Цифрландыру мен онлайн қызмет көрсетуді барлық салада дамытуға Қазақстанда айрықша көңіл бөліп келеді. Коронавирус пандемиясы басталғалы онлайн қызметке сұраныс күрт артты. Карантинде қызметкерлер онлайн жұмыс істеуге мәжбүр болды. Оқушы мен студенттерге де онлайн білім алуға тура келеді. Пандемия кесірінен онлайнға қызметке сұраныстың күрт арқаны соншалық дамыған мемлекеттердің өзі қашықтан оқу, онлайн қызмет көрсетуде тығырыққа тірелді. Атап айтқанда, АҚШ-тың Нью-Йорк, Пенсильвания, Мичиган, Флорида штаттарында, сондай-ақ Италия, Сингапур, Канадада сапалы онлайн қызмет көрсетуге қол жеткізе алмай отыр. Тіпті, мемлекет тарапынан әлеуметтік төлем алатын халықтың өтінішін қабылдап үлгере алмай, мемлекеттік қызмет көрсететін сайттары істен шығып жатыр. Жоғарыда аталған алпауыт елдердің ішінде Канада халыққа әлеуметтік көмек көрсету үшін жеке арнайы сайт ашуға енді кіріскен.
Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақы e-gov-тың жұмысын баяулатты
Әлемде пандемияның қарқыны күшейген кезде Қазақстан да сақтық үшін төтенше жағдай жариялады. Ірі қалаларда карантин режимі енгізілді. Бұдан былай халыққа қызмет тек қана онлайн көрсетілетін болды. Тіпті онлайн төлем жүйесін шұғыл жетілдіруге тура келіп отыр. Қазақстанда мемлекет тағайындаған тиесілі әлеуметтік төлем туралы айтылған соң, жұрт Egov.kz порталына кіріп, тіркелудің машақатын айтып, шағым айтуды үдетті. Әлеуметтік желіде «оңтайлы» сәтті пайдаланып қалғысы келгендер де пайда табуға ұмтылып, жарнама жасай жөнелді. Мысалы, WhatsАpp-тағы топтарда «42 500 теңге әлеуметтік көмекті алып береміз, ол үшін жеке мәліметтеріңізді жолдаңыз» деген хабарландыру қаптады. Әр азаматтың жеке деректерін (ЖСН, ЭЦҚ, банк карталарының нөмірін) танымайтын тұлғаға беру де – қауіпті. Осыған байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» халықты алаяқтардан сақ болуға шақырып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңгелік төлемді алуға тіркелетін арнайы сайт ашты. Одан бөлек, компьютер немесе ноутбугыңыз болмаса қалта телефоныңызға Telegram bot қосымшасын жүктеп алып, сол арқылы тіркеле алады. Тelegram-нан EgovKzBot2.0 өтсеңіз, ары қарай нұсқаулық бойынша жұмыс істейді. Сол себепті, Telegram-дағы ресми bot – EgovKzBot2.0-ке ғана кірген жөн. Осыдан кейін Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен Президент жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның селекторлық отырысында сапалы онлайн қызмет көрсету мәселесі жан-жақты талқыланды. Мемлекеттік комиссия коронавирус инфекциясының таралуын шектеу мақсатында екі мегаполистің тіршілік әрекетін қамтамасыз етумен және тұрғындардың денсаулығымен байланысты ұйымдарды қоспағанда, барлық кәсіпорындар мен ұйымдар үшін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында күшіне енген жұмыссыз режимді 13 сәуірге дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Басты себеп, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары Үкімет басшысының шешімімен күшейтілген карантин режиміне өтті. Сондықтан бас шаһарларда білім беру мекемелері оқушылар мен студенттерді қашықтан оқытып, Халыққа қызмет көрсету орталықтары онлайн жұмыс істейді. Осы мәселеге қатысты Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев бұл салада онлайн қызмет алатын адамдардың көптігінен проблемалар туындап жатқан себебін түсіндірді.Бірінші – еңбекақы төлеу қорынан аударымдар мен салық төлемдерінен босату түрінде салаға қаржылық қолдау көрсету. Мұндай қадам IТ-компанияларға осынау қиын кезеңде жоғары санатты мамандардың санын қысқартпай, жұмыс істеуіне жағдай жасаса, елдегі цифрландыруды ілгерлетуге мүмкіндік береді. Екіншіден, дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру барысына жергілікті шағын және орта бизнес, оның ішінде ІТ салада негізгі рөл атқарып отырғандардың жауапкершілігін күшейту өте маңызды.«Мәселен, Мемлекет басшысы Үкіметке қазақстандық ІТ-компанияларды әлеуметтік қолдауға бөлінген қаражаттың мақсатқа сай жұмсалуын мониторингілеудің тиімді тетіктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін платформа әзірлеуді тапсырды. ІТ мамандарды осы жұмысты белсенді түрде іске асыруға шақырамын», – деді Асқар Жұмағалиев.
