Ауылды абаттандырудың жаңа дәуірі
Ауылды абаттандырудың  жаңа дәуірі
«Ауыл – ел бесігі» жобасымен барлық ауыл тұрғынының 80%-ы қамтылады. Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында осы жаңа жобаны іске асыру­дың тәсілдері мақұлданды. Жиында келешегінен үміт күт­­тіретін перспективті ауыл­дар­ды анық­тау бойынша атқарылып жат­қан жұмыстар туралы Үкімет бас­шысының орынбасары Жеңіс Қа­сымбек баяндады. Оның ай­туын­ша, жоба ауылдықтардың тұр­мыс жағдайын жақсартуға, ауыл-аумақтардың әлеуметтік ор­тасын жаңғыртуға, оларды өңірлік стандарттарға дейін көтеруге бағытталған. 2019 жылы облыстардың әкім­діктері аудан орталықтары қата­рынан 52 ауылдық елдімекенді ірік­теп алды. Оларда 454 іс-шара өт­кізу жоспарланған. Таңдап алын­ған ауылдардың перспек­ти­валары, жобаларды іске асыру критерийлері мен жоспарлары туралы Алматы облысының әкімі А.Баталов, Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов мәлім етті. Бұл өңірлер жобаларды жергілікті бюджеттен қоса қаржылан­ды­рудың жоғары көрсеткіштерін паш етуде. Жобаны ары қарай іске асыру мәселелері бойынша Nur Otan пар­­тиясының хатшысы Ф.Қуан­ғанов, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Б.Са­пар­баев ұсы­ныстарын жеткізді. Баяндамаларды тыңдағаннан кейін Үкімет басшысы А.Мамин 2025 жылға дейін «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 6,1 миллион тұрғыны бар шамамен 2 мың елдімекен немесе барлық ауыл тұрғынының 80%-ы қамтыла­тынын атап өтті. Ауылдарды жаңғырту мақсатында әлеуметтік және инженерлік инфрақұры­лым­мен қамтамасыз етуді көздей­тін «өңірлік стан­дарттар» да әзірленіпті. – Басқарылатын кіші урбани­зация – ауылдарды жаңғыртуға және тұрғындардың тұрмыс са­пасын арттыруға мүмкіндік жа­сай­ды, – деген Асқар Мамин жо­баны іске асырудың мақұл­дан­ған тәсіл­дерін тиімді орындауды, жобаны уақытылы қаржыландыру үшін тиісті нормативтік актілерді пы­сық­тауды тапсырды. Әкімдіктерге «Ауыл – ел бесігі» жобасын жергілікті бюд­жеттен қоса қаржыландыруды 20%-ға дейін арттыру мүмкіндігін қарау жүктелді. Бұдан бөлек, олар биз­нестің әлеуметтік жауап­кер­шілігі аясында ауыл инфрақұры­лымын жаңғыртуға қаражат тарту мәселе­сін ірі кәсіпорындармен бірге пы­сықтауы, сондай-ақ туған ауыл­да­рын көркейту бойынша меценат­тармен жұмыс жүргізуі қажет. Әрбір өңірге «Жол картасын» жасауға тапсырма берілді: онда іске асыру мерзімдері мен жауап­ты тұлғалар нақты көрсетілуі керек. – Әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін – мектептер, бала­бақ­­шалар, денсаулық сақтау орында­рын жөндеу, елдімекендер ішіндегі жолдарды жөндеу жұ­мыс­тарын осы жылдың қыр­күйе­гіне дейін аяқтау қажет, – деді Премьер-министр. Үкімет жетекшісінің орын­басары Ж.Қасымбектің ай­туын­ша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Жолдауына және биылғы 27 ақ­пандағы Nur Otan партия­сының XVIII съезінде берген тапсырма­сына сәйкес, «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру бас­талып та кетіпті. – Жобаның негізгі мақса­ты – ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту, оларды өңірлік стан­дартқа дейін жеткізу. Жоба аясын­да әлеуметтік және инженерлік инфрақұры­лымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игі­ліктер мен мемле­кеттік қызмет­терге қол жеткізуін қамтамасыз ету және тұтастай ал­ған­да, жайлы тіршілік ортасын тү­зу бойынша бірқатар міндет­тер­дің шешімі табылатын болады, – деді ол. Жеңіс Қасымбек алдағы жыл­да­ры ауылдық елдімекендерді басымдылау (приоритезациялау) үшін есептеу көрсеткіштерінің әдістемесі мен моделін жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Биыл 52 ауылдық елдімекенде 454 іс-шара іске асырылмақ, со­ның ішінде 247 іс-шара – көлік инфрақұрылымын жетілдіруге, 135 іс-шара – әлеуметтік инфра­құ­ры­лымды дамытуға және 72 іс-шара тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығын өркендетуге бағыт­тал­ған. Басты назар ірі елдімекендер­ге, яғни жинақталған өзекті инфрақұ­рылымдық проб­лема­ларды жыл­дам шешуді қажет ете­тін, халық саны көп аудан орта­лық­тарына ауда­рылады. Қаржы­ландырудың кө­лемі бір аудан орталығына орта есеп­пен шамамен 670 млн теңгені құ­райды. Қазіргі уақытта жоба­ларды іске асыруға жергілікті бюд­жеттен 4,7 млрд теңге немесе 15,8% арна тартыпты. Жобаны тиімді іске асыру үшін вице-премьер Ж.Касым­бектің төрағалығымен жұмыс істейтін жобалық кеңсе құрылды. Осы сияқ­ты өңірлік офистер облыс­тарда әкімдердің төраға­лығымен құрылатын болады. Өңір­­лік жоба­лық офистердің есе­­бі әрбір екі апта сайын тың­далады. Жоба­ны тікелей үйлес­ті­руді және әкім­шілендіруді Ұлт­тық эконо­мика министрлігі жү­зе­ге асырады. Ел­басы тапсырған жобаның жү­зеге асырылуын Пар­ламент та қадаға­ламақ.