудың салқынын сеземіз және сол бір сорақы қылықтан жирене­міз. Бұл бір қыры деңіз. Екіншіден, сен сияқты асқар тауы, мен сияқты арлы ақыны болмаса қазағым қайтер еді? Со­ның мәнін біле тұрып, өзгелерге өкпелемей, жадырап, жарқын ғұмыр кешейік, ел-жұртымыздың еңсесі биік болса ризамыз деген түпкі түйіні қандай ойлы, мәнді, мақсатты!.. Осы бір-ақ мысалдан Маралтайдың өлеңді жүрегінен өткізіп жазатын өте ойшыл да сезімтал ақын екеніне көзімізді жеткіземіз. Жаныңды тербеп, жүрегіңді жандыратын отты сезімге оранған оқыс ойлары санаңды ізгіліктің сәулесімен нұрландыратын шайырдың шапағатты өлең шумақтары өзінің осындай өзгеше сыр-сипатымен баурап алатыны ақиқат. Тәуелсіздіктің туы тігіліп, шаттыққа бөленген шақты шабыттана жырлаған шайырдың мына бір ойлары барша қазақ баласының жүрегіндегі сөзі ғой. Оқып көр: ...Бірлігімді тапсам-дағы жоғалған, Қайдан табам тарихымды тоналған?!. Тар жатырын жарып шыққан құлдықтың Сәби – елге сәулеңді құй, о, жалған. Кәрін қайта төкпесін деп жат өмір, Уа, бабалар, балаларыңа бата қыл. Ұрпақтарың үмітіне ер салды, Қолың бос па, демеп жібер, о,Тәңір! Тамырынан жаратылып текті сөз, Ал, арманшыл асқақ халқым, көкті кез... Көк байрақты қыран текті қазаққа Күн астында қанат жаяр жетті кез... («У қайтару») Ақындық тегеуріні алапат ақынның тапқырлығы таңданарлық. Елдің сөзін сөйлеп, тілегін жеткізудің бұдан асқан, бұдан өзге жолы бар ма?! Қилы кезеңдерді басынан өткерген қазақтың шерлі тағдырын жанымен түсінген ақынның жігерлі жырын асқақ рухты реквием ретінде қабылдайсың. Ақынның өлең-жырлары тұнып тұр­ған философиялық ой. Қоғам өмірін­дегі түрлі қиындықтар мен қайшы­лық­тар хақын­да ой толғап, түйінді толғаныстар арқы­лы зерделеу ақын шығармашылы­ғы­на арқау болған. Адамның рухани болмысын өлеңдерінде өрнектеген ақынның ой-толғамдарының тереңдігі мен сөзінің зеректігі айрықша! Ал енді рухани дағдарысқа ұшыраған ұрпақты ел келе­шегі, ұлт мүддесі тіпті де толғандыр­май тоқырауға ұрындырары белгілі. Ақынның жанын жеп, уайым-қайғы шегіп, ой-санасы арпалысқа түскен сәтте жүрегімен жазған жырлары бәрімізді де бейжай қалдырмасы хақ. Бір үміт, бір өкініштен тұратын өмір­дің сан сыны, сан сыры бар. Сол жайын­да толқи отырып, толғана сөйлеген Марал­тайдың күдік пен үміт алмаса арба­ған көңілінің тебіренісі оқырманын да ойға қалдырып, мазасыздандыруы ақиқат-ау... ...Аңсарын алған асындай болып жеріктің, Көрініп кезек көңілімді несін еліттің? Түсінесің бе, Түбірсіз мына дүниені, Пейілі таза, жүрегі аппақ көріктім? Баса да бердім, қайтейін, қате әр ізді. Табылмай қалып жанымды ұғар жан ізгі. Жалғанның жалған екенін сезіп барлығы Арларын сатып, Арсыз боп кеткен тәрізді... Жаныма жылы тигеннен кейін гүл демің, Өзіңе аштым тот басқан жүрек ілгегін. Қанаты дал-дал сұңқармен бірақ сапарға, Ғұмырын қиып, шыға да қояр бірге кім?!. («Үміт») Адамның рухани әлемнің әлімсақтан қалыптасқан құндылықтарын әспеттеу және сол киелі қасиеттен айырылып қалмаудың жолын адаспай табуды меңзеген ақын сөзінің түйіні түсінікті. ...