Жер-жаһанды жайлаған жаман індеттің кесірінен Еуропа елдерінің чемпионаттары нағыз қызған шағында тоқтап қалды. Кейбір лигалар маусымды ерте аяқтап, чемпиондықты турнирлік кестедегі орынмен-ақ анықтай салды. Қазақстанда да 2 турдан соң қалған ойындар кейінге шегерілді. УЕФА құрамына кіретін елдерден тек Беларусь біріншілігі тоқтаған жоқ. Ел билігі ойындарды тоқтату туралы ешқандай тапсырма бермеген. Қазіргі таңда Беларусь елінде 304 адам коронавирус жұқтырып, 4 адам көз жұмған. Бірақ бұл жағдай футболдан ішкі чемпионаттың басталуына кедергі бола қоймады. Клуб басшылығы да жарыстың басталуына қарсылық танытпады. Тіпті, жанкүйерлердің келуіне де тыйым салған жоқ. Не деген бейқамдық дерсіз. Футболдан Беларусь чемпионатының деңгейі аса жоғары да емес. Әйтсе де, футболсүйер қауым қазір осы елдің жарысына көз тіге бастады. Бұл Беларусь футболы үшін үлкен жарнама болды. Сондай-ақ Азия мен Африка елдерінде де футбол маусымы жалғасуда. Атап айтқанда, Никарагуа, Малави, Ангола, Бурунди елдерінде футбол чемпионаты әлі тоқтаған жоқ. Кей клубтар өзара жолдастық ойындар өткізуде. Жақында Тәжікстан біріншілігі де басталғалы жатыр. Ал Беларусь мемлекеті – Еуропадағы футболды тоқтатпаған жалғыз ел. Беларусь жоғарғы лигасының ойындарын көрсету құқығы бар болғаны 210 мың доллар тұрады екен. Аталған деректі Sport.ua порталы хабарлады. Ресейлік MatchTV тікелей көрсетілім үшін жоғарыда көрсетілген соманы төлеген. Біріншіліктің алдағы ойындарын көрсету құқығын көптеген елдер сатып алды. Олардың арасында ресейлік Sport 1 және украиналық FootballHub YouTube арналары бар. Бірақ ол үшін қанша ақша төлегені туралы нақты мәлімет жоқ. Бұл елдегі біріншіліктің ойындарын 12 ел, атап айтқанда Литва, Болгария, Украина, Израиль, Үндістан, Сербия, Хорватия, Босния және Герцеговина, Ресей, Черногория, Словения және Солтүстік Македония мемлекеттерінің арнасы көрсететін болды. Бұған дейін бейресми ақпарат көздері қазақстандық QazSport арнасы Беларусь біріншілігінің ойындарын көрсету құқығын сатып алғаны туралы жазған болатын. Бірақ ақпарат расталған жоқ. Федерация басшылығы «коронавирус пандемиясы футболды тоқтатпау керек» деген ойда секілді шамасы. Қауіпті, әрине. Әзірге футболшылары мен клуб қызметкерлерінен ешқандай індеттің белгісі табылмаған. Жақында ғана By.tribuna.com спорттық интернет-порталының тілшісі Дмитрий Руто Беларусь футболының тоқтатылмау себебін айтты. – Коронавирус індеті федерация басшыларын алаңдатып отырған жоқ. Өйткені Беларусь мемлекетінде басқа елдермен салыстырғанда, сырқаттанғандар саны аз. Жағдай салыстырмалы түрде бақылауда. Сол үшін чемпионатты тоқтатуға ешқандай негіз жоқ. Елде 6 сәуірге дейін барлық спорт түрлерінен өтетін жарыстар тоқтатылды. Спорт залдарына баруға тыйым салынды. Кәсіби мамандар: «Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысын орындаңыз, жеке гигиена ережесін сақтаңыз, бәрі жақсы болады» деп отыр. Бірақ «футбол біріншілігі 100 пайызға тоқтатылмайды» деп ешкім дөп басып айта алмайды. Оның үстіне, сырқат адамдардың саны күн сайын артып жатыр. Осы маусымда барлық клуб басшылығы букмекерлермен белсенді жұмыс істеуде. Parimatch пен Maxline ABFF-тің ресми серіктестеріне айналды. Менің ойымша, букмекерлер федерацияны чемпионатты тоқтатпау үшін ынталандырды. Сол себепті біздегі футбол жалғасуда. Қазіргі кезде ойынды тамашалауға келетін жанкүйерлер саны күрт азайды. Әр күн сайын «чемпионат тоқтап қалуы мүмкін» деген әңгіме жиі айтылып жүр. Бұл – әзірге сыбыс қана. Бірақ жаттықтырушыда немесе футболшыда вирустың белгілері анықталса немесе бар екені расталса, чемпионат тоқтатылуы мүмкін, – дейді спорт журналисі. Әзірге біріншіліктің қай кезде тоқтатылатынын Беларусь футбол федерациясынан басқа ешкім білмейді. Анығы алда 3-турдың ойындары ойналады. Әлем дүрлігіп жатқан кезде алаңсыз футбол ойнауды ерлік дейміз бе, әлде ессіздік дейміз бе? Қайткен күннің өзінде кейін бұл оқиға тарихта қалары сөзсіз. Ресейлік спорт мамандарының «әлемдегі ең мықты чемпионат жалғасып жатыр» деп әзілдегені бар. Әзілдесе әзілдегендей. Футбол ойналар, ал футболшылар мен бапкерлердің қауіпсіздігіне кім жауап береді? Пайданы ойлап, халықтың өмірімен ойнау емес пе? Соңы жақсы болсын дейміз.