Әдеттегідей, айдың аяғы мен басында зейнетақы мен жалақы және жәрдемақы алатындардың басым бөлігі ақшасын алу үшін «Халық банк» АҚ мен «Қазпочта» АҚ-ның бөлімшелеріне ағылатыны сөзсіз. Осы тұрғыда Түркістан облысында төтенше жағдайдың ережесіне сай адамдарды шоғырландырмау және індеттің таралуына қарсы тосқауыл қою мақсатында түрлі шараларды жүзеге асыруда.
Айта кету керек, бұл әсіресе банктен алатын қаржыны электронды жүйеде алуға мүмкіндігі жоқ және заманауи жүйені меңгермеген тіршілігі қарапайым ауыл тұрғындары немесе егде жастағы тұрғындарға тән. Сондықтан олардың банктердің бөлімшелері мен банкоматтарда ұзын-сонар кезек жасайтыны заңдылық.
Дегенмен, осындай олқылықты болдырмау мақсатында, Түркістан облысы Төлеби ауданында коронавирус індетінің таралуын болдырмау мақсатында тиісті шаралар қатаң бақылауға алынған. Кешегі күннен бастап сақтанудың тиімді түрі қолға алынды. Атап айтқанда, халық көп жиналатын «Халық банк» АҚ мен «Қазпочта» АҚ-ның бөлімшелері ғимаратының алдына кезекке тұратын азаматтар үшін арнайы орындар белгіленген. Ақ түсті бояумен көрсетілген орындардың арақашықтығы 2 метр. Бұл зейнетақы, жалақы, жәрдемақы алу үшін келетін тұрғындардың бір-бірінен алшақ тұрып, вирустың таралуына жол бермей қауіпсіздікті сақтау мақсатында қолға алынған шара.
Тельман БЕЙСЕНОВ, Түркістан облысы.