Шетелде де онлайн қызмет көрсету сапасы нашарлады
Дүниенің төрт бұрышына түгел жайылған пандемия денсаулық сақтау саласымен қатар экономиканы да тығырыққа тіреді. Мысалы, АҚШ-тағы жергіліктің БАҚ-тың жазуынша, Нью-Йорк, Пенсильвания, Мичиган, Флорида штаттарында онлайн қызмет көрсету сапасы күрт нашарлаған. Мамандардың айтуынша, оған интернет арқылы онлайн қызмет алудың күрт көбейгені себеп болып отыр. Мәселен, Нью-Йоркте дүйсенбіде пандемияға байланысты аяқасты он мыңдаған адам жұмыссыз қалғандықтан, жұмыссыздық туралы веб-сайт санаулы сағатта жұмыс істемей қалды. Ал Канада әлеуметтік көмек көрсететін арнайы сайт ашуға 6 сәуірге дейін ашуға қамданып жатыр. Екі-үш күнде жаңа сайт іске қосылады. Ең күрделі мәселе онлайн оқу төңірегінде шоғырланып отыр. Оның ішінде, мектеп оқушылары мен студенттер үшін интернет байланысың жылдамдығы баяулап, кедергілер көбейген. Wi-Fi апаттары қолжетімсіз, тапшы дүниеге айналды. Сондай-ақ әлемде MyGov веб-сайты шектен тыс жүктемені көтере алмай, істен шықты. Халық шарасыздықтан жапа-тармағай Centrelink-тің қызметін пайдалануға көшті. Ал осы аптада Италияда жұмыссыздар мен әлеуметтік төлем алатындардың өтінішін қабылдайтын мемлекеттік портал бас-аяғы екі сағаттың ішінде істен шығып, мыңдаған адамды әуре-сарсаңға салды. Басты себеп, сервер бұрын-соңды мұндай көп өтінішті қабылдап көрмеген. Экономикасы көш ілгері дамыған Сингапур да қазіргі кезде қиындықтарға тап болып отыр. Сингапурда 500 АҚШ доллары көлемінде мемлекеттік жәрдемақыны аламын деген мыңдаған адам кезекте тұр. Оған қоса, әлемде алпауыт компаниялар жұмысын тоқтатқандықтан, жұмыссыздар саны көбейді. Дамыған елдер үшін халықтың денсаулығы мен қатар күнкөрісі проблемаға айналды. Дамыған елдердің өзінде пандемияны тоқтатудың жалғыз жолы – карантин жариялау деп шешкенімен, үйде отырған халықты асырау, азық-түлікпен қамтамасыз етуде қиындықтарға кездесіп жатыр.Бір жағынан – бұл дағдарысты еңсеруге көмек берсе, екінші жағынан – құлдырап бара жатқан ішкі сұранысты, ұлттық экономиканы дамытуға түрткі болады. Бұл жағдайда Қазақстан тығырықтан шығу үшін жан-жақты шараларды қолға алды. Қарапайым заттар экономикасын дамытуға басты назар аударып отыр.Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Birgemiz қоры азаматтарға атаулы көмек көрсетуді қолға алды.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты негізінде әрбір өтініш жеке қаралады
Осындай күрделі кезеңде Үкімет дағдарыстан шығу үшін қарапайым халыққа барлық жағдайды жасайды.