Адамды жол бойына лақтырған кім?

Адамды жол бойына лақтырған кім?

Елімізде коронавирус инфекциясы таралуына байланысты төтенше жағдай енгізілгелі алматылық БАҚ өкілдерін тұрақты мекені жоқ жандардың жайы алаңдатқан. Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі үйсіз-күйсіз жүрген жандардың Әлеуметтік бейімдеу орталығына оқшауланғанын хабарлаған. Ол жерде 152 тұрғын барын, олар үшін Көксай кентінде арнайы ғи­марат бөлінгенін, белгілі тұрағы жоқ азаматтар бұл жерді карантин біткенге дейін паналай алатынын айтқан. Көпшіліктің көңілін жайландыру үшін журналистер бұл ақпаратты басылымдарда жариялаған. Соңғы деректер бойынша, Алматыдағы қаңғыбастардың біразын Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылына апарып тастағаны белгілі болды. Тұрғындардың ай­туынша, қаладан Бесағаш ауылына белгілі тұрағы жоқ 30-40 азамат келген. Барлығын жол бойына лақтырып кеткен. Куәгерлер олардың «Газель» машинасымен жеткізілгенін айтады. Олар осы күнге дейін негізінен қала­дағы бұрынғы «Саяхат» автовокзалы маңайында жүрген. «Бомждарды тасу­шылар үш рейс жасады. Мұнда бой тасалайтын, тығылатын жер жоқ. Олар түнімен жаңбыр астында ұйықтап шықты. Қазір оларға тамақ берудің жол­дарын қарастырып жатырмыз. Бү­гінде бүкіл елде төтенше жағдай жа­рия­ланып, карантин режимі енгі­зілді. Ешкім үйден шықпай, бет­пер­демен қымтанып, барлық тазалық ша­расын қолданып жүрміз. Ал Ал­маты бас­шылығының ай-шайға қара­май, бомждарды лақтырып кет­кенін түсіне алмай отырмыз. Олар­дың вирус таратушы болмасына кім кепіл? Егер коронавирустың тарал­мауын­а шынымен мүдделі болса, бомж­дарды жинап, арнайы орын­да неге ұстамайды? Осылай ауыл ше­тіне лақтырып кеткеннен мәселе ше­шіле ме? Халыққа күн сайын үйде отыруды тапсырып жатыр, ал нағыз вирус тасымалдаушы болуы мүмкін бомждарды ауылға тасуда. Логика қайда?», – дейді атын атамауды сұра­ған тұрғынның бірі. Алматы қаласы Бейімдеу орта­лығының директоры Харсан Таранов қала әкімшілігінен Көксай ауылында 20 төсек бөлінгенін растап отыр. Ақыры арнайы бөлінген орын бар екен, неге үйсіз-күйсіз жүрген жандар об­лыс аумағына жеткізілген? Бізге беймәлім тұсы – осы.  

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