Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы ассамблеясының XXVII сессиясы өтті. Қазақ жерін мекендеген этностардың құрылтайына «Татулық пен келісім формуласы: бірлік және жаңғыру» тақырыбы арқау етілді. Ассамблея сессиясының жұмысына саналуан диаспора өкілдерінен және шетелдік қонақтардан 1500-дей адам қатысты. Олардың арасында бүкіл өңірлерден келген Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдар басшылары, ЖОО ректорлары, шет мемлекеттердің елшілері, ғылыми, шығармашыл зиялы қауым өкілдері болды. Сондай-ақ Ресей, Түркия, Қырғызстан, Германиядан қонақтар келген екен. Сессия отырысын ашқан Тұңғыш Президент, ҚХА төрағасы Н.Назарбаев елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау ісіндегі Ассамблеяның маңызды рөлін атап өтті. –Жаһандық әлем қуатты трансформацияны бастан өткеруде. Біз бәріміз қазірдің өзінде мүлде жаңа тарихи дәуірде өмір сүріп жатқанымызды түсінеміз. Экономика, қоғам өмірі және технологиялар түбегейлі өзгерді. Бұл жаңалықтарды қабылдап, көп нәрсені үйренеміз, біраз нәрсені істей аламыз. Бірақ бұл құбылмалы әлемде бір ғана мәңгілік әрі кешенді құндылық бар. Ол – қоғамның бірлігі мен ұлтаралық келісім, – деді Н.Назарбаев. Ол тәуелсіздік жылдары Қазақстан халқының елімізде этносаралық қарым-қатынастардың өрбу келешегіне қатысты деструктивті болжамдардың бәрін жоққа шығарғанына назар аударды. –Біз экономикасы қарқынды дамып келе жатқан мықты мемлекет құрдық. Тарих тұзақтары мен сынақтарының бәрін бірге еңсердік. Прагматикалық және сарабдал сыртқы саясатымыз арқасында халықаралық беделімізді биіктеттік. Еліміздегі этносаралық қатынастардың моделі теңгерімді, тиімді әрі уақыт сынына шыдады. Ол баршаға үлгі-өнеге ретінде қызмет етеді, – деді Тұңғыш Президент. Елбасы қазақстандық қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған барлық тетіктердің үйлесімді және пәрменді жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды. Н.Назарбаев мемлекеттік органдар жанындағы қоғамдық кеңестердің және медиация институтының жұмысын жандандыру қажеттігін нықтады. –Біріншіден, медиация институтын әлеуметтік бірлікті нығайту үшін толыққанды пайдалану керек. Ассамблея қолдауымен 800-ден астам қоғамдық медиатор жұмыс істейді. Олардың белсенді атсалысуы арқасында тек өткен жылы 20 мыңға жуық ымыра келісімдері бекітілген. Сот жүйесінде, білім беруде, денсаулық сақтауда елеулі тәжірибе жинақталды. Енді медиация институтын туындайтын даулы мәселелердің алдын алуға және уақытылы шешуге бағдарлау қажет. Қақтығыс салдарларын жойғаннан гөрі, ымыра іздеу арқылы кез келген түсініспеушіліктің жолын кескен жақсы, – деді Тұңғыш Президент. Екіншіден, ол билік органдары жанынан құрылған барлық қоғамдық кеңестердің қызметі орталықта да, жергілікті жерлерде де нақты регламенттелуі тиістігін қадап айтты. –Олардың сапалық құрамын күшейткен, сондай-ақ қызмет аясын және жауапкершілік ауқымын айқындаған жөн. Толыққанды жұмыс істеуі үшін жағдайлар жасалуы керек. Меморгандар қоғамдық кеңестердің бағаларына, ұсынымдарына және пікірлеріне құлақ асып, оларды өз қызметінде ескерулері тиіс. Қазақстан халқы ассамблеясына Nur Otan партиясымен бірлесіп, осы жұмысқа белсене араласуды жүктеймін! – деді Н.