Еріксіз түсер ылдидан, Еркіңмен шығар өр артық. Тізерлеп өмір сүргеннен, Көсіліп жатар көр артық... Өмір сүрудің асқақ та ақиқат қағида- сы – философиясы бұл. Ақынның жүре­гіңді жылататын, жаныңды жара­лай­тын құсалы өлеңдерін оқи отырып та жасы­май­сың: ойланасың, толғанасың, содан кейін сезімің серпіліп, жан дүниең жаса­нып, қайраттанып, жігерленіп, қайта туған­дай күй кешесің. Бұл болса ақын сөзінің құдіреті емей немене?! Жылқы мінезді, тарпаң тұлғалы бағзы бабаларының ұрпағы жалғасы екенімізді есімізге түсіріп, тіршіліктің қиын-қыстау сәттеріндегі сынақтарына кезіккенде жылап, жасымай, түнеріп, түңілмей, иіліп, бүгілмей, жігерленіп, намыстанып қасқая қарсы тұру қажетін қаперімізге салып отырған сөздері қандай сүйкімді! Ұлтты рухтандырып, қанаттандырып, жебеп жіберетін ұлағатты сөз. Шабытты да арынды ақынның күн­дей күркіреп, толқындай тулап, жасын­дай жарқылдаған рухты жырларына қоса, бірде самал желдей самал лебімен көңіл құсыңды көкке өрлетіп, бірде терең ойға батырып, мұңға бөлеп, бірде жан-жүре­гің­ді сыздатып сырласа жөнелетін лири­ка­лары да жетіп жатыр. Әсіресе, махаббат, сүйіспеншіліктің қыр-сырын ақтара, ағынан жарыла жазған жырларының жөні бөлек. Аққудай сыланған қырдың кер­без аруларының бекзат болмыс-бей­несін өлеңге көшірген суреткерлігі кере­мет. Аласұрып, асау арғымақтай алып қашқан алау сезімдер жыр жолда­ры­на жауһардай шашылып түскен. Ақын бұл орайда күйдім-сүйдім деген жалаң сөз­дер­ге әуес емес. Ынтызар көңілдің, жалын­ды жүректің ыстық сезімін суыт­пай, жан сырын жайып салады. Мәнәйі себеппен ғашығынан айырылып қалған жігіттің қоштасу сөзі, жаңа бүр жарған қызыл гүлдей үлбіреген көңілінің кенет солғын тартып, алыстап кеткеніне қапа­лан­ған сәті жан-жүрегіңді қозғайтын сиқырлы сезімге толы. Лирикалық кейіп­кердің өзін-өзі сабырға шақырған лепесінің түйініндегі шындығы – жатқан бір философиялық терең ойдың қызулы ошағы. ...Өткен күн өтті, жоғалған, Уайымдай берме, у ішіп... Осынау екі-ақ жол өлеңде өмірдің астарлы ақиқаты, сырлы суреті барынша боямасыз айтылған-ақ қой... Жалғанда жаныңды түсінетін жалғыз адамыңа хабарласып, мұңыңды шағып, бір жеңілденіп қалғың келер кездер болады емес пе?! Сондай сәттегі сезіміңді сөзбен суреттеген ақын: ...Мен саған хабарласам, күйінгенде, Иілмес жерде басым иілгенде. ...Мен саған хабарласам, күле алмасам, Қайтейін халімді ұғып, тіл алмасаң. Жақындап о басыңда нең бар еді, Шешініп өрт ішіне кіре алмасаң. Басқа емес, жаны нәзік, сыйласып, сырласып, сеніп жүрген қыз балаға осылайша, таусыла тіл қатып, базына-тілегін жеткізіп отыр әрі оның жаралы жанын түсініп, демеу боларына күдігі де бар сияқты. Мына қиюы қашқан тіршіліктің ащы-тұщы дәмін тата жүріп, тағдырдың тар соқпағынан адаспай, аман-есен шығуды көксеп, жанын түсінетін оқырманына сырын айтып, тұманды ойын сейілтіп алғысы келген кейіпкердің пәк сезімін білдіретін өлеңнің пәлса­палық парасатына сүйсінбеске не шара?! Оқып көрейік: ...Сырымды өзгеге емес, саған ашам, (Ашпас ем, сені жақын санамасам). Арымның ақ отауы бәріңе ортақ, Тағдырдың дауылында паналасаң. ...Сырымды түсінер деп саған ашам. (Сырласар адамдар да аз, сараласаң) Көресің тереңімде не жатқанын, Жанымның жағалауын жағаласаң. («Ғазиз сезім») Адамның ұйқысын шайдай ашатын, жаураған жүрегін жылытатын, үмітінің үзігін жалғап, тынжыр мұңын сейілтіп, арман асуларына құлшындыратын, шы­найы шындығымен рухани шөліңді қан­дыратын рухты өлең-жырлары оқыр­ман ойын тербеп, толғандыратын, талантына табындыратын Маралтайдың болмысы бөлекше ақын екені бәсеке­ден белгілі. Көңілдегі сырын жүрегіндегі жырына орап, қалың елі – қазағының рухын оятып, намысына қамшы басқан айбоз ақынның арман-мақсаты Ұлы даланың ұл-қыздарының бақытты дәурен сүріп, бостан халқының жарқын болашағына, ұлтына қалтқысыз қызмет көрсетуді азаматтық парызы санауларына тілек қосу. Бүгінгі қазақ өлеңінің өрең жүйрігі санатындағы саңлақ ақын Маралтайдың мақамдарынан көңілге түйген ойларым­ның бір үзігі осы еді... Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты