Мен не деймін, домбырам ше?
Мен не деймін, домбырам ше?
261
оқылды
Көздеген мақсатқа жету үшін темірқазық болар жоспар құрылады. Сол сияқты министрліктер де өз жұмысын Президент Жолдауына, өздерінің стратегиялық жоспары мен мемлекеттік және салалық бағдарламаларына негіз­деп жүргізеді. Себебі, ол құжаттар Елбасы жиі айта­тын өмір сапасын жақсар­туды көздейді. Мембағ­дар­­ламалар жүзеге асса Жерұйықта өмір сүретін­дей-ақ мүмкінді­гіміз бар. Алайда, іс жүзінде олай емес. Оның себебі көп. Біз біреуіне ғана тоқтала­мыз – бағдарламаны жү­зеге асырушы құрылым­дар арасында диалог жоқ. Министр не деді, әкім не деді? Иә, министрліктер мен об­лыс әкімдіктерінің өзара бай­ланыста жұмыс істемейтіні, көп жағдайда, Үкімет отырыстарында айқын көрінеді. Министрлер кабинетінің жиынын онлайн режимде қарай отырып, әкім-қаралар өз міндет­терін біле ме өзі деген ойға қа­латынымыз жасы­рын емес. Мы­сал айтсақ, 9 сә­уірде өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов соңғы 4 жылда Батыс Қазақстан мен Павлодар облыстарында шағын және орта бизнестің экономи­кадағы үле­сінің төмендегенін мәлімдеді. Оның дерегін дәйек еткен Премьер-министр Асқар Мамин: «БҚО-да бағдарламаны іске асыру кезеңінде шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 5,8 пайызға төмендеген, субсидия бөлінген жобалар саны – 397. Бұл респуб­лика бойынша орташа көрсет­кіштен 14 пайызға төмен болып отыр», – деп БҚО әкімінен жа­уап күтті. Қызық осы тұста бас­талды. А.Көлгінов Премьер-министр айтқан цифрды жоққа шығарды. «Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, министрліктің берген цифры то­лық емес. 397 емес, бізде 440 жоба. Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі бойын­ша соңғы үш жыл­дың қоры­тындысы бойынша, 2015 жылы үлес – 39, 9 пайыз, 2016 жылы – 41,9 пайыз, 2017 жы­лы 40,1 па­йызды құрап, тұрақты өсім көр­сет­ті», – деді БҚО басшысы. Ұлттық экономика министр­лігі мен БҚО әкімдігінің ара­сын­дағы осындай цифр сәйкес­сіз­дігіне куә болғанымыз бар. Тоқтатылды ма, жоқ па? Министр мен әкімдер дерек­терінің антитезасы жеңіл рельсті көлік құрылысына (LRT) қатыс­ты да тіркелді. Нұр-Сұлтан қала­сының әкімі Бақыт Сұлтанов 16 сәуірдегі Үкімет отырысында LRT құрылысы тоқтатылғанын айтқан болатын. Бұл жаңалықты іліп әкеткен ақпарат құралдары әлеуметтік желі қолдану­шы­ла­рына «дәмді» тақырып тауып бер­гендей еді. Алайда ертесіне – 17 сәуір күні Мәжіліске келген Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов құрылыс тоқ­татылған жоқ деп мәлімдеді. «ЛРТ құрылысы тоқтатылған жоқ. Астана ЛРТ – өте маңызды инфрақұрылымдық жоба. Енді Қаржы министрлігі мен әкімдік осы жобаны қаржыландыру­ды тездету мәселесін зерттеп жа­тыр», – деді Р.Дәленов. Құлақтан гөрі, көзге сенеміз. Олай болса, министр Дәленовтің құрылыс тоқтатылған жоқ деге­німен келісу қиын. Өйткені, Есіл­дің сол жағалауындағы құ­рылыс нысанында қыбыр еткен жан жоқ. Құрылысшылар базасы орналас­қан жерден қытай күзет­шісінен басқа ешкімді таппай­сыз. Өйт­кені, құрылыс тоқтап тұр. Екі-үш ай, бәлкім жарты жылдан соң құрылыс жанда­натын да шығар, бірақ оған дейін LRT құрылы­сы­ның тоқтатыл­ғаны – факт. Айтқандай, осы жобаның аяқталу мерзіміне қатысты ақпа­рат та әртүрлі. Кей деректе жоба жыл соңында аяқталады десе, Р.Дәленов өткен жылдың маусы­мында Ұлттық экономика вице-министрі болып тұрғанда берген бір сұхбатында LRT жобасы 2021 жылы аяқталады деген бо­латын. Осы жобаға қатысы бар­лар, ең болмаса, бір бас қосып, ел-жұрт­қа не деп жауап қайтару ке­ре­гін келісіп алса дейсің, мұндайда. Бизнесті қолдайтын «бір терезе» қажет Министрлер пен әкімдер ара­сында өзара байланыстың на­шарлығына бір мысалды «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының төрағасы Абылай Мыр­захметовтің баяндамасынан байқағанымыз бар. «Бизнеске беріліп жатқан көмектің 60 пайызы субсидияны құрайды. Ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлік субъек­тілеріне жылына 227 млрд теңге көмек (субсидия) көрсе­тіледі. Соңғы 5 жылды алсақ, бұл сома 1 триллион теңгеден асты. Осы аралықта ауыл шаруа­шы­лығы өнімі 2,3 есе өсіпті. Алайда, бұл қаржының тиімділігіне са­раптама жасалмаған», – дейді ол. Ал жылына 40 млрд теңге субсидия беру қарастырылған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының тиімділігін қарасақ, соңғы 5 жылда берілген субсидия 156,2 млрд теңгені құ­раған. Шағын бизнестің жыл­дық табысы екі есе өсіп, 23,2 трлн теңгеге жеткен. Құйылған әрбір субсидиядан 6 теңге салық түсіп отыр. А.Мырзахметовтің пікірін­ше, бұл – өте жоғары көрсеткіш. Сондықтан бизнес үшін соңғы бағдарламаның тиімділігі жоға­ры. Ендеше, алғашқы субсидия­ны берудің қажеті бар ма? Бұл мәселені де билік бизнес өкілде­рімен ақылдасып алмаса, субси­дия құмға сіңген судай болмай ма? Айтқандай, субсидия атаулы жергілікті әкімдіктер арқылы берілетіндіктен, оны қай салаға бағыттауды әкімдік өзі шешеді екен. А.Мырзахметовтің айтуын­ша, 2017-2018 жылдары кейбір әкімдіктерде жоспарлау жұмысы төмен болғандықтан, жаңа жо­ба­ларға қаражат жетпей қалған. «Мәселен, Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында жаңа жобаларға субсидия берілмейді. Өйткені бұл өңірлерде субсидия жоспарлау жұмысы нақты қо­йыл­маған. Кейбір өңір басшы­лары сол өңірдің басымдықтарын жақ­сы білмейді. Қай бизнесті дамы­туды, қай салаға субсидия құю керегін білмегендіктен, көп кә­сіп­кер жақсы жобаларын бағ­дарламаға қоса алмай отыр», – дейді. «Атамекен» ҰКП жетекші­сінің дерегіне сүйенсек, шағын және орта бизнеске 7 мемлекеттік орган, яғни 6 министрлік пен Ұлттық банк 525 қызмет түрін көрсетеді. Сонымен қатар кәсіп­керлерді қолдаудың 100-ге жуық түрі бар. Осынша қолдау бола тұра, бизнестің тасы өрге дома­лап кеткен жоқ. Сондықтан А.Мыр­зах­метов бизнесті қол­даудың сан түрлі тетігін бірік­тіріп, «бір те­резе» арқылы беруді, сол арқылы мониторинг жасауды ұсынып отыр. Бәлкім, сонда субсидия алу арманға айналған кәсіпкерлердің жолы ашылатын шығар... Кімге сенеміз? Жуырда Мәжіліс депутаты Бей­біт Мамраев Е-halyk ақпа­раттық жүйесін сынға алды. Оның айтуынша, Е-halyk – жер кадас­тры, жылжымайтын мү­лікті тіркеу жүйесімен байла­ныспаған. Жүйе әкелікті растау, алимент туралы мәлімет пен 2007 жылдың 13 та­мызына дейін туған балалардың туу туралы куәліктерін көрсет­пейді. Ол аздай алты баласы бар отбасы базада төрт адамнан тұра­тын отбасы ретінде көрсе­тілген. Әлеуметтік жәрдемақы базада жалақы ретінде көрінген. Атаулы көмек алуға (АӘК) қажетті мә­ліметтер мұнда жоқ болып шық­қан. «Атқамінерлер ақпа­рат­тық жүйені уақытында рет­темей, аналарды әуре-сарсаңға салып қойды», – деген еді де­путат. Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрлігі көп ұзамай Мамраев мәлім­де­месін шындыққа сәйкес келмей­ді деп, түсініктеме берді. «Е-halyk жүйесі басқа мем­лекеттік органдардың дерек­қорларымен интеграциялан­бағаны туралы ақпарат шын­дық­қа сәйкес келмейді. Мекен­жай­лар, үйлер мен пәтерлердің нө­мірі туралы мәліметтердің жоқ­тығы интеграцияның болма­уында емес, жергілікті атқарушы органдар (сәулет және қала құрылысы бас­қармалары) құра­тын мекенжайлар тіркеліміндегі мәліметтердің жоқ­тығынан дейді. Сонымен бірге, отбасы құ­рамы туралы мәліметтер «Аза­маттық хал актілерін тіркеу» ақпараттық жүйесінің автоматты режимінде ұсынылады. Мысалы, 2007 жылдың 13 тамызына дейін туған балалар туралы мәлімет ол жүйеде жоқ. Меморгандардың ақпараттық жүйелері толық ақ­па­ратты қамтымайтынын на­зар­ға алып, жұмыспен қамту орта­лығының қызметкерлеріне тиісті мемлекеттік органға жазбаша сұрау салу құқы берілгенін» айтып жауап беріпті. «Депутаттық сауалда Е-halyk жұмысында интеграциялаудың және іркілістің болмауына қа­тысты айтылған мысалдар мен дәлелдер дұрыс емес және дәр­менсіз. Бүгінгі күні жүйе толы­ғымен жұмыс істейді, ол арқылы жұмыс тәртібінде өтініштерді қабылдау жүзеге асырылып жатыр», – делінген жауапта. Е-halyk жүйесіне құжатты қабылдап алушылар ғана кіре алады. Сондықтан аталған жүйе­нің қаншалықты жұмыс істейтінін анықтау біз үшін мүмкін болмай тұр. Десе де, АЕК үшін құжат тап­сыруға барған аналарды жалған сөйледі деуге ауыз бармайды. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылда­майтыны секілді, базада барлық ақпарат шығып тұрса, жұрттың шу көте­ріп несі бар? Оның үстіне, ми­нистрлік өз жауабында ақ­парат­тық жүйелердің толық инте­гра­цияланбағанын мойындаған. Ендеше, депутат сауалындағы деректерді негізсіз дегенін ұға алмадық. Кімге сенерімізді де білмедік. Билік пен халық арасында диалог жоқ дейтін жаттанды сөз бар. Біздіңше, сол диалог ең әуелі биліктің өз тармақтары арасында орнауы тиіс. Әйтпесе, «мен не деймін, домбырам не дейдінің» кері жалғаса береді. Халима БҰҚАРҚЫЗЫ