Назарбаев. Мұның сыртында Елбасы Ассамблея кәсіпкерлерінің қауымдастығы желісі бойынша шетелдік инвесторлармен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, Қазақстан халқы ассамблеясының Мәжілістегі депутаттық корпусының әлеуетін белсенді пайдалануға шақырды. –Келесі жылы ҚХА-ның құрылғанына 25 жыл толады. 2020 жылы біз Ата заңымыздың қабылдануының 25 жылдығын да атап өтетін боламыз. Бұлар – біз үшін маңызды әрі атаулы даталар. Осы жаңа белеске қандай жетістіктермен келгенімізді өзіміз түсініп, өзгелерге паш етуге тиіспіз. Тәуелсіздіктің 27 жылдан астам уақыты ішінде елдің нағыз бірлігі отаншылдықпен, ел мен жерге, төл мәдениетке деген сүйіспеншілікпен, ортақ құндылықтармен, мақсаттармен және міндеттермен беки түсетініне бек көз жеткіздім. Қазақстан – экономикалық және саяси табысты, бейбіт, тұрақты мемлекет. Бірақ өмір бір орнында тұрмайды, ағысы алға жетелейді. Халқымыз бірлігі мен келісімін сақтай отырып, замананың сын-тегеуріндерін абыроймен еңсереріне, жаңа биіктерді бағындырарына сенімдімін! – деді Елбасы. Сессия барысында Нұрсұлтан Назарбаев барша мұсылман қауымын алда басталатын қасиетті Рамазан айымен, ал христиан өкілдерін өткен Пасха мерекесімен құттықтады. – Халқымызға, соның ішінде ҚХА барлық мүшесіне қолдау көрсетіп, түсіністік танытқаны үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Президент сайлауы 9 маусымға тағайындалды. Nur Otan партиясының кезектен тыс ХІХ съезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасы ұсынылды. Ол – тәжірибелі мемлекет қайраткері, елге басшылық етуге лайық Қазақстанның нағыз патриоты. Барша қазақстандықты, Ассамблея мүшелерін алдағы сайлауға белсенді атсалысып, кезекті рет бірлігімізді танытуға шақырамын, – деп түйді сөзін Тұңғыш Президент. ҚХА сессиясы барысында Елбасы алдында әрқайсысының тағдырлары ерекше әрі бірегей 13 адам сөз сөйледі. Олардың арасында оқушы, студент, докторант, академик, жазушы, журналист, көпбалалы ана және басқалары бар. Айта кету керек, XXVII сессия барысында ҚХА төрағасының жаңа орынбасарлары тағайындалды. Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының этномәдени бірлестіктерді ұсынатын екі орынбасары ротация тәртібімен жылына бір рет тағайындалады. Елбасы, Ассамблея Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХА Кеңесінің ұсынысына сәйкес, биыл бұл лауазымға «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығының мүшесі, кәсіби медиатор Юсуп Келигов пен астаналық «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шерзод Пулатовты бекітті. Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы: – Бүгінде таңғаларлық тарихи күндерді бастан кешіп отырмыз. Өйткені билік дәл қазір ауысады деп күтпеген едік. Алайда бәрі табан астында өзгерді. Бұл – Елбасының жеті өлшеп, бір кескен келелі шешімі. Осы орайда кешегі «өтпелі кезең» аталатын 90-шы жылдар еске түседі. Сол бір алмағайып тұста ел батасын алған Елбасы Алла деп тәуекелдің ақбоз атына мінді. Көш тізгінін қолға алды. Алайда алда тұрған өтпелі кезең көпірі оңай өткел емес еді. Ол көпірде Көшбасшы бір шалыс қадам жасаса, шашылып қалу қаупі болды Бірақ бізді Құдай сақтады. Көшбасшымыз жүрістен жаңылмады. Бұл өткелден Қазақстанды аман-есен алып шықты. Қазақстан халқы сол тұста бір атаның баласындай бірікті, жаңа Қазақстанның іргетасын қалады. Қабырғасын көтерді. Арқа төсінде жайнатып жаңа астана салды. Әлем ақордамызға ат басын бұрды. Қазақстан Орта Азия көшін бастады. Елбасы тіліміздің жұлдызы жансын деп Ұлы Дала жазуын латын қарпіне бұрды. Себебі, тіл жұлдызы жанғанда ғана ел жұлдызы жанары анық. Елбасы тапсырмасымен ұлт санасын жаңғыртқан киножобалар өмірге келді. Әдеби жауһарларымыз әлем тілдеріне аударылды. Сондай-ақ Н.Назарбаев биыл осы ұрпақты өмірге әкелген аналарымызды да жаппай қолдап, қалың көпшіліктің алғысын алды. Елбасы тапсырмасымен бар түркінің бесігі Түркістан түлей бастады. Енді бізді бір Жаратқан Әзірет Сұлтан басында, Тұңғыш Президентіміз көтерген ту астында түгел түрік бас қосар күнге жеткізгей! Ұлы Тұран түгел түріктің тарихи арманы еді. Сол арман ақиқатқа айнала бастады.Күршат ЗОРЛУ, түркиялық ғалым, Ахи Эвран университетінің оқытушысы, тележүргізуші: – Қазіргі уақытта Түркияда 30 мың қазақ тұрады. Ал меніңше, 82 млн қазақ бар. Олардың жүрегі сіздермен бірге соғады. Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы қазақ халқы үшін ғана емес, түркі халықтары үшін де болашаққа жол көрсеткен айқын бағдарлама. Екі жыл бұрын Түркияда әлеуметтік желі қолданушылары арасында сауалнама жүргіздім. Қатысушылар бірауыздан Н.Назарбаевты «Түркі әлемінің ең көрнекті және танымал тұлғасы» деп таныды. Түркі халқы Ресей мен Түркия арасындағы қақтығыстың шешілуіне айрықша үлес қосқаны үшін Елбасына шексіз алғысын білдіреді. Сирияға қатысты келіссөздер Тұңғыш Президенттің бітімгерлік қасиетін айқын танытты. Нұрсұлтан Назарбаевтың Президенттік өкілеттілігін өз еркімен тоқтату туралы шешімін Түркияда миллиондаған халық қадағалады. Осы хабарды Түркия естігенде, жұртшылық қатты өкінішін білдірді. Ал ең қызығы сол, әлеуметтік желіде қызу пікірталас болып, жастарымыздың көпшілігі Қазақстанға келіп, Елбасыдан бұл шешімнен бас тартуын өтінгісі келді. Н.Назарбаевтың салиқалы шешімі әлемдік көшбасшылық тарихында алтын әріптермен жазылады. Себебі, мұндай шешімді тек елін ойлаған нағыз лидер ғана іс жүзіне асыра алады. Елбасы бір сөзінде «Ақ теңізден Алтайға дейінгі ұлан-байтақ жердегі түркі дүниесі ынтымақ, бірлікте болуы керек» деген еді. Бұл түсіне білгендерге, келешек ұрпаққа деген Нұрсұлтан Әбішұлының өсиеті. Оның түркі әлемінің ынтымақтастығына қосқан еңбегі ерен. Н.Назарбаев Қазақстанның ғана емес, түгел түркі жұртының Көшбасшысы, бірегей тұлғасы. Ол – Қазақстанның ғана Елбасысы емес, түркі дүниесінің Түркібасы!Алла Чечеткина, магистрант, қазақ тілін үйренгені және насихаттағаны үшін 70-тен аса диплом иегері: – Мен Қостанай облысының киелі Амангелді ауданындағы Тасты аулының тумасымын. Ұлтым – молдаван. Өзім қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетінен сусындап өскен баламын. Негізі, қазақ тілін білу үшін мен сияқты көрші Күміс әженің мыжымасын жеп өсу керек. Ал сіздер мыжыманың қандай ас екенін білесіздер ме? Қолдың сары майы қосылып, мыжылған ыстық таба нанның дәмі әлі күнге таңдайымнан кетпейді. Дегенмен ата-анама да алғыс айтқым келеді. Сол кісілердің ақылымен қазақ мектебінде оқыдым. Сақыпжамал деген алғашқы ұстазымның арқасында қазақ тілінің қасиетін сезіндім. Елбасының «Қазақ пен қазақ – қазақша сөйлессің!» деген сөзі мен үшін өмірлік мақсат. Сондықтан қазақтың нанын жеп, суын ішіп өскендіктен, мен де, ең алдымен, қазақ тіліне құрмет көрсетілуін талап етемін. Мемлекеттік тілде сөйлемесек, білуге тырыспасақ, тәуелсіздікке қосқан үлесіміз немен өлшенеді? Барлық бауырымды қазақ тілін білуге, сүюге, өміріне рухани азық етуге шақырамын! Айхан ШӘРІП