Тұрмысы төмен отбасылар көмексіз қалмайды

Тұрмысы төмен отбасылар көмексіз қалмайды

Қарағанды облысында Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес төтенше жағдай режимінде азық-түлік-тұрмыстық жинақтармен қам­ту үшін 6 мыңнан аса балаға 34 млн теңге берілді. Ал ай­мақ­тың 3 700 тұрғынына 42 500 тең­ге көлеміндегі жәр­дем­ақы та­ғайындалды. – ТЖ кезеңінде АӘК алу­шы отбасылардың 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларын, I, II және III топтағы мүгедектер мен мүгедек балаларды, оларды күту­мен айналысатын ата-ана­лар және ресми тіркелген жұмыс­сыздарды азық-түлік, тұрмыс­тық жинақ­тармен қамту мақсатында әр­қай­сысына 5 567 теңге есепшоттарына аударылды. Оның ішінде наурыз айында облыс бойынша 6 207 балаға 34 565 теңгеге азық-түлік, тұрмыстық жиынтық берілді, – деді облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дар­ламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова. Қарағанды облысында тө­тенше жағдай режимінде тұрақ­ты жұмысы мен табысынан айы­рылған 400-ден астам көпбалалы отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Ет, жеміс-жидек, ұн және күнделікті тұтынатын құралдарды тұрмысы төмен отбасыларға көмек ретінде кәсіпкерлер ұсынды. «Татар және башқұрт Қазақстан конгресі» қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысындағы филиалы тұрмысы төмен отбасыларға 12 тонна азық-түлік пен көкөніс та­ратты. Ал тәжік этномәдени бір­лестігінің өкілдері Әнет баба меші­тінің орталық штабына алғашқы қажетті азық-түлік жеткізді. – Бүкіл әлем мен еліміз өте күр­делі кезеңді бастан кешкен уа­қытта бірлік пен ынтымақ таныту­дың маңызы зор. Коронавирус індеті біз үшін ортақ қауіп және ол ұлт немесе дінді таңдамайды. Біз, қазақстандықтар көптеген сы­нақты бастан кешірген елміз. Бұл жолы да қиындықты жеңетінімізге күмәнданбаймыз, – деді «Татар және башқұрт Қазақстан конгресі» қоғамдық бірлестігі Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Шамиль Осин. «Талбесік» көпбалалы аналар қозғалысының құрамында 600-ге жуық ана бар. Қозғалыс көп­балалы, жалғызбасты және мүгедек бала тәрбиелеуші отбасыларға Үкіметтен көрсетілетін жәрдемдер мен мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңес беріп, өз құқықтарын қорғауға көмек көрсетеді. Төтен­ше жағдай кезінде көптеген отба­сы қаржылық қиындыққа тап бол­ды. Осы кезде күнкөрісінен айы­рылған халыққа «Талбесік» қозға­лысы демеушілер тауып, азық-түлік жеткізіп беруде. – Біз жұмыспен қамту жә­не әлеуметтік бағдарламалар бөлі­міне табысы төмен көпбалалы отба­сылар тізімін жібердік. Олар­дың барлығына көмек көрсетілді. Мысалы, Jas Otan Жастар қанаты 103 отбасын көкөніс және басқа да қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етті. «Жәке» шаруа қожалығы 80 отбасыға бес келіден ет, «Алтын Арба» ба­зары 110 от­ба­сына азық-түлік­пен көмек көр­сетті. Сондай-ақ «Мелькомбинат» диірмен комби­на­ты мен «Ақ­жайық» ЖШС 60 отбасыға 1 тонна ұн тарту етті, – дейді Қа­ра­ғанды облысы «Талбесік» көп­ба­лалы аналар қозғалысы жетек­шісінің орынбасары Айжан Байделдинова. Қарағанды облысында 193 мың оқушы қашықтан оқуға көшті. Соның ішінде 36 мың бала көпбалалы отбасынан шыққан. Олардың ішінде 8 112 балада интернетке қосылатын құрал жоқ. Облыстық Білім басқармасы осы оқушыларға қашықтан оқуға мүмкіндік беру үшін бюджеттен 377 млн теңге бөлді. Төртінші тоқ­сан басталғанша, бұл оқушы­лардың барлығы планшетпен және тегін интернетпен қамтылады. Көпбалалы ана Айша Сүлейменоваға Қарағанды қала­сындағы №102 мектеп тегін интернет қосылған 2 планшетті қолдануға берді. Айшаның екі баласы екі түрлі ауысымда оқиды. Енді көпбалалы ана қашықтан оқудың жаңа бағдарламасын балаларымен бірге меңгеруде. Бұл балаға көңіл бөлуге жақсы мүмкіндік дейді көпбалалы ана. Балаларға интернет арқылы білім алу қиындық туғызбапты. – Біз бүгін мұғаліммен бірге компьютер арқылы сөйлестік. Күнде кітап оқимыз, сабақ көбейіп кетті, – дейді Нұржас Мұхамеджанов. Бүгінгі таңда Қарағанды облысында 417 ауылдың 244-і кең жолақты интернетке және төр­тінші буындағы мобильді желіге қосылған. Биыл мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағ­дарламасы бойынша бұл қызметті тағы 54 ауыл пайдалана алады. Одан кейін аймақта 250 адамнан астам халқы бар 84 ауылды ин­тернетпен қамтамасыз ету бағдар­ламасы жүзеге аспақ. Қашықтан оқу кезінде интер­нетке үлкен көлемде жүктеме түседі. Көп ата-ананы осы мә­селе толғандырып отыр. «Қазақ­телеком» АҚ және «Транстелеком» карантин кезінде интернет жыл­дам­дығы артатынын және бере­шегі бар тұрғындарды сандық те­леди­дардан ажыратпайтынын мә­лімдеді. Сондай-ақ Beeline, Кcell және Tеlе2 ұялы желіле­рінің операторлары білім беру ре­сурс­тары мен ЖОО-ның сайт­тарына, электронды анықта­ма­лық деректер базасына, он­лайн-күнделікке, электронды білім беру порталдарына серти­фикатталмаған қолжетімділікті ұсынды. Бұл платформаларды интернет тарифтері шектелген адамдар да пайдалана алады. Қарағанды облысында тө­тенше жағдайлар кезінде ком­муналдық қызметтерді төлеуге де жеңілдік қарастырылды. Қарызы бар тұтынушылар коммуналдық игіліктерден ажыратылмайды, сондай-ақ айыппұлдар мен өсім­пұлдар есептелмейді. Ком­муналдық қызметтерді төлеу мер­зімін ұзарту үшін өтініш жазудың немесе тиісті ұйымдарға жүгінудің қажеті жоқ. Ол автоматты түрде тағайындалады. Газ, электр және жылу бойынша көрсеткіштерді беруге қатысты да алаңдаудың қажеті жоқ, оларды кейінірек хабарлауға болады. Коммуналдық қызметтерді төлеу мүмкіндігі бар тұтынушылар төлем­дерді банктердің мобильдік қосымшаларының көмегімен жасай алады.  

 

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы