Орталық сайлау комиссиясы өткен демалыс күні жұмысқа шығып, ОСК жанынан құрылған лингвистикалық комиссия отырысын өткізді. Аталған комиссия Қазақстан Президенттігіне үміткерлерден мемлекеттік тіл бойынша емтихан қабылдады. Әзірге емтиханнан сүрінген ешкім жоқ. «Үміткер Дания Еспаева бірінші тапсырмада «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбын таңдап алды. Бұл – жазбаша жұмыс. Екінші кезеңде Мұқағали Мақатаевтың «Аманат» кітабын таңдады. Үшінші тапсырма бойынша берілген тақырыпқа 15 минут сөз сөйлеуі керек. Мұнда үміткерге «Қоғам және демократия» тақырыбы берілді. Үміткер емтиханға берілген өз уақытын толық пайдаланды. Жазбаша жұмысында Дания Еспаева тақырыпты жақсы меңгерген, сауатты, терең талдау жасаған. Екінші тапсырма бойынша, қазақ тілінің нормасына сай сөздерді анық айтып, ойын жеткізе білді. Үшінші тапсырма бойынша өзін саяси жағынан танытып, қоғамның хал-ахуалын жақсы білетінін көрсетті. Сұрақтарымызға жауап берді. Комиссия мүшелері дауыс бере келе, «Дания Еспаева мемлекеттік тілді еркін меңгерген» деген қорытындыға келдік», – деді Қазақстан Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын лингвистикалық комиссия мүшесі Сейіт Қасқабасов. Сенбі күні емтиханға екі үміткер келді. Қазақстан Коммунистік Халық партиясы ұсынған Жамбыл Ахметбеков «Рухани жаңғыру» тақырыбында жазбаша жұмыс тапсырды. Екінші тапсырма бойынша жазушы Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романынан үзінді оқып берді. Үшінші тапсырма талабына сәйкес, «Ел бірлігі – елдіктің арқауы» тақырыбында ойын 15 минутта ауызша айтып шықты. Лингвистикалық комиссия мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есімнің айтуынша, емтихан қорытындысы бойынша комиссия үміткер Жамбыл Аужанұлының мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі туралы ашық дауыспен шешім қабылдады. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының үміткері Төлеутай Рақымбеков те қазақ тілінен емтиханды сәтті тапсырды. Отырыс қорытындысын лингвистикалық комиссия мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек баяндады. «Біздің күшіміз – бірлікте» тақырыбында жазбаша тапсырма орындаған үміткер жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын оқып берген. Үшінші кезеңде «Елорда – тәуелсіздік тұғыры» тақырыбында өз ойын 15 минутта ауызша айтып берді. «Үміткер тапсырмаларды орындау үшін берілген уақытты толыққанды пайдаланды. Комиссия мүшесінің айтуынша, барлық үш жұмысы да сапалы орындалған. Лингвистикалық емтихан қорытындысы бойынша үміткер мемлекеттік тілде тиісті біліктілік деңгейін көрсетті. Лингвистикалық комиссия үміткер Төлеутай Сатайұлы мемлекеттік тілді еркін меңгергені туралы ашық дауыспен шешім қабылдады», – деді Ерден Қажыбек. Лингвистикалық комиссия Президенттіктен үміткер Әміржан Қосанов та мемлекеттік тілді еркін меңгерген деген қорытынды шығарды. Қазақ тілінен емтихан тапсыру үшін кеше Нұр-Сұлтанға келген үміткер «ТМД тарихы мен бүгіні» деген тақырыпта жазба жұмысын тапсырды. Екінші тапсырмада ақын Қадыр Мырза Әлінің шығармаларынан мәтін оқыды. Үшінші кезенде «Өнер-білім бар жұрттар» деген тақырыпта сөз сөйледі. Комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбековтің айтуынша, президенттікке кандидат емтиханның барлық үш кезеңінен сүрінбей өтті. «Жазба жұмысын биік деңгейде жазып, тақырыпты терең қамтыды. Қадыр Мырза Әлі бауырымыздың өлеңін еркін, әдемі оқыды. Үшінші «Өнер-білім бар жұрттар» деген тақырыпта да өте әдемі әңгіме өрбітті. Біз қанағаттандық. Сонымен, лингвистикалық комиссиясының қорытындысы – Қосанов Әміржан Сағидрахманұлы мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Басқа пікір жоқ», – деді ол. ОСК жексенбі күні жұмысқа шығатын жөні бар. Себебі, бұл күні кандидаттарды ұсыну аяқталды. Осыған орай ОСК отырысы өтті. Қазақстан Президенттігіне кандидаттар ұсыну кезеңінің қорытындысы бойынша, заңнамада белгіленген құжаттарды Орталық сайлау комиссиясына 9 республикалық қоғамдық бірлестік, оның ішінде төрт саяси партия ұсынды. Олар – «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық бірлестігі Түгел Сәді-Бекті, Nur Otan партиясы Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлын, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы Таспихов Амангелді Сатыбалдыұлын, «Ақ жол» демократиялық партиясы Еспаева Дания Мәдиқызын, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Рақымбеков Төлеутай Сатайұлын, Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Ахметбеков Жамбыл Аужанұлын, «Ұлт тағдыры» біріккен ұлттық-патриоттық қозғалысы Қосанов Әміржан Сағидрахманұлын, «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі Әлиев Жұматайды ұсынды. Айдана БЕГІМ