Еуропадағы жалғыз чемпионат
Еуропадағы жалғыз чемпионат
Жер-жаһанды жайлаған жаман ін­деттің кесірінен Еуропа елдерінің чем­пионаттары нағыз қызған шағында тоқ­тап қалды. Кейбір лигалар мау­сым­ды ерте аяқтап, чемпиондықты тур­нирлік кестедегі орынмен-ақ анық­тай салды. Қазақстанда да 2 турдан соң қалған ойындар кейінге шегерілді. УЕФА құрамына кіретін елдерден тек Беларусь біріншілігі тоқтаған жоқ. Ел билігі ойын­дар­ды тоқтату ту­ралы ешқандай тапсырма бермеген.  Қазіргі таңда Беларусь елін­де 304 адам коронавирус жұқтырып, 4 адам көз жұм­ған. Бірақ бұл жағдай футбол­дан ішкі чемпионаттың баста­луына кедергі бола қойма­ды. Клуб басшылығы да жарыс­тың басталуына қарсылық та­ныт­пады. Тіпті, жанкүйерлердің келуіне де тыйым салған жоқ. Не деген бейқамдық дерсіз. Футболдан Беларусь чем­пионатының деңгейі аса жоғары да емес. Әйтсе де, фут­болсүйер қауым қазір осы елдің жарысына көз тіге бастады. Бұл Беларусь футболы үшін үлкен ж­арнама болды. Сондай-ақ Азия мен Аф­рика елдерінде де футбол мау­сымы жал­ғасуда. Атап айтқанда, Никарагуа, Малави, Ангола, Бурунди елде­рінде фут­бол чем­­пионаты әлі тоқтаған жоқ. Кей клубтар өзара жолдастық ойындар өткізуде. Жа­қында Тә­жікстан біріншілігі де бастал­ғалы жатыр. Ал Беларусь мем­лекеті – Еуропадағы футболды тоқтатпаған жалғыз ел. Беларусь жоғарғы лига­сының ойын­дарын көрсету құқығы бар болғаны 210 мың доллар тұрады екен. Аталған деректі Sport.ua порталы хабарлады. Ресейлік MatchTV тікелей көрсетілім үшін жо­ға­рыда көр­се­тілген соманы тө­леген. Біріншіліктің ал­да­ғы ойын­­дарын көрсету құқығын көп­­теген елдер сатып алды. Олар­дың арасын­да ре­сейлік Sport 1 және украиналық FootballHub YouTube арналары бар. Бірақ ол үшін қанша ақша төлегені туралы нақты мәлімет жоқ. Бұл елдегі біріншіліктің ойын­­дарын 12 ел, атап айт­қан­да Литва, Болгария, Украина, Израиль, Үндістан, Сербия, Хорватия, Босния және Герцеговина, Ресей, Чер­­но­гория, Словения және Солтүстік Македония мемлекеттерінің ар­насы көр­сететін болды. Бұ­ған дейін бейресми ақпа­рат көз­дері қазақстандық QazSport арнасы Беларусь біріншілігінің ойындарын көрсету құқығын сатып алғаны туралы жазған бо­латын. Бірақ ақпарат расталған жоқ. Федерация басшылығы «ко­ронавирус пан­демиясы футболды тоқтатпау керек» деген ойда секілді шамасы. Қауіпті, әрине. Әзірге футболшылары мен клуб қызмет­кер­ле­рінен ешқандай індеттің белгісі табыл­маған. Жақында ғана By.tribuna.com спорттық интернет-пор­талының тілшісі Дмитрий Руто Беларусь футболының тоқтатылмау себебін айтты. – Коронавирус індеті федерация басшыларын алаң­датып отырған жоқ. Өйткені Беларусь мемлекетінде басқа елдермен салыстырғанда, сыр­қаттанғандар саны аз. Жағдай салыстырмалы түрде бақылауда. Сол үшін чемпионатты тоқтатуға ешқандай негіз жоқ. Елде 6 сәуірге дейін барлық спорт түр­лерінен өтетін жарыстар тоқ­татылды. Спорт залдарына баруға тыйым салынды. Кәсіби мамандар: «Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысын орын­­даңыз, жеке гигиена ере­жесін сақтаңыз, бәрі жақсы болады» деп отыр. Бірақ «фут­бол біріншілігі 100 пайызға тоқтатылмайды» деп ешкім дөп басып айта алмайды. Оның үстіне, сырқат адамдардың саны күн сайын артып жатыр. Осы маусымда барлық клуб басшылығы букмекерлермен белсенді жұмыс істеуде. Parimatch пен Maxline ABFF-тің ресми серіктестеріне айналды. Менің ойымша, букмекерлер федерацияны чемпионатты тоқтатпау үшін ынталандырды. Сол себепті біздегі футбол жал­ғасуда. Қазіргі кезде ойын­ды тамашалауға келетін жан­күйерлер саны күрт азайды. Әр күн сайын «чемпионат тоқтап қалуы мүмкін» деген әңгіме жиі айтылып жүр. Бұл – әзірге сыбыс қана. Бірақ жаттықтырушыда немесе футболшыда вирустың белгілері анықталса немесе бар екені расталса, чемпионат тоқтатылуы мүмкін, – дейді спорт журналисі. Әзірге біріншіліктің қай кезде тоқтаты­латынын Беларусь футбол федерациясынан басқа ешкім білмейді. Анығы алда 3-турдың ойындары ойналады. Әлем дүрлігіп жатқан кезде алаңсыз футбол ойнауды ерлік дейміз бе, әлде ессіздік дейміз бе? Қайткен күннің өзін­де кейін бұл оқиға тарихта қалары сөзсіз. Ресейлік спорт маманда­ры­ның «әлемдегі ең мықты чемпионат жалғасып жатыр» деп әзілдегені бар. Әзілдесе әзілдегендей. Футбол ойналар, ал футболшылар мен бап­керлердің қауіпсіздігіне кім жауап береді? Пайданы ойлап, халықтың өмірімен ойнау емес пе? Соңы жақсы болсын дейміз.  

 width=    Абылайхан ЖҰМАШ