Шетелдік және отандық медиа сарапшылар мен журналистер өзекті ойларын ортаға салған «Тұрақты даму мақсатында халықаралық журналистиканы оқыту моделдері» (МТIJ) атты IV Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция биыл төртінші мәрте өткізілді. Бұл медиа алаңда коммуникациялық саланың дамуындағы жаңа тенденцияларды, диджитал-технологиялар мен білім берудегі әлемдік трендтерді талқылау дәстүрге айналды.
Конференцияда белгілі ғалымдар мен халықаралық институттардың өкілдері, медиа-тренерлер, журналистер және блогерлер «ақылды журналистика» редакциядағы жасанды интеллект, BigData, виртуалды шындық жаңалықтары, бейнеконтенттің рөлі, омниканалдық, Humantohuman форматындағы адамдардың қарым-қатынасы, скриптердің күрделенуі, әлеуметтік желілер мен мессенждерлердегі чат-боттар т.б. медиа технологиялардың көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқандығы туралы әсерлерімен бөлісті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің деканы С.Медеубек «Қазіргі жастар жаңа технологияларды мамандықтың рухани құрамдас бөлігі гуманистік базиспен үйлестіре білуі керек», – деп мұндай кездесулердің маңызын атап өтті. ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі Н.Шыңғысова коммуникативтік саладағы мамандарды оқытудың отандық бәсекеге қабілетті білім беру моделін қалыптастырудағы оқытушылар мен практик-мамандар диалогының маңызын атады. Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының коммуникация және ақпарат бөлімінің маманы Сергей Карпов конференция қатысушыларына сапалы репортаждар негізінде бейбітшілік пен дамуды қолдауға және Орталық Азиядағы білімге қолжетімділікке бағытталған «2018-2019 жылдардағы Орталық Азиядағы коммуникация және информация» атты ЮНЕСКО бағдарламасын таныстырды. Бағдарламаның басым бағыттары ретінде интернет және оффлайндағы пікір еркіндігіне, журналистердің қауіпсіздігіне жәрдемдесу, тәуелсіз БАҚ-тарды қолдау т.б. аталды. Проректор – Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институтының директоры Рафис Абазов тыңдаушылардың назарын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «жасыл» коммуникацияны ұйымдастырудағы, АКТ дамытудағы және тұрақты даму мақсатында білім берудегі рөліне аударды. «Біз ҚазҰУ кампусын бұдан да жасылдандыра аламыз, университетті де, Алматыны да жасыл қала жасауға болады және ол біздің міндетіміз. Бұл қадам Қазақстанды өңірлік орталық ретінде бұдан да жасыл, тұрақты және өмір сүруге қолайлы етеді», – дей келе, келесі мәселелерге баса көңіл аударуды ұсынды: білім беру концепциясын тұрақты даму мүддесі тұрғысынан талқылау; ең үздік білім беру модельдеріне бағытталу, креативтілік, түрлі мәдениеттер мен мамандықтар қоғамдастықтарымен жұмыс істей білу; ҚазҰУ ғалымдары әлемдік ғылым мен техниканың дамуына үлестерін қосуы тиіс, бұл бағытта шетелдік мемлекеттердің тәжірибелерін жете білу. Осының барлығы ҚазҰУ-ды бұдан да танымал, бәсекеге қабілетті етеді және әлемдік аренадағы университеттің мәртебесіне тікелей ықпал етеді. ОА Internews өкілдігінің кеңесшісі Гүлнар Асанбаева медиасауаттылықты дамытудағы жастармен үнемі жұмыс істеудің, сыни ойлаудың маңызына тоқталды. Ал «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының сарапшысы Ғалия Әженова азаматтық журналистиканың маңызына назар аударды. Конференцияда сөз алған Қазақстанның түрлі жоғары оқу орындарының оқытушылары да өзекті ойларын ірікпей ортаға салды. Аязби Бейсенқұлов (АТХУ профессоры) медиа ландшафтың жылдам өзгеріп жатқанын тілге тиек етсе, Мадияр Саудбаев (С. Демирель атындағы СДУ) пен Зәуреш Қойгелдиева ( М.Дулати атындағы ТМУ) журналистердің кәсіби құзіретін күшейту қажетін баса айтты. Бүгінгі аудитория кеңістік пен уақытқа бағынбайды, тұтынушы жаңалықты өзіне ыңғайлы жерден қай кезде болмасын ала береді. Сондықтан бәсекеге қабілетті болу үшін журналист жылдам, сауатты әрі қызықты ақпарат бере білуі тиіс. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Жетпісбай Бекболатұлы халықаралық журналистиканы оқытудың модельдеріне тоқталды. «Халықаралық журналистерді келесі бағыттарда оқыту қажет: біріншіден, тілдік дайындық, екіншіден, құқықтық, яғни, шетелдегі журналист қызметін құқықтық реттеудегі негіздерін үйрету, үшіншіден, журналистік дайындық, мақала жазу машығы, сыртқы саяси сараптама жасай білу т.б. қазақстандық педагогтарға өзінің жеке моделін жасау қажет», – деді Ж.Бекболатұлы. Конференцияның қатысушылары білім беру мен журналистиканың дамуындағы көкейкесті тақырыптарды дер кезінде талқылаудың маңызын атады. Кездесу эдьютон және жаңа білімнің инновациялық үдерістерін бағалау форматында өтті.
Назгүл Шыңғысова, Филология ғылымдарының докторы, ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі Елена Дудинова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті