Елбасының өңір басшыларымен қай бағытта әңгіме өрбіткені туралы Тұңғыш Президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай айтып берді. "Кеше Қазақстанның Тұңғыш Президенті әкімдермен жеке-жеке телефон арқылы әңгімелесті. Ағымдағы жағдайды ескере отырып, төтенше жағдай кезінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері негізгі тақырып болды. Нұрсұлтан Назарбаев еріктілердің және халықты қолдау жөніндегі жұмысқа тартылған барлық басқа да адамдардың денсаулығы үшін алаңдаушылық білдірді. Елбасы вирус жұқтыру қаупін азайту мақсатында әкімдерге еріктілер мен әлеуметтік қызметкерлердің жұмыс форматын қайта қарауды ұсынды. Сонымен қатар, әкімдер "Birgemiz" Қоғамдық Қорымен аймақтың әрбір мұқтаж тұрғынына атаулы көмекті жеткізу бойынша бірлесе атқарылып жатқан жұмыс туралы айтты. Мысалы, Ақмола облысында шамамен 3 мың адам қор қаражатынан 50 мың теңге көлемінде көмек алады. Солтүстік аймақтардың әкімдерімен әңгімелесу барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті су тасқынына қарсы іс-шараларға және егіс науқанына дайындыққа ерекше назар аударды. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев аграрийлердің дайындығына, ауыл шаруашылығы техникасының жай-күйіне қызығушылық танытты. Елбасы әкімдерден аграршыларға қолдау білдіріп, ағымдағы қиындықтарға қарамастан, агроөнеркәсіптік кешенге жан-жақты қолдау көрсетілетініне сендіруді сұрады. Оңтүстік облыстардың басшыларымен әңгіме барысында Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы бұл өңірлердің елдің барлық елді мекендеріне азық-түлік жеткізуді қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірдің кейбір аудандарында ерте пісетін көкөністерді жинау науқанының басталғандығы туралы баяндады. Сондай-ақ, Елбасы Түркістан қаласындағы құрылыстың барысы туралы хабардар болды. Облыс әкімі құрылыс алаңдарында барлық санитарлық-эпидемиологиялық шаралар сақталатынына сендірді. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовпен телефон арқылы сөйлесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылы қант қызылшасының жалпы жиналуын ұлғайту жөніндегі жоспарлар мен Алматы апортын жаңғырту процесіне қызығушылық танытты. Сонымен қатар, А. Баталов аймақта қосымша 23 мың жұмыс орнын ашу және Талдықорған-Үшарал-Достық бағыты бойынша автомобиль жолын салу барысы туралы баяндады. Аймақ басшыларымен әңгіме барысында Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет өз азаматтарын жан-жақты қорғауды қамтамасыз ететініне және Қазақстан барлық қиындықтарды жеңетініне сенім білдірді", деп хабарлады Елбасының баспасөз хатшысы.