Атырауда 20 адам ауруханаға жатқызылып, олармен байланыста болған жүздеген адам оқшаулау нысандарына орналастырылды. Қалада 30 наурыз күні карантин жарияланып, 1 сәуірден бастап қатынас тоқтады. Ел қауіптенген індеттің алғашқы дерегі Атырау облысында 27 наурыз күні үш адамнан анықталды. Олар – Нұр-Сұлтан, Стамбұл, Амстердамнан келген жергілікті тұрғындар. Науқастар №2 облыстық ауруханаға жатқызылып, емдеу шаралары басталып кетті. Бүгінгі таңда аймақта індет жұқтырудың 20 оқиғасы тіркелді. Олардың дені – арнайы рейспен келген жолаушылар. Анализ алған медицина қызметкерлері және облыстық ауруханада жатқан науқаспен бірге қарым-қатынаста болған адамдар да ем қабылдап жатыр.
Адам тағдыры үшін күрес басталды
Елімізде карантин жарияланған күннен бастап жергілікті әкімдік халықты бетпердемен қамтамасыз етуге жедел кірісті. Жергілікті кәсіпкерлер мен тігін цехы бар азаматтар бетпердені тегін таратып, ал жағдайы барларға төмен бағамен сатып, қолдау көрсетуде. Бұдан басқа, карантин кезінде адамдар үйлерінен шықпау үшін жергілікті кәсіпкерлік және денсаулық басқармалары тарапынан асхана мен мейрамхана тағамдарын, дәріханалардан дәрі-дәрмекті жеткізіп беру кестесі құрылды. Жеткізу түрі, бағасы мен тасымал құны белгіленген арнайы хабарландыру әлеуметтік желілер арқылы таратылуда. Осы іске және халықтың жағдайын реттеуге көмектесу үшін Азаматтық орталық жанынан «Еріктілер штабы» құрылды. Штаб бірнеше бағытта жұмыс атқарады. Тұрғындарға өз автокөліктерімен азық-түлік жеткізетін, дәрі-дәрмек тарататын және жедел жәрдем қызметкерлеріне көмектесіп, азық-түлік бағаларына мониторинг жасайтын, полиция қызметкерлерімен рейдке шығатын және бірнеше мәрте пайдалануға болатын бетперде тігуге көмектесетін тігіншілерден құралған еріктілер. Атырау облысы бойынша 1А санатына жататын елдерден келген азаматтарды 14 күн карантиндік оқшаулау мақсатында барлығы 340 провизорлық бөлімше мен 1 910 оқшаулау орны әзірленген. №2 Атырау облыстық ауруханасының жанынан инфекцияны жұқтырғандарды емдеуге 130 кереует, оның ішінде 24 реанимациялық кереует дайын. Атырау облысы бойынша барлығы 111 ИВЛ, яғни өкпеге жасанды жел беру аппараты (61 ересек ИВЛ аппараты) бар. Тағы 20 аппарат жуырда өңірге жеткізілетін болады. Бір қуанарлығы, халықтың сұрақтарына дер кезінде жауап беру үшін Өңірлік коммуникациялар қызметі күнделікті баспасөз мәслихатын өткізеді. Ең маңызды сауалдарға облыс әкімінің бірінші орынбасары, орынбасарлары мен басқарма, өңіріміздегі өзге де құрылымдардың департамент басшылары мен жауапты орган өкілдері арнайы шығып жауап береді. Әсіресе, облыстық Ішкі саясат басқармасы басшылығы тарапынан халыққа жететін ақпараттың нақтылығы өңір тұрғындары тарапынан дүрбелең туындамауына септігін тигізуде. Елдегі дезинфекция жұмыстарына жұрттың көңілі толмай отырғаны шындық. Алайда Атырауда дезинфекция жұмыстары аптасына үш рет жүргізілуде. Бүгінгі таңда елде карантин басталғалы жүргізілген дезинфекция жұмыстарынан соң әлі де 12 мың тонна ерітінді бар. Жуырда тағы 6 мың тонна ерітінді жеткізілмек. Құзырлы органдар Атырау қаласына кіру және шығу толық шектелгеніне қарамастан блок-бекеттерді айналып өтпек болғандарды анықтау үшін дрондар мен өзге де заманауи құрылғыларды пайдалануда. Десек те, қалаға кіріп, шығуға шектеу енгізілген уақытта Өзбекстан елінің азаматы Алмалы — Талдыкөл селолары арқылы Индер бағытына жаяу өтпекші болған. Талапқа бағынбаған азаматқа қатысты ӘҚБтК 476-бабына сәйкес әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, сот қаулысымен бес тәулік қамаққа алынды. Карантин кезінде барлық провизорлық нысан мен карантиндік стационар күзетке алынды. Полиция қызметкерлері радиохабар таратқыш арқылы карантин талаптарын сақтауды ескертуде. Сонымен қатар аса маңызды стратегиялық нысандарда күзет күшейтілді. Алайда облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, карантин талаптарын бұзу оқиғалары орын алуда. Елімізде карантин күшіне енген күннен бастап төтенше жағдай режимін бұзған 48 адамға әкімшілік хаттама толтырылған.Дәрігерлерге қонақүй, карантинге көпқабатты үйлер...
Бүгінде провизорлық стационарда жатқандар саны – 40, карантиндік стационарда жатқандар саны – 151, үй карантинінде жатқандар 1 298 адамға жетті. Бұл көрсеткіштің күннен-күнге артуы халықты да, жергілікті атқарушы билікті де алаңдатып отыр. Адамдардың қауіпсіздігі мен денсаулығы үшін әкімдік тарапынан тоғыз қабатты екі үй, барлығы 480 пәтер карантин стационарына берілді. Сондай-ақ кәсіпкер Әлібек Семғалиев жалпыұлттық #BizBirgemiz науқанына қатысып, өзінің 2 700 шаршы метр аумақты «Пекин» қонақүйін науқастарды емдеуші дәрігерлерге берді. Атырауда инфекциялық стационарда апта бойы 60 медициналық қызметкер жұмыс істеуде. Облыстық аурухана директорының орынбасары Надя Ерғалиеваның айтуынша, медициналық қызметкерлер арасында дәрігерлер, медбикелер, фельдшерлер, еден жуушылар мен ағаш ұстасы бар.